• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
16 Қараша, 2017

Бабалар рухынан тәлім алды

407 рет
көрсетілді

Түркістан медицина колледжінің студенттері оңтүстік өңірінің киелі жерлеріне саяхат жасауды дәстүрге айналдырыпты. 

Осылайша олар «Қазақстаның қасиетті рухани құн­дылықтары» немесе «Қазақ­станның киелі жерлерінің географиясы» жобасына өз үлесін қосып, саяхаттаушылар қатарын көбейте отырып, замандастарын Ұлы Дала тарихының мол мұраларымен таныстыруды мақсат етіп отыр. Бұл орайда колледж басшылығы саяхат бағытын кеңейтіп, студенттердің Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, тағы басқа жерлерді тамашалауына мүмкіндік жасамақ.

– Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынған болатын. Елбасы бұл ойын туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі ретінде қарастырады. Бұл ауқымды шара көпшіліктің көңілінен шығып, маңызы зор ұсынысқа барынша қолдау жасалынуда. Шындығында да ата-бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап, келешек ұрпаққа мирас етіп қалдырған аманатына ие болу – бүгінгі ұрпақтың парызы. Мемлекет басшысының игі бастамаларын қолдау арқылы біз келер ұрпақтың жүретін жолын, бағыт-бағдарын айқындаймыз, сол арқылы ата-бабалар мұрасын аманат етіп қалдыруға өз үлесімізді қосамыз деп санаймын, – дейді Түркістан медицина колледжінің директоры Ғалымжан Бимурзаев.  Сондай-ақ колледж ұстаздары қасиетті жерлер­дің топырағын басып, көне жәдігерлер тарихымен жақын танысып, бабалар рухынан тәлім алған жастардың Отанға деген махаббаты шексіз болады деп есептейді. Көне жәдігерлерді көзбен көру жастардың рухын көтеретініне сенімді. 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан»