Қазақстандық мұнай-газ саласындағы іргелі компаниялардың бірі – «Karachaganak SupportServices» ЖШС.
Еліміздің батысындағы Ақсай қаласында 1997 жылы құрылған кәсіпорын кадрларын тек қана жергілікті тұрғындардан таңдаған. «Біз мамандарымыздың білімін үнемі жетілдіріп, әлеуметтік ахуалдарына барынша қолдау білдіріп отырамыз. Жұмысымыздың ілгері жылжып, үлкен табыстарға жетіп, белестерді бағындыруымыздың да басты себебі – осы», дейді ЖШС директоры Бауыржан Жүсіпов.
Былтыр қаңтарда KSS компаниясы халықтық IPO өткізді, соның нәтижесінде компанияның 100 пайыз меншік иелері кәсіпорынның барлық жұмысшылары болды. Осылайша компания акцияларын иелену арқылы олар даму мен өсімнен табыс табады. Сондай-ақ негізгі акцияларын сатып ала отырып, елдегі табиғи байлықтар мен инфрақұрылымды пайдалануға өздерінің қатыстылығын сезінеді.
«Karachaganak Support Services» ЖШС ұсынатын қызметтердің негізгі түрлерін айта кетсек, бірінші – резервуарлар мен жабдықтарды автоматтандырылған тазалау. Екінші – мұнай қалдықтары мен мұнайлы суларды қайта жасап шығару; үшінші – қонақүй қызметтері; төртінші – қоғамдық тамақтандыру; бесінші – көлік қызметтері; алтыншы – материалдар жеткізілімі және мамандар ұсыну. Осылардың қай-қайсысында да мекеме сапа мен жауапкершілікке аса қатты мән берген.
«KSS компаниясы ISO 9001:2000 сапа жүйесін халықаралық сертификаттаудан, ISO 14001:2004 экологиялық менеджментін, OHSAS 18001:2007 қауіпсіздік және кәсіби денсаулық менеджменті жүйесін, ISO 22000:2005 тағам өнімінің және азық-түліктің қауіпсіздік саласындағы менеджмент жүйесін сертификаттаудан өтті», дейді компания басшысы. Сондай-ақ CHESM бағалау нәтижелері бойынша «Теңізшевройл» қазақстандық кәсіпорынға «А» жоғары балын берген.
Кәсіпорын соңғы жиырма жыл бойы сапасы мен кәсіби ісін үнемі арттыра отырып, табысты дамып келеді. Бірегей жетістіктері мен ілкімді істеріне тұтынушылары риза. Айталық «KSS» компаниясы өз қызметін әлемге танымал үш мұнай-газ кен орнында жүзеге асырады. Олар – «Теңізшевройл» мұнай кен орны, «NCOC» Қашаған мұнай кен орны және «KPO» Қарашығанақ мұнай-газ кен орны. «Биылғы 10 қаңтарда «Теңізшевройл» компаниясы мен «Karachaganak SupportServices» ЖШС арасында KSS мобильді зауытында резервуарлардан мұнай қалдықтарын шығарып алу арқылы резервуарларды автоматтандырылған тазалау және мұнай қалдықтарын кейінгі қайта өңдеп шығару бойынша қызметтер ұсыну келісімшартына қол қойылғанын айрықша атап өтуге болады. Бұл оқиға кәсіпорын дамуына серпін беріп, ісімізге сенімділігімізді арттыра түсті», дейді Бауыржан Жүсіпов. Ал ТШО компаниясы жыл соңына дейін үш резервуар тазалауды жоспарлап қойған. Резервуарларды тазалауға қатысты негізгі мәселе күкіртті сутектің көтеріңкі құрамында, жану шөгіндінің болуында, су мен қатқыл жауын-шашындардың қатысуында жатыр. KSS компаниясы резервуарлар тазалау жұмыстарын 1 сәуірде бастап, 18 маусымда аяқтап үлгерген. «Резервуарларды тазалаудың бірінші кезеңінде қатқыл жауын-шашындарды көтеру үшін резервуардың ішінде мұнай қалдықтарын бұрау арқылы Ұлыбританияда өндірілген «Tanksweep» жабық автоматтандырылған жүйесін қолдандық. Екінші кезеңінде «Manway Cannon» автоматтандырылған жүйесін пайдаланып, резервуарлардың қабырғаларынан жану шөгінділерін жою арқылы соңғы тазалау мен газ-ауа ортасынан күкіртті сутекті жою жүзеге асырылды», дейді кәсіпорын басшылығы. Бұдан әрі қарай мұнай қалдығы АҚШ-та өндірілген «OCSS-50» мобильді зауытында қайта жаңғыртуға жіберілген. Қайта жасап шығару нәтижесінде 87 пайыз мұнай тауары, 10 пайыз техникалық су және 3 пайыз қатқыл жауын-шашындар алынып, кәдеге жаратуға берілді.
«Биылғы үш резервуарды тазалау маусымы ТШО кестесіне сәйкес күрделі жөндеу басталғанға дейін үш ай өтісімен аяқталды.
Мұнай резервуарларын тазалау және мұнай қалдықтарын қайта өңдеп шығару бойынша аталмыш жұмыстар қайталама шикізат алу арқылы қауіпсіз және мерзімінде, қоршаған ортаға зиянсыз және ең бастысы, тұйық кеңістікке адамның қол жетімділігінсіз аса тиімді атқарылды», дейді компания директоры Бауыржан Жүсіпов. Резервуарларды тазалау жұмыстарын жүргізген KSS компаниясының мамандары 100 пайыз жергілікті қызметкерлер. Бұл жұмысшылар АҚШ пен Ұлыбританияда дайындалған жабдықтарда жұмыс істеу бойынша оқытудан өтіп, жоғары сыныпты сертификатталған мамандар.
Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»