Бүгін Шымкент қаласында Орта Азиядағы алғашқы қуаты 0,5 мегаватты құрайтын «Биогаз қондырғылар кешені» іске қосылды. Қазақстандағы бірегей жоба Елбасымыздың жарлығымен қабылданған «Жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасын» орындау мақсатында іске асырылып отыр, деп хабарлайды ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бұл жоба ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмеде Оңтүстік Қазақстан облысынан ұсынылып көрсетілгенін айтты.
«Қондырғылар кешенінде халықаралық көрмеде ұсынылған Чехиялық «HEDVIGA GROUP» компаниясының жаңа технологиялары қолданылды. Технологияның ерекшелігі қаланың сарқын суларды тазалау ғимаратынан шыққан шөгінділерді өңдеп, одан биогаз алып қолдану арқылы, жылу және электр энергияларын өндіру болып отыр. Нәтижесінде бұл технология сыртқы ортаның ластануын едәуір төмендетіп экологияны жақсартуға үлкен үлес қосады. Жалпы облыста жаңғырмалы энергия көздері саласын дамыту басты назарға алынған. Мысалы, облыста жалпы қуаты 183,9 мегаватт болатын 14 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде оның 4 жобасы жүзеге асырылды», деді әкім.
«Су ресурстары - маркетинг» ЖШС инициатор болған бұл жобаның құны 2 млрд. 200 млн. теңге. Технологиялық процеске сәйкес қондырғы қалдықтарды өңдеу арқылы тәулігіне 300 м3 метанды газды (биогаз) өндіреді. Мұнда 20 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылып отыр. Сонымен қатар, өндірілген энергия кәсіпорынның жылу энергиясына қажеттілігін толығымен, ал электр энергиясына қажеттілігінің 50 пайызын жабатын болады.
Жалпы облыс көлемінде Мемлекет басшысының жаңа энергетиканы дамыту тапсырмасына сәйкес жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Мәселен, облыста жалпы қуаты 183,9 мегаватт болатын 14 жобаны іске асыру жоспарланса, бүгінде оның 4 жобасы жүзеге асырылды. Ал осы жылдың соңына дейін Қазығұрт ауданында Достық шағын су электр станциясы іске қосылады. Бұдан бөлек, Сарыағаш ауданы, Жылға ауылдық округінде қуаты 20 МВт «Жылға» және Мақтарал ауданы, Жетісай қаласы маңында қуаты 5,0 МВт екі күн электр станцияларының құрылыс жұмыстары басталды.