Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Сананың ашықтығы» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының ІІІ халықаралық медиа-форумының жалпы отырысы болып өтті. Форумға ҚХА Төрағасының орынбасары-Хатшылық меңгерушісі Дархан Мыңбай, Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаев, ҚазҰУ-дің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов және Германия, Латвия, Ресей, Өзбекстан елдерінен келген сарапшылар мен медиа саласындағы отандық сарапшылар, этномәдени бірлестіктер және аймақтық БАҚ өкілдері қатысты.
Форумның ҚазҰУ-де ұйымдастырылып отыруы кездейсоқ емес. Себебі Қазақстан журналистикасына қызмет етіп келе жатқан тілші мамандардың бірнеше буынын тәрбиелеп, ұлттық журналистиканың қалыптасуы жолында маңызды міндет арқалап келе жатқан қарашаңырақ осы университет болып есептеледі. Университеттің журналистика факультетінен түлеп ұшқан білікті мамандар, сырттан келген сарапшы меймандар қоғамды рухани жаңғырту мен сананың ашықтығын қалыптастыруда және ұлттық бірегейлікті нығайтудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін, кәсіби этика мәселелерін, сондай-ақ көп этносты қоғамда масс-медиа мәдениетін дамыту мәселелерін талқылауға байланысты сөз алды.
Қалай болғанда да, бірінші кезекте қоғамдық санаға әсер ететін күш – журналистика. Қоғамдық пікірді қалыптастыратын ақпарат құралдарының өкілдері болғандықтан, ақпаратты айқын, әділ, нақты әрі жедел жеткізуде журналистің кәсіби біліктілігі күн өткен сайын сынға түсіп келеді.
Тілшілер қауымына тегін сабақ үйрететін форумның Ассамблея ұйымдастырып отырған кезекті жиынының жөні тіпті бөлек. Халықаралық басқосуды құттықтау сөзімен ашқан Дархан Мыңбай: «Рухани жаңғыру идеясының аясында өткізіліп отырған жиынның «Сананың ашықтығы» деп аталуының мәні зор. Бұл ең алдымен, жетістікке жету жолы. Рухани жаңғыру ашық сана, ізгі оймен қатар жүреді. Елімізге шетелден келген сарапшылар көпұлтты мемлекет жағдайында журналистиканың қалай дамып отырғанын өз көзімен көріп, тәжірибе үйреніп, пайдалы ой түйіп отыр. Этносаралық мәселе өте нәзік, шетін мәселе болып есептеледі. Этнос туралы айтатын журналист ең алдымен этика нормалары туралы білуі тиіс. Бұл тақырып журналистен өте объективті болуды, жан-жақты зерттеп, зерделеп барып көтеруді талап етеді. Ұлт, ұлыс туралы идеялар, ұлтаралық қарым-қатынас мәселесін БАҚ бетінде көтерудің, жазудың, сараптаудың қыр-сыры, иірімдері осындай алаңдарда айтылып, талқыланады. Болашақ журналистерді даярлауда және оларға дұрыс бағыт-бағдар беруде тек студент жастар үшін ғана емес, кәсіби журналистерге де мұндай медиа форумдардың беретін пайдасы зор», деді.
Форум аясында отандық және шетелдік спикерлердің шеберлік сабақтары, TEDх конференциясы, этностық БАҚ көрмесі өткізілді. Ал жиын соңында Қазақстан халқы Ассамблеясының журналистика саласында жыл сайын өткізетін «Шаңырақ» байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ