Әдетте, жастар шарасы өткенде сырнайлатып-кернейлетіп, даңғаза дабырлап кететіні бар. Сондай дүбірлі шаралардан жастардың ұстап қалатыны тым аз екенін де байқап жүрміз, шалқып, шаттана сөйленген сөздің бәрі сол жерде қалатындай көрінетін. Ал бұл жолы Корей жастары қозғалысының V форумы олай болған жоқ. Достық үйінің мәжіліс залына жиналған үркердей ғана топ форум өткізді. Оған Қазақстанның бірнеше облыстарынан Корей жастары қозғалысының жетекшілері келді, сонымен қатар Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісінің орынбасары Хан Ман Чун мен Қазақстан корейлері қауымдастығының төрағасы Сергей Огай қонақ ретінде қатысты.
Корей жастарының қозғалысы қоғамдық ұйымы жиырма жылдан бері ілкімді де белсенді жұмыстар жүргізіп келеді. Олар қауымдастық жоспарлаған шаралардың барлығына қатысып, бастама көтеріп, түрлі жобаларды жүзеге асырып отырады. Сонымен қатар Корей жастары қозғалысы көп ұлтты, интернационалдық ұйым болып табылады. Олар тек ақылды, креативті, талантты жастардың басын қосып, бір мақсатқа жұмылдырады. Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты шет тілдер факультетінің І курс студенті Карина Олжабаева осы жастар ұйымының белсенді мүшесі екен.
–Біздің ұйымда барлық ұлттың өкілдері бар. Біздің мақсатымыз тиімді, нақты істер тындырып, Отанымыздың гүлденуіне үлес қосу, достықты, бірлікті, патриотизмді насихаттау болып табылады. Мысалы, маған корей тілі, музыкасы ұнады, корей ұлтынан достарым бар. Мен сальмунори аспабында ойнауды үйреніп алғанмын, қазір топта ойнаймын. Біз түрлі жобаларды жүзеге асырамыз, Қазақстанның мемлекеттік мерекелерінде түрлі шара өткіземіз, өзге ұлыстардың ұлттық мерекелерінен де тыс қалмаймыз, қайырымдылықпен айналысамыз. Мысалы, биыл жазда «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасы аясында Торғай өңірінде, облыстың басқа аудандарында болып, қайырымдылық концертін бердік, – дейді Карина.
Форумда Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – хатшысы Мәжит Шүленов, Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісінің орынбасары Хан Ман Чун, Қазақстан корейлері қауымдастығының төрағасы Сергей Огай, Қостанай облыстық корей этно-мәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы Игорь Ким жастарды құттықтап сөз сөйледі.
– Екі ел арасындағы ынтымақтастық Қазақстан тәуелсіздігін алған жылдардан бастап дамып отыр. Жастарсыз қай ұлттың да болашағы жоқ. Екі ел арасындағы экономикалық, саяси, мәдени және спорттық қатынастарды өрістететін сіздерсіздер, – деді Хан Ман Чун.
Бүгінде Қазақстанда корей ұлтының төртінші ұрпағы тұрып жатыр. Биыл корейлердің Қазақстанға зорлықпен қоныс аударылғанына 80 жыл толады. Қазақстан корейлері қауымдастығының төрағасы Сергей Огай жастар қозғалысының тамаша бастамаларын көргісі келетінін айтты. Қауымдастық биыл әлеуметтік роликтерге байқау жариялаған болатын. Алты айдың ішінде оған 200-ден аса жұмыс түскен, соның арасынан 30 ролик іріктеліп алынып, байқауға қатыстырылды. Онда бірінші және екінші орынды қостанайлық жастар жеңіп алды. Форумда олардың жұмысы көрсетіліп, Батыр Оспанов пен Кирилл Когайға жүлделері тапсырылды.
– Мен роликте жасөспірімдерді суицидке бастайтын психологиялық тығырықтан алып шығу, бақытсыз жағдайдың алдын алу оның ортасының, ересектердің міндет-парызы екенін айтқым келді, – дейді «АгромашХолдинг» машина құрастыру зауытында қызмет істейтін Батыр Оспанов. Қазақстан корейлері қауымдастығының төрағасы Сергей Огай биыл бұл әлеуметтік ролик байқауын тәжірибе ретінде бастағанын, алдағы уақытта жыл сайын өткізілетінін айтты. Ол форумға қатысушы жастармен емен-жарқын әңгімелесті, олардың сауал, ұсыныстарын, пікірлерін тыңдады.
– Қазір әлем өзгеріп отыр. Біз, бизнестегі, басқа да салалардағы аға буын өкілдері, топ менеджерлер бірігіп, жастармен жұмыс жүргіземіз. Біздің арамыздан жаңа лидерлер өсіп шығуы тиіс. Олар алдыңғы буынның соңынан еріп, Қазақстанның игілігіне жұмыс істеуі керек. Елбасы алдымен елу елдің қатарына кіру туралы мақсат қойғанда ол бізге ертегідей көрінген еді. Ал қазір сол елу елдің қатарындамыз, енді Қазақстан озық отыз елдің арасынан көрінуі үшін алға ұмтыламыз. Қазақстанның қалай дамып отырғанын білесіздер. Даму барлық саладағы озық істерден тұрады, ал оны жүзеге асыратын тағы да жастар. «Бүгінгі жастардың мақсат-мүддесі қандай?» деген ойды отырыстың тақырыбына айналдырғым келеді, – деді Сергей Отай.
Форумға қатысушылар жергілікті жерлерде жастардың өзімен өзі томаға-тұйық қалатынын, орталықпен байланыстың нашарлығы туралы, тағы басқа көптеген өткір мәселелер мен ойларын ортаға салды. Сергей Огай жастарды түрлі бастама көтеріп, қызықты жобалар жасауға шақырды. Бұл орайда оларға барлық көмек көрсетілетінін де жеткізді.
Форум аясында тренинг, тәжірибелік жұмыстар ұйымдастырылды. Жастар шарасы әдеттегідей көңілді концертпен аяқталды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ