Музыка әлеміндегі оркестрді басқару ісі тікелей дирижердің міндеті. Ол үшін жан-жақты терең білім, бойға біткен музыкалық дарын, қажырлы еңбек пен үлкен төзім қажет. Кез келген автор шығармасының негізгі идеясын терең сезіну арқылы тыңдарманға толық жеткізу, әр туындыға өзіндік трактовка жасай білу дирижерге жүктелетін міндет.
Оркестрде отырған 70-80 адамды өзіне бағындыра білу, дұрыс бағыттау үшін де қаншама білім, күш пен жігер керек. Сол сияқты оң қол мен сол қолдың техникасы да жоғары деңгейде, ғылыми негізде қалыптасуы қажет. Екі қолдың қимыл техникасы да ұзақ уақыт оқу-тәжірибе әрі талмай іздену арқылы келеді.
Еліміздегі осы күрделі өнердің өкілі, соңғы кезде өзінің ыждағатты еңбекқорлығымен қажырлы еңбек етіп келе жатқан жастарымыздың бірі және бірегейі – Мүсілім Әмзе. Бүгіндері республикамыздың жетекші музыкалық жетекші ұжымдарында, атап айтқанда Алматыдағы мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі, хор ұжымы және Қазақ ұлт аспаптары оркестрінде Мүсілімнің қолтаңбасы айтарлықтай тамаша деңгейге жетті.
Ал осындай жетістік жолында қандай баспалдақтардан өтті? Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясының екі факультетін аяқтап, бірнеше оркестрде орындаушы ретінде тәжірибе алды, көптеген дирижерді көрді. Кейін осы опера мен симфония дирижері деген жаңа кәсіпті еліміздегі ірі маман, профессор Б.Жаманбаевтың класынан оқып шықты. Болашақта дирижер болам деген адамға аталған оқу-сабақтарынсыз оркестр басқару өте қиынға соғатын еді. Ол осы сынақтардан сүрінген жоқ, қосымша алыс-жақын шетелдерде үздіксіз білім алумен қатар практикалық жұмысты бірге алып жүрді.
Әртүрлі оқу орындарында оркестр жетекшісі болып оқытушылық қызмет етті. Оркестрмен бірге өзі де өсті. Концерт афишаларынан, баспасөз бен теледидардан жиі көретін болдық. Абай атындағы академиялық опера және балет театрында «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Махамбет», Оңтүстік Қазақстан опера театрында «Қамар сұлу», «Паяцы» операларына дирижерлік етуі оған өмірлік сабақ, мол тәжірибе беріп, шеберлігін жетілдіре түсті. Оркестрге музыка өңдеу, шығарманы лайықтай білу дегеніміз – жан-жақты теориялық және гармониялық білімді, барлық аспаптың орындаушылық мүмкіндігімен жете таныс болуды талап ететін жұмыс. Бұл өнерді жақсы меңгергенін соңғы жұмыстарынан көріп те, тыңдап та жүрміз.
Өзімнің талай жылғы халық аспаптары оркестрі мен симфониялық оркестрге жазған төл шығармаларым Мүсілім Әмзенің жетекшілігімен біршама концертте орындалды. Әсіресе, «Мерекелік күй» атты поэмам көп оркестрлерде өзінің дұрыс оркестрлік шешімін таппай, біраз уақыт көңілім толмай жүрген еді. Қызылорда облыстық филармониясының Тұрмағамбет атындағы халық аспаптары оркестрінің концертінде Мүсілім жасаған трактовка сәтті шығып, аса әсерлі болды. Сол сияқты «Кенен әндеріне жазылған попурри» де жаңа қырымен танылған көркем шығармаға айналды. Кейінгі туындыларым – «Шақшақ Жәнібек» пен «Ұршық биі», «Шыңырау құс» пен «Жалт-жұлт еткен дүние» деген әнім сияқты өзге туындыларым Мүсілімнің қолтаңбасымен, жаңаша интерпретация жасалып сахнаға жол тартты.
Осы орайда дирижердің еңбекқорлығымен қатар, әрбір композитордың шығармасына терең зерттеу жасап, ішкі образын аша білу де айтарлықтай жетістікке жеткенін айта кету керек. Шығарманың бірінші нотасынан бастап, соңғы аккордына дейін мұқият зерделегені, формалық жағын, мазмұнын терең түсінгеніне қуандым. Дирижер деген композитордың ой-толғамын, шығарманың идеясын түйсініп, барлық нәрін жоғалтпай тыңдарманға алып шықса, біз үшін одан асқан қандай мерей болсын?!
Өнер бір орнында тұрмайды. Өркендеп дамиды, келер ұрпаққа үзілмей жалғаса береді. Көзі тірісінде қазақтың музыка әлемінде дирижерлығымен аты шыққан Төлепберген Әбдірашев сияқты көрнекті тұлғалардан кейін Мүсілім сияқты жастарымыз аға буынның аманатын абыроймен атқара береріне көзіміз жетті.
Ермұрат ҮСЕНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, музыка зерттеушісі, композитор
АЛМАТЫ