• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Үкімет 21 Қараша, 2017

Сағынтаев органикалық өнімге айрықша екпін қоюды тапсырды

223 рет
көрсетілді

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев экспорттық саясатты жетілдіру бойынша бірқатар тапсырма берді.

АӨК саласында экспорттық саясатты жетілдіру шаралары туралы ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов баяндады. 2017 жылдың қаңтар–тамыз айлары аралығында ауыл шаруашылығы өнімі мен өңдеу өнімдерінің экспорты $1,3 млрд құрады. Жалпы, 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда АӨК өнімдері экспортының 10,6 %-ға ($1,2 млрд-тан $1,3 млрд-қа дейін), сонымен қатар ауыл шаруашылығы қайта өңдеу өнімдерінің 9,9 %-ға ұйғайғаны байқалады.

Қайрат Айтуғановтың айтуынша, Жол картасы аясында Қытаймен, таяу Шығыс елдерімен, сондай-ақ, Еуропа елдерімен ветеринарлық және фитосанитарлық талаптарды бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2017 жылдың 9 айында АӨК өнімдерінің ҚХР-ға экспорты 20%-ға ұлғайтылған. Иран тарапымен Қазақстаннан Иранға тірі қой, мұздатылған және салқындатылған қой етін жеткізуге ветеринарлық талаптар бекітілді.

Биыл БАӘ-ге ІҚМ, ҰҚМ және үй құсынан алынған ет пен ет өнімдерін талаптарға сәйкес экспорттаудың ветеринарлық сертификатының формасы екіжақты негізде бекітілді.

«Жалпы, АӨК өнімдерінің Сауд Арабиясына экспортталу үлесінің артқанын айта кету керек. Ол өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 50 есеге өскен. АӨК өнімдерінің Еуропа елдеріне экспортталу көлемінің артқанын да айта кеткен жөн. Соның ішінде, Еуропа елдеріне майлы дақылдар (зығыр, рапс, күнбағыс дәндері), бидай, бұршақ тұқымдас кептірілген көкөністер экспорты ұлғайтылған», — деді Қайрат Айтуғанов.

Бұдан өзге, АӨК өнімдерінің Оңтүстік-Шығыс Азия және Таяу Шығыс елдеріне экспорты ұлғайтылған. Сондай-ақ, Вьетнамға да АӨК өнімдерінің экспорты артқан. Сингапурға алғаш рет 240 тонна зығыр дәні экспортталды. Айта кеткен жөн, былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда биыл Түркияға экспорт көлемі екі есеге өскен.

Бұдан өзге, экспортты дамыту үшін «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ сыртқы нарықтарда барлық ауыл шаруашылығы өнімдерін сату бойынша экспорттық орталық ретінде қайта құрылды. 2017 жылдың 20 қарашасындағы жағдай бойынша Корпорация ҚХР, Иран, ОА елдері, Әзербайжан және Бельгия елдеріне жалпы сомасы $16 млн-ға 84 мың тонна көлемінде дәнді және майлы дақылдарды экспорттаған.

Барлығы 2017 жылдың соңына дейін Азық-түлік корпорациясы экспорттық бағытта 120 мың тонна дәнді-дақылдарды, 2 мың тонна күнбағыс майын және 2 мың тоннаға дейін етті жалпы сомасы $31 млн-ға өткізуді көздеп отыр.

ҚР ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов қабылданып жатқан шаралар туралы баяндамаларымен таныстырды, сондай-ақ, Премьер-Министрдің орынбасары Е. Досаев, Премьер-Министрдің орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі А. Мырзахметов қозғалған мәселелер бойынша түсініктеме беріп өтті.   

Бақытжан Сағынтаев мәселені қарау қорытындысы бойынша бейінді министрліктерге экспорттық саясатты жетілдіру, шикізаттық емес экспортқа қолдау көрсету тетіктерін әзірлеу бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Сонымен қатар Ұлттық экономика министрлігіне қазақстандық өнімдерді шетел нарықтарына экспорттау кезінде пайда болатын кедергілер мен шектеулерді жою бойынша жол картасын әзірлеу тапсырылды.

Биоөнімдер (органикалық таза азық-түлік өнімдері) экспортына жағдай жасаудың маңыздылығына ерекше көңіл бөлінді.