• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Қараша, 2017

«Әкімшілік өндірістің бірыңғай тізілімі» жобасының ерекшелігі қандай?

984 рет
көрсетілді

Елбасының сындарлы саясатының арқасында Қазақстан тәуелсіздік жылдары ішінде әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылды. Енді алдағы уақытта да осы қарқынды төмендетпей әлемнің озық дамыған 30 елінің қатарына ену міндеті тұр. Бұл, әрине, мемлекет алдына қойып отырған асқаралы міндет екені анық. Сондықтан ол жаңа инновациялық дамуды және жедел технологиялық жаңғыруды талап етеді. 

Міне, осыған орай Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан хал­қы­­на арнаған Жолдауында Үшінші жаң­ғыру жөнінде жария етті. Ал оның негізі цифрландыру мәселесі бол­ды. Өйткені бүгінде цифрландыру ісі қай елдің болсын бәсекеге қабі­лет­тігін, сондай-ақ халықтың өмір сү­ру са­пасын арттыратыны белгілі бо­лып отыр. Сондықтан да біздің елі­міз­де де цифрландырудың жекеле­ген бағыттарына өкілетті органдар мен кәсіпорындардың, ұйымдардың ерек­ше мән беруі мен олардың бұл салада өзара іс-қимылын жолға қоюының ма­ңыздылығы айқындала түсті.

Осы орай­да цифрландыру үрдісі сот жүйе­сі мен құқық қорғау органдарында бір­­ден қолдау тапты десек артық айт­қандық емес. Өйткені құқық қор­ғау органдарында бұл жұмыс, не­гі­зінен, басталып та кеткен болатын. Мәселен, Бас прокуратура заман талабына сай цифр­ландыру ісін одан әрі сәтімен жал­ғастырып, енді әкімшілік істерді осын­дай үрдіске көшіруді қолға алды. 

Сот жүйесі мен құқық қорғау орган­дары үшін цифрландыру барысы оның жан-жақты тиімділігімен, артықшылығымен маңызды болып отыр. Мәселен, жыл сайын осы сала­ға қатысты еліміздегі 64 орган 4 млн әкім­шілік материалдар толтырумен айна­лысады екен. Ал одан кейін қағаз жүзіндегі ол хаттамалар мен қау­лыларды есепке қойып, бақылауға алу үшін олар мәліметтер базасына енгізіледі. Сонда байқасаңыз, әкім­ші­лік процеске іс жүзінде еліміздің әр­бір кәмелетке толған азаматтары түгел тартылады.

Мұндай орасан көп құжаттар тасқынының ара­сын­­да кейбір істердің жоғалып та қала­ты­ны жасырын емес. Тіпті мұндай құ­­жаттарды күнделікті толтыру ағы­мы­на ілесе алмаған кейбір шенеу­нік­­тердің көзбояушылыққа салынып, қо­сып жазуға да барып жататыны шын­дық. Кеңселердегі сейф толған қағаз. Олар­ға ведомстволық толық бақылау тіп­ті мүмкін емес.

Ал бәрінен бұрын, кейбіреулердің өзіне салынған айыппұлдан тіпті ха­бары да жоқ болып шығады. Айып­пұл­ды төлегендері болса, ол мәл­і­м­ет- ­терді алдырып тастау үшін түбір­тек­­терін ұстап жүгіріп жүргені. Кей­де айыппұл төлегеннің өзінде де сот орындаушылар оны білмей қа­лып, тағы төлеуге мәжбүрлейтіні де бар. Мұндай жағдайда прокурорлар істің бәрін бірден мүлт жібермей қада­ға­лап отыруы тіпті мүмкін емес. Сол үй­ме-жүйме қағаздардың артында ше­неуніктердің олқылықтары мен бой­күйездіктерінің құлағы қылтиып тұратыны да рас. Міне, осылардың салдарынан түрлі заңсыздықтар, себепсіз салдарлар мен жауапсыздықтар кө­рін­іс беріп, олар ақыр соңынан аза­мат­тар құқықтарының бұзылуына соқ­тырып жатады. Осылардың бәрін салмақтап, саралай келе мұндай көріністерден арылу үшін Бас прокуратура бұл аса түйінді мә­селені Елбасы алға қойып отырған бүгінгі озық технологиялар көмегімен шешуге кірісті. «Әкімшілік өндірістің бірыңғай тізілімі» деп аталатын бұл жоба барлық мемлекеттік органдар үшін эталонды база болып табылмақ.

Ал оның ерекшеліктері мен арт­ық­шылықтары қандай? Бірін­ші­ден, ен­ді бұрынғыдай қағаз емес, элект­рон­­ды хаттамалар мен қаулылар тол­тырылатын болады. Осындай әдіс­пен толтырылған мәліметтер орта­лық­тандырылған базаға бірден келіп тү­седі. Мұның тағы бір артықшылығы сол, енді оларды толтыратын адамның кез­дейсоқ яки әдейі жаңылысуына мүл­де жол жоқ. Турасын айтқанда, бұл жүйе басқа көлемде айыппұл са­луға немесе заңсыз жаза қолдануға мүм­кіндік бермейді.

Бұл ретте айыппұлдардың орындалуы да толық автоматтандырылғанын ес­керген жөн. Яғни, азаматтың айып­пұл­­ды төлегенін дәлелдеу үшін тү­бір­текті тиісті мекемеге әке­ліп көр­­сетудің қажеті жоқ. Ол төлем эта­­лондық базада автоматты түрде кө­рі­нетін болады. Бұл жүйе­нің жет­іл­ді­­рілгені сондай, ерікті түрд­е төлен­бе­­ген әкімшілік айыппұл мәж­бүрлеп орын­датылу үшін автомат­ты түрде қай­таланатын болады. Мы­салы, бұл мә­селе түсінікті болуы үшін жол ере­­жесіне қатысты жайды алай­ық. Өйт­кені осы жол ережесін жүр­гі­зу­ші не жаяу жүргіншілер жиі бұ­за­ты­ны анық. Соған орай про­кура­тура жол қозғалысы ережесін бұз­ғаны үшін толтырылатын электрон­ды хат­тамалардың электронды нұс­қа­сының қанатқақты жобасын қолға алды. Осы мақсатта Бас прокуратура ішкі істер органдарымен бірлесіп, жол-пат­рульдік полиция қызметкерлері мо­бильді құрылғылармен электронды хаттамаларды толтыру үшін оған жа­ңа қосымшалар енгізді.

Бұл жобаны же­дел жүзеге асыру жолында бүгінгі күні Астана қаласының 50 экипажы тиісті планшеттермен жарақ­тан­ды­рылып, олар осы жылдың 17 шіл­де­сінен бастап электронды хаттамалар толтыруға кірісіп те кетті. Астана қаласының жол сақшылары қазірдің өзінде 5,5 мың осындай электронды хат­тамалар толтырғанын статистика көр­сетіп отыр.

Егер бұрын жол-патрульдік поли­ция қызметкері осындай хаттама тол­тыру үшін 15-20 минут уақыт жі­бе­ретін болса, қазір бұған небәрі 5 ми­нуттай ғана уақыт кетеді. Ол үшін жаңа құрылғыға азаматтың жеке салық индексін енгізсе болды, оның аты-жөні, туған жылы, мекенжайы мен жеке басын куәландыратын құ­жаттары, жүргізуші куәлігінің, сақ­тандыру полисінің мәліметтері тізі­ліп шы­ға келеді. Ал автомобиль нөмірі бой­ынша VIN-коды анықталып, оның тех­никалық байқаудан өткендігі мен жал­пы басқа заң бұзушылыққа қатысы бар-жоғы бірден белгілі болады. Сол си­яқты құқық бұзушының бұрын бол­ған қылмыстарға қатыстылығы мен із­деуде бар-жоғы да тексерістен өтеді.

Осындай әдіспен толтырылған хат­тама инспектордың электронды қол­таңбасымен куәландырылып, ол нақ­ты уақыт режімінде электронды базаға түседі. Ал құқық бұзушы бол­са, хаттаманы планшеттегі стилус­тың көмегі арқылы оқып, әб­ден танысып барып, қол қояды. Оның үстіне оған хаттаманың қағаз түрін­де­гі нұсқасы беріліп, оған қолы қойы­лып, екінші нұсқасы инспектор­да қалады. Ал электронды хаттама құ­қық бұзушының электронды пошта­сына жіберіледі немесе ұялы телефонына хаттама толтырылғаны жөнінде СМС хабарлама түседі. Құ­қық бұзушының қолында смартфон немесе айфон болса, ол бірден хат­таманың толық түрін көреді. Сон­дай-ақ электронды хаттаманың кө­шірмесін Бас прокуратураның ақ­параттық сервисінен, яғни  http://qamqor.gov.kz адресі бойынша да тау­ып, қағаз түрінде шығарып алуға то­лық мүмкіндік бар.

Электронды тәсілмен рәсімделген айыппұлды төлеу де оңай. Уақыт алмайды. Айыппұл төлеуге тартылған кез келген құқық бұзушы айыппұлын pos-терминал арқылы сол жерде-ақ, яғни құқық бұзған жерінде немесе электронды төлеммен, яғни екін­ші деңгейдегі кез келген банк­те төлей алады. Мұны өз қалауы бі­леді. Айыппұлды төлеген соң оның түбір­тегін мемлекеттік органдарға апа­ру­дың қажеті жоқ, өйткені әкімшілік айып­­пұлдың төленгені туралы дерек ба­за­ға автоматты түрде түседі. Төлем ту­­ралы дерек базаға сол мезетте ке­ліп түсетін болғандықтан айыппұл да автоматты түрде дереу жойыла­ды. Де­мек, ол адамға жоғарыда айт­қа­ны­мыз­дай, енді сот орындаушыдан да алаңдаудың негізі жоқ.

Демек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сай енгізілген цифр­лы технологияның электронды хаттама толтыру барысында азаматтар үшін де, мемлекет үшін де пайдасы аса зор дейміз. Ал «Әкімшілік өндір­істің бірыңғай тізілімі» өткен қыр­күйек айында Мемлекет басшы­сына көрсетілген болатын. Осы орайда біз әң­­гі­мелескен Бас прокуратураның Құ­қықтық статистика және арна­йы есепке алу жөніндегі комитеті тө­ра­ғасының орынбасары Бағлан Бек­бау­ов: «Елімізде әкімшілік өндірісті цифрландыру ісі жүзеге асырылды деп айтуымызға толық негіз бар», дейді. 

Бұдан бұрынырақ еліміздің электрон­ды жүйесіне арыз түскен сәт­тен бастап сотқа дейінгі процестің бә­рін қамтитын «Сотқа дейінгі тергеудің бі­рыңғай тізілімі» енгізілгені туралы да айтқан болатынбыз. Бұл жүйе барысы да көпшіліктің көңілінен шығып отырған көрінеді. 

Александр ТАСБОЛАТ, «Егемен Қазақстан»