• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Әдебиет 24 Қараша, 2017

Ақтөбеде Сағынғали Сейітовтың 100 жылдығына орай әдеби кеш өтті

2316 рет
көрсетілді

«Біз – қашаннан ер-қаһарман халықпыз! Біз – тарихта теңдесі жоқ алыппыз! Біз – күштіміз күштілердің бәрінен,Біз – сөнбейтін күн тәрізді жарықпыз! (Сағынғали Сейітов)

Жуырда С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап  ғылыми кітапханасы Ұлы Отан соғысының ардагері, ақын, сыншы, аудармашы, әдебиет зерттеушісі Сағынғали Сейітовтің 100 жылдығына орай «Жырлары тарих, ерлігі дастан» әдеби-танымдық кешін  ұйымдастырды.

Мақсаты – оқырман қауымына С.Сейітовтің өмір жолын, қызметін баяндай  отырып, жастарды ұлтжандылыққа тәрбиелеу. Ақынның өлеңдерін насихаттап, поэзияға деген  қызығушылығын арттыру.

Сағынғали Сейітов (1917- 2007) - 1917 жылы 20 қарашада қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Өлеңті деген жерде туған. 1937 жылы Орал су транспорты рабфагын, 1941 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін тәмамдап, 1941-1947 жылдары Кеңес армиясы қатарында әскери қызметте болды. Ол Қызыл Жұлдыз, ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және бірқатар  медальдармен  марапатталған.

1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанған ол соғысқа бастан-аяқ қатысты. Соғыстан кейінгі жылдары ұзақ жылдар Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының ғылыми қызметкері, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы, Қазақстан Мемлекеттік көркем әдебиет баспасының директоры, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми  қызметкері болып  істеді.

Осы институт қабырғасында жүріп «Қырық жылда», «Әдебиеттер достығы», «Қазақ поэзиясындағы Маяковский дәстүрі», «Тоғысқан толқындар», «Туысқандық туғызған», «Өлең өлкесінде», «Пушкин лирикасын қазақ тіліне аудару дәстүрі» атты монографиялары мен зерттеулері  арқылы  ұлттық  әдебиеттану  ғылымына  қыруар  үлес  қосты.

Тырнақалдысы 1936 жылы Орал облыстық газетінде жарияланған, 1951 жылы «Большевиктер» атты тұңғыш жыр жинағы жарық көрді. Әр жылдары шыққан «Жолдас жүректен», «Ортақ ой», «Бетпе-бет», «Өрден өрге», «Жаңғырық», «Жолдас уақыт», «Сәулет», «Серпер», «Сеңгір», «Самғау», «Майдангер көзімен» атты жыр жинақтарымен қазақ поэзиясының қоржынын  толықтырды.

 «Мен – ақын Сағынғали Сейітовпін!

Сен жайлы жырды қашан сейілтіппін?!

Жүректің орындаймын тапсырмасын,

Сен – менің жаһандағы бас құрдасым!», - деп ақын С.Сейітов жырлағандай, 

ол әдебиеттің дамуына өз үлесін қосты. С.Мұқанов, Ж.Сайын, Ә.Сәрсенбаев, Ж.Молдағалиев, Х.Ерғалиев, Ғ.Орманов және т.б. ақындармен иықтаса еңбек етті. Ол В.Маяковский, А.Пушкин, М.Лермонтов дәстүрлерін зерттеп, орыс классиктерімен қатар Гёте мен Гейнені, Жәми мен Науаи, Мұса Жәлел сияқты шығыс шайырларын қазақша сөйлетті. 

№37 орта мектебінің бастауыш класс мұғалімі Жұмағұлова Гүлфира Мұратқызы сөз сөйлеп, ақын туралы баяндап берді. С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы абонемент бөлімінің меңгерушісі Қарағұлова Рысжан Болашқызы жастарымызды қазақтың ұлттық өнерін дәріптейтін білімді, мәдениетті тұлға болып қалыптасуға шақырып, белсенді оқушыларды алғыс хаттармен марапаттады.

Аталмыш мектептің  4 класс оқушылары Әлмұрат Диана «Ұлы Жеңіс», Нұржанұлы Асылхан «Тәуелсіздік», Айдаралиев Данияр «Сізге кәміл сенеміз», Әділжан Меңдіғалиев, Октябрь Ерсұлтан «Тұлғаңа тозаң жолатпан...», Дәулетқалиева Әлия «Адам мен Заман», Умаров Әлібек «Қараша», Абдуллин Абдулсаид «Күйші бала», Байқара Нұриман «От ауызды, орақ тілді бабама» (Махамбеттің 200 жылдығына), Байгутдиева Индира «Бүгінгі сөз», Айтекеева Мерей «Ақ Жайық», Сиялина Ақбота «Қазақ даңқы», Жайлау Нұрсәт «Қазақ»,  Нұржан Мөлдір «Қазақ тілі-ана тілім» өлеңдерін мәнерлеп  оқыса, кітапхана оқырманы Байқара Нұриман «Алға Қазақстан» әнін  орындап  берді.

Шара жүргізушісі Ақмарал Сайлауқызы  «Азат халықтың тарланбоз ақыны» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу өткізіп, ақынның өлеңдері мен мақалаларын таныстырып өтті. Сондай-ақ,  шолу барысында

Сағынғали Сейітовтің 100 жылдығына орай ақынның туған жерінде өткізілген «Сұлу сөздің сардары» байқауында «Талантты тау боп көрінсе...» ұсыныстық көрсеткішімен біздің кітапханамыздың бөлім меңгерушісі Сейітова Гуля Ізтілеуқызы жүлделі II дәрежелі Дипломмен марапатталғанын жеткізді.

«Нағыз қазақ ұлтжанды ұлтын сүйген,

Ежелден  атамекен жұртын сүйген!

Қастерлеп қасиетін бабалардың,

Салт-сана, әдеті мен ғұрпын сүйген!», - деп Ақжайықтың ақыны С.Сейітов жырға қосқандай ақын есімі халық жадында мәңгілікке сақталып, туған елімен мәңгі жасай бермек.

Ақмарал МҰҚАШЕВА

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық

әмбебап ғылыми кітапханасының

қызметкері