• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
08 Қараша, 2011

Мәдениет және өнер колледжі ашылды

520 рет
көрсетілді

Ел өмірінің қарыштап дамуы үшін экономикалық және әлеу­мет­тік жетістіктер ғана емес, со­нымен бірге мәдениет пен өнер­дің өркениет талабына сай өркен­деуі де ерекше орын алады. Елімізде мәдениет пен өнерді дамыту жолында көптеген игі істер атқарылып келеді. Осы сөзі­міздің бір мысалы ретінде, жа­қын­да Тараз қаласынан ашылған Мәдениет және өнер колледжін айтсақ та болады. Ойлап қарасақ, өнер қуған жастар үшін айрықша оқиғаға айналған осы бір қуа­ныш­тың өзіндік тарихи себеп-салдары да бар сияқты. Өйткені, Жамбыл облысының тұрғындары мақтаныш тұтатын дәстүрлі өнер­дің атақты өкілдері Жамбыл, Кенен, Ықылас, Ұлбике, Сауытбек сияқты тағы басқа да өнер саң­лақтарының мәдени мұралары бір өңірдің ғана емес, бүкіл еліміздің рухани байлығы болып саналады. Облыс әкімдігі соңғы бір-екі жылдың ішінде мәдениет сала­сына жан-жақты қамқорлық жасап, оны заман талабына сай жа­ң­ғыртып, дамытуға үлкен көңіл бөліп отыр. Биыл облыста ұлт­тық-аспаптар оркестрі тұсауын кесті. Ұлттық-фольклорлық ан­сам­бль­дің негізі қаланды. Аудандарда халық театрларының жұ­мысын жандандыру қолға алын­ды. Мәдениет пен өнерді өркен­дететін түрлі фестивальдар, бай­қау­лар, конкурстар өткізілуде. Әртістер мен әншілердің кәсіби шеберлігін арттыру үшін мақсат­ты жұмыстар жүргізілуде. Жаңадан ашылған Мәдениет және өнер колледжі – көпшіліктің қалауымен, Білім және ғылым министрлігінің және облыс әкім­ді­гінің қолдауымен ашылып отыр. Жамбыл облысының әкімдігі бұ­дан былай осы оқу орнында жас таланттарды арнайы грантпен оқытатын болады. Биыл колледжге қабылданған 80 қыз пен жігітке арнайы грант бөлінді. Соның арқасында ауылдан арман қуып келген жас таланттар және Тараз қаласының өнерге бейім түлек­тері оқуға қабылданды. Жаңа оқу орнында, сондай-ақ көрші облыс­­тардан келген білім алушылар да бар. Колледжде жастардың сапалы білім мен саналы тәрбие алып, шығармашылық қабілетін шың­да­у­ы­на барлық қажетті жағдай жа­салған. Онда білікті өнер маман­да­ры сабақ береді. Өйткені, бола­шақ өнер иелерін тәрбиелеу қо­ғам үшін жауапкершілігі аса зор іс. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.