• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 25 Қараша, 2017

Оңтүстіктің мақтасы он елге экспортталуда

554 рет
көрсетілді

Оңтүстік Қазақстанда өндірілетін мақта талшығының жоғары сұрыптары Ресей, Белоруссия, Германия, Латвия, Молдова, ҚХР, Бельгия, Иран, Украина, Италия және Оңтүстік Корея сынды 10 мемлекетке экспортталуда. Жыл басынан бері аталған елдерге 30 мың тоннаға жуық мақта талшығы жөнелтілген.

Еліміз бойынша «ақ алтынның» 100 пайызы өндірілетін Оңтүстік шаруалары жаңа технологияларды қолдану мен ізденістің арқасында мақта талшығының 10 сұрыпын жасап шығарған. Мақтаның мұндай элиталы сұрыптарының түсімділігі 38-40 ц/га дейін жетеді.  Мақта дақылы экспорттық маңызға ие болғандықтан шаруашылықтың осы түріне қызығушылық та артуда, егіс көлемі жылдан жылға ұлғайып келеді. Мәселен, биыл өткен жылмен салыстырғанда 25 мың гектарға артық, яғни 134,6 мың гектар жерге шитті мақта егілген болатын. Сондай-ақ, Мақтарал ауданы ғана емес, мақта дақылын өсірумен облыстағы 10 ауданның шаруалары айналысып келеді. Биыл 328 мың тонна шитті мақта жиналды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 41 мың тоннаға артық. Орташа түсімділігі гектарына 24,5 центнерден жиналған «ақ алтынның» 196,6 мың тоннасы немесе 60 пайызы техникамен терілді. Мақта алқаптарында 500 ден астам комбайн жұмыс істеді.

Айта кетелік, мақта дақылын өсіру үшін тыңайтқыштар мен гербициттерге мемлекет тарапынан субсидия беріледі. Одан бөлек, егілген мақтаның әрбір гектарына 15 мың теңгеден, ал қайта өңдеу үшін өткізілген «ақ алтынның» әр тоннасына 6 мың теңгеден қаржылай қолдау көрсетіледі. ОҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері облыс бойынша 134,6 мың гектарға 2 млрдқа жуық, қайта өңдеу кәсіпорындарына өткізілген 140 мың тонна «ақ алтынға» 833 млн теңге субсидия төленген.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»