Қазақстанды әлемге таныту мақсатында қолға алынып жатқан әйдік жобалардың түбі баянды болса екен деп тілейсің. Жер бетінде «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген даналыққа жүгінген халық барын төрткүл дүние тани түскен сайын еңсе көтеріледі, айбын асқақтай түседі. Иә, отыз озық елдің арасынан ойып алар орынды көздеген Мәңгілік Елдің мұраты айқын. Ол – Қазақстанның жақсы атын әлемге жаю.
Елімізді әлем танығаннан ұтылмасымыз анық. Мысалы, туризм саласын алайық. Қазір табиғаты алуан түрлілігімен таңдай қақтырған Қазақстанға қызығушылық танытып отырған саяхатшы қауымның саны жылдан жылға артып келеді. Ұялмай көрсетіп, ұпайымызды түгендеп алар ғажайыптарымыз аз емес. Бәрін жіпке тізбесек те, Арқаның кербез сұлу Көкшетауы, қасиетті Қарқаралы, жер жәннаты Жетісу, көздің жауын алған Шығыстың кереметтері, балығы тайдай тулаған Балқаш, атағы дүрілдей бастаған Алакөл... Осылардың бәрі де адамзат баласына айқара құшақ ашар асыл қазыналарымыз ғой.
Ал біз осы Жаратқан берген байлықты іске жарата алып жүрміз бе?
Қазіргі таңда Қазақстан мен Қытай арасында туризм саласы бойынша бірқатар шаруа жүзеге асып жатыр екен. Мұның айғағы ретінде 2017 жылдың Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы деп аталғандығын айтуға болады. Жалпы, биыл Қазақстанға қыдырып келген аспанасты елі туристерінің саны 257 мың адамға жетіпті. Ал ағымдағы жылдың бірінші жартысының өзінде Қытайға саяхаттап барған жерлестеріміздің саны 109,6 мың адамды құраған.
Бұл ретте мына жайтты айта кетуге тура келеді. Осыдан бір ай бұрын өткен Қытай компартиясының ХІХ съезінде жасаған баяндамасында ҚХР мемлекеттік премьері Ли Кэцян туризм мәселесіне баса маңыз берді. «Біз келе жатқан жаппай туризм дәуірін қарсы алуға дайын болуымыз керек», деді Қытай премьері.
Көршіміз осылай қамданып жатқанда біздің қол қусырып қарап отырғанымыз жарамайды-ақ. Зер салып қарар болсақ, туризмнің дәмін енді тата бастаған біздің ел үшін Шығыстағы құдайы көршіміз шетсіз-шексіз ресурс көзі. Бір ғана мысал: 2016 жылы Азия-Тынық мұхиты елдеріне 50 миллион қытай туристік сапармен барып, 45 млрд доллар кіріс қалдырған. Ал кейбір деректер бойынша, Ресей жыл сайын Қытай туристері есебінен 1 млрд доллар пайда табатын көрінеді.
Туризмді былай қоғанда, биылғы жылдың өзінде біздің елімізде әлемдік ауқымдағы бірнеше шара өтті. Мысалы, 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өткен ХХVІІІ Бүкіләлемдік қысқы Универсиада кезінде Алматы қаласына шамамен алғанда 30 мыңға жуық турист келді деген дерек бар. Осы жерде мынадай қызықты ақпаратты келтіре кетуге болады. Алатаудың баурайындағы ару қалаға саяхаттап келген 5 мың турист 5 күннің ішінде шағын және орта бизнестің пайдасына 2 млрд теңге кіріс әкелген.
Ал ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өткен үш айдың ішінде елордамызға 5 миллион турист келіпті. Оның 0,5 миллионы әлемнің жүзден астам елінен келген саяхатшылар екен.
Жалпы, туристерден түскен пайданы шотқа қағып есептеген өз алдына бөлек тақырып. Бұл жердегі басты әңгіме – жер жүзінің түпкір-түпкірінен келген алуан түрлі ұлт өкілдерінің елімізді танып-білуінде жатыр. Танымалдылық ел мен елді табыстырады. Тебіскеннен табысқан жақсы. Табысудың түбі табысқа бастар қарым-қатынасқа жол ашады. Сайып келгенде, мұның өзі Елбасы жиі айтатын инвестиция тарту мәселесіне алып келмей ме? Ал инвестицияға игіліктің жіпсіз байланары әуел бастан белгілі жайт.
Шет мемлекеттен келген турист еліміз туралы мол ақпарат жинап әкетеді. Әрбір саяхатшының артында туған-туыс, дос-жаранның тұратынын есепке алар болсақ, Қазақстан туралы қызғылықты мағлұматқа қанығатын қауымның да саны көрер көзге арта түсері сөзсіз.
Жаһандану заманында терезені тұмшалап, есікті тарс жауып, томаға-тұйық жата алмайсың. Өркениет көшіне ілесем десең, өзгені тану өз алдына, бірінші кезекте өзіңді көрсете білу өнерін игеруің шарт. Әлбетте уақыт өте келе туризм инфрақұрылымы дамып, турист деген халыққа жайылып жастық, иіліп төсек боларлық сервистік қызметке де қол жетер. Дегенмен туризмге тек табыс көзі ретінде ғана қарамай, бұл саланың алыс-жақын елдерді табыстыратын ерекше әлеуетіне де мән берген жөн.
Қайрат ӘБІЛДА, «Егемен Қазақстан»