«Егемен болмай ел болмас» деген. Ғасырға жуық уақыт десі басым державаның дегенімен жүрген елдің демографиялық ахуалы қайдан оңсын?! Ал бүгінде халық саны бұрын-соңды болмаған деңгейде өскені, атыңнан айналайын, азаттықтың арқасы екені хақ.
Қабырғадан қан кештірген қан қасап соғысты да, аштықты да, қуғын-сүргінді де көрдік. Тек тәуелсіздіктің таңы атқаннан кейін ғана қазақтың аздап мұрты майланып, бесік тербеген аналар көбейіп, елге ел қосыла бастады. Өткен жазда жұмыр жердің әр тарабында жүрген исі қазақтың басын төр қаламызда түйістірген алқалы жиын өткені мәлім. Осы Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында Елбасы Қазақстандағы халық саны 18 миллионға жеткенін жариялаған. Тәуелсіздіктің торқалы тойы иек астына келіп қалған тұста егемен елдің ең басты байлығы туралы әңгіме қозғамақпыз.
Баласының санын айтпаған аталарымыз сияқты қайталап айта беруге көз тиіп кетер деп жүрексінесің кейде. Бірақ 18 миллиондық меженің мән-маңызын саралау да артықтық етпес. «Біреуді көріп бүкір бол, біреуді көріп шүкір бол» дейді бабаларымыз. 18 миллион кейбір елдер үшін аз болса, енді бір елдердің қол жеткізе алмай жүрген көрсеткіші екені түсінікті. Теріскейдегі ормандай орыспен салыстыруға келмес. «Байлар да жылайды» дегендей, ресейлік демограф-ғалымдардың өзі жыл сайын 1 миллионға азайып бара жатқандарын айтып еңірегенде етектері жасқа толады. Түстіктегі өзбек ағайындар да бізден екі есеге жуық көп. Қоңсы қонған қырғыз бауырлардан көп екенбіз деп күпсіну де артық болар. Қалай десек те, өткен ғасырда өткелектің сан түрін көрген, үш бірдей жұтта жұтылып кетуге сәл-ақ қалған халық үшін бұл бөрікті аспанға атуға тұрарлық көрсеткіш.
Тарихқа шегініс жасап, демографиялық ахуалдың қалай өрбігеніне көз жүгіртіп көрелік. 1897 жылы патша өкіметі жүргізген санаққа сенсек, қазақтың саны 4,3 миллион болған екен. Арада жиырма жылға жетпейтін уақытта қазекең бір жарым есе көбейіп, 5,5 миллионнан асып түсіпті. Ахмет Байтұрсынұлының: «Әлхамдулилла, 6 миллион қазақпыз» дейтіні осы тұс.
Демографияның жілігін шаққан марқұм Мақаш Тәтімов айтқандай, сол бетімен қазақ аман болып, табиғи жолмен өсе берсе, тоқсаныншы жылдардың өзінде 20 миллионға жуықтап қалар ма едік?! Алайда адамның дегені болмайды. Ел басына қара бұлт үйіріліп, қайғылы тағдыр кешкен кезең басталды. 1921-1922 жылдардағы Еділ бойындағы ашаршылықтың зардабы жетті. 6 миллион қазақ осылайша ойсырай бастады. 1931-1932-нің нәубетінде халықтың жартысына жуығы аштан қырылды, басқа елге бас сауғалады. 1897 жылғы санақтан алыстаған сайын қазақтың саны кеміген үстіне кеми бергенін 1939 жылғы Сталиннің нұсқауымен жүргізілген санақтың нәтижесі де айғақтайды. Жарты ғасырға жетпейтін уақытта қазақтар екі еседен астамға азайып, 2,3 миллион ғана қалыпты.
Одан кейін де елдің аузынан ақ май аққаны шамалы. ІІ жаһандық соғыста орыстар мен украиндардан кейінгі боздақтарынан ең көп айырылған халық тағы да қазақ. Ұлтымыздың жоқ-жітігін түгендеймін деп талай құнды мәліметті қазған Камал Смайловтың деректеріне сүйенсек, соғыс шебіне кеткен жарты миллионға жуық боздақтың 350 мыңы майдан даласында опат болыпты. Бұл – халықтың төрттен бір бөлігі. Ең еңбекке жарамды, тепсе темір үзетін, отбасының тірегі болатын бөлігі. Қысқасы, Ахаң – Ахмет Байтұрсыновтың аузынан шыққан көрсеткіштің жартысына да жетпейтін адам қалды.
Қоныс аударудың құқайыЕнді жергілікті халықтың саны азайған үстіне азайып жатқанда қазақ сахарасына қоныс аударғандар туралы айтып өтелік. 30-жылдардан бастап «өлі өлкені оятамыз, өнеркәсіпті ұшпаққа шығарамыз» деп мыңдаған жұмысшы ағылғаны мәлім. Осылайша, ірі құрылыстар мен индустрия ошақтарына келгендердің саны 1 миллионға жуықтайды. 1937 жылы Қиыр Шығыстан 95 мың корей Сыр бойы мен Жетісуға жерсіндірілді. Екінші жаһандық соғыстың алдында 10 мыңнан астам поляк келсе, соғыс басталысымен Еділ бойындағы 1 миллионнан астам немістің 400 мыңы Қазақстанға жер аударылды. Бас-аяғы бірнеше жыл ішінде жер ауып келген қалмақ, қарашай, қырым татары, балқар, чешен, ингуш, грек, грузин-месхет, түріктердің жалпы саны жарты миллионға жуықтайды.
Бұл үдеріс елуінші жылы жаңаша қарқын алды. 1953-65 жылдар аралығында басым бөлігін орыс, украин ұлтының өкілдері құрайтын 2 миллионнан астам адам келген кезде қазақтар өз жерінде аз ұлтқа айналған болатын. Қолда бар деректерге қарасақ, республикадағы қазақтардың үлесі 29,3 пайызды құрап, үштен бір бөлігіне де жетпей қалған екен.
Егемендіктің елең-алаңында демографиялық ахуал гүлденіп кете қойған жоқ. Алғашқы он жылда біраз ұлт өкілдерінің тарихи отандарына көшуі, туу деңгейінің төмендеуі, өтпелі кезеңдегі әлеуметтік жағдайдың күрделенуі сынды құбылыстардың кесірінен 1,6 миллионға кемідік. Экономика тұрақталып, әлеуметтік жағдай оңалғаннан кейін ғана демографиялық ілгерілеу басталған. Жалпы, ХХ ғасырда қиындықтан көз ашпаған қазақ жаңа ғасырды жақсы бастаған сыңайлы. Статистикалық агенттіктің деректеріне сүйенсек, 2002 жылдан бастап ілгерілеу байқалса, 2004 жылы baby boom басталыпты. Ширек ғасыр бұрын елімізде жыл сайын 200 мың сәби туса, ғасыр соңында бұл көрсеткіш 227 мыңға өскен. Ал 2004 жылдан бастап ол 400 мыңнан төмендеп көрген емес.
Елбасы 2014 жылдың жазында Ұлытауда берген сұхбатында «Тәуелсіздік жариялаған кезде Қазақстандағы қазақтың үлесі 40 пайыз болатын. Басқалар «Сендер азсыңдар мына мемлекетте, қайдағы тәуелсіздік сендерге?» деп айтпайтын ба еді. Дегенмен, елге соның бәрін түсіндіріп, күресе жүріп, тәуелсіздік жарияладық. Қазір қазақтардың саны 65 пайызға жетті. 4 милллиондай қосылып, 17 миллионнан астық» дегені есімізде. Президент сөзіне қарасаңыз, тәуелсіздіктің басты тірегі сол елдің халқы деген түйін беки түсері хақ.
Ел басына екіталай күн туғанда басқа жаққа бас сауғалауға мәжбүр болған, шекара шиырланғанда атамекені ала бағанның арғы жағында қалып қойған қандастарымыздың Қазақстанға оралуы да демографиялық дүмпуге дем берген факторлардың бірі деуге болады. «Елге ел қосылса – құт» деген қағиданың қадіріне тәуелсіздіктен кейін тағы бір көз жеткіздік. Сөз жоқ, тарыдай шашырап кеткен ағайынның атамекенде бас біріктіруінің маңызы ерекше. Бұл туралы Елбасы Н.Назарбаев Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында:
– Мың өліп, мың тірілген қазақ өркендеп, қайта өсіп келеді. Қазір 5 миллионнан астам қандасымыз шет мемлекеттерде тұрып жатыр. Біз тәуелсіздік жылдарында алыстағы ағайынды қолдауды естен шығарған емеспіз. Шетелден 1 миллионға жуық қазақты елге көшіріп алып, қолдан келер барлық көмегімізді жасадық. Бүгінде бауырларымыз Қазақстанның азаматы атанып, ел дамуына үлестерін қосуда. Сонымен бірге ағайындар демографиялық жағдай жақсарып, халық санының өсуіне ерекше ықпал етті. 1991 жылы қазақтардың үлесі 40 пайыздай болса, қазір 70 пайыздан астық,– деген болатын.
Көрсеткішке көз тимесінСтатистика комитетінің соңғы деректеріне сүйенсек, биылғы жылдың 1 қазанында еліміздегі халық саны 18 миллион 96,9 мың адамды құрапты. Жыл басынан 293 мыңнан астам сәби өмір есігін ашқан екен. Сөйтіп, халық саны өткен жылмен салыстырғанда 231,3 мың адамға немесе 1,3 пайызға артқан. Жергілікті халықтың үлесі 70 пайыздан асып түскенін де айта кетейік. Көз тимесін деп түкіріп қоюға тұратын көрсеткіш.
Ата Заңымызда айшықталғандай, еліміздің ең басты байлығы – азаматтары. Бүгінгі заманның жаһандық талабына салсаңыз да, елдің көсегесін көгертетін басты капиталы алтын-күмісі, мұнай-газы, мыс-мырышы, көмірі мен темірі емес – халқы, азаматтарының ақыл-ойы, интеллектуалдық капиталы. Халқының қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, экономикасы дамыған елдердің өзі демографиялық ахуалға алаңдап, бала туу көрсеткішін көтеруге тырысып жатқаны тегін емес.
Елімізде ең көп қойылған есімдердің тізімін кездейсоқ көзіміз шалып қалғаны бар. Қарап отырсақ, соңғы бірнеше жылдың бедерінде Әлихан, Ерасыл, Айсұлтан, Нұрислам, Айзере, Айша сынды есімдер көш бастап келеді екен. Шынында, қазір әр аулада асыр салып жүрген кішкендай Әлихандар мен Айзерелерді міндетті түрде кездестіресіз. Түтініміз түзу ұшып, тәуелсіз елдің Әлихан, Айзерелері көбейе бергей.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан».