Жуырда өзінің 80 жылдық тарихы қарсаңында Қарағанды зообағы жануарлардың тағы 20 түрімен толықты.
Жуырда өзінің 80 жылдық тарихы қарсаңында Қарағанды зообағы жануарлардың тағы 20 түрімен толықты. Атап айтар болсақ, олардың ішінде бір жасар «Чампан» зебрасы, амур жолбарысы, шиншилла және еліктер бар. Сондай-ақ тотықұс, үкі секілді құстарды енді қарағандылық зообаққа келушілер жақыннан тамашалай алады. Мұндай сыйды жергілікті меценаттар мен демеушілер «Жылы жүрек – жомарт қол» шарасы аясында тарту еткен.
Жалпы, Қарағанды мемлекеттік зоологиялық бағы – еліміздегі ең ескі бақтардың бірі. Бүгінгі таңда мұнда 200-ден астам жануар түрі мекендейді. Қалалық хайуанаттар бағының директоры Мадина Әшірованың айтуынша, аталмыш хайуанаттар бағына зебра алғаш рет әкелінді.
Жоғарыда айтқан «Чампан» зебрасын сыйлаған демеуші бүгінгі таңда қарағандылықтарға есімі кеңінен таныс «Южный» супермаркеттер желісінің иесі.
Демеушілер сыйлығы қала тұрғындарының қызығушылығын арттыра түсуде. «Жылы жүрек – жомарт қол» шарасы әлі де жалғасын тауып жатса құба-құп.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы