Өткен аптаның жұма күні Астана қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің мәжіліс залында «Алаш» қозғалысы мен Алашорда үкіметінің 100 жылдық даталы мерекесіне орай «Алаш − қазақтың ұлттық тұтастық идеясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2008 жылы Астана қаласының 10 жылдық мерейтойына байланысты елорда төрінде өткен салтанатты жиында: «ХХ ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасауды өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққан, әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамында осындай зиялы қауымның қалыптасуында ұрпақтар эстафетасы сияқты сипат болды» деп, алаштықтардың ұлы мұратына тарихи баға берген болатын.
Бұл конференцияда Елбасы айтқандай, тәуелсіздікті мұрат тұтқан Алаш идеясы жан-жақты сарапталып, Алаш мұраты – қазіргі тәуелсіз қазақ елінің мемлекетшілдік мүддесінің үзілмей жалғасқан асыл арқауы деген баға берілді.
Маңызды басқосуды ашып, ғылыми-тәжірибелік конференцияның мақсатын таныстырған Ұлттық музей директорының міндетін атқарушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жәкен Таймағамбетов мырза жоғарыда берілген бағаны қуаттай келе, расында ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлерінің қазақ қоғамын отарлық езгіден азат ету амалдарын іздестіріп, мемлекеттік тәуелсіздік алудың жолдарын көрсетудегі еңбегін сөзбен жеткізу мүмкін емес, деді.
Әрине, Алаш қайраткерлерінің жолы өте қиын да, күрделі күрес жолы-тын. Бұлар бастарына төніп тұрған қатерді біле отырып, алған бағыттарынан қайтпады. Олар әу бастан, тәуелсіз ұлттық автономия құруды жоспарлады және төңкеріс негізінде құрылған Кеңес өкіметін мойындамады, оны заңсыз деп есептеді.
Танымал тарихшы Мәмбет Қойгелдиев жазғандай, Алаш қайраткерлері қазақ елінің сан ғасырлық даму тәжірибесін, салт-дәстүрін революциялық әдіспен күрт өзгертуді емес, қайта оларды эволюциялық жолмен, басқа өркениетті елдердің өмір тәжірибесін ескере отырып, одан әрі жетілдіре түсуді көздеді. Алаштықтар ұстанған осы бағыт Қазақ елін өзін-өзі билеуге, сөйтіп өзінің ішкі қоғамдық мәселелерін өзі шешуге, өз атамекеніне өзі ие болуға жетелейтін дұрыс жол еді. Бірақ іске аспады...
Осы бір қастерлі миссия Қазақстанның тәуелсіздік алуының арқасында орындалып, бұған дейін жабық есік, жабулы қазан күйін кешіп келген Алаш тақырыбы азаттықтың алғашқы аңсар-мұраты ретінде тарихтан өз бағасын енді алып жатыр.
Осы орайда, жиында сөз алған баяндамашылардың бірі Берік Әбдіғалидың, қазіргі таңда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен тұтас ұлттық, елдік ұстынға айналған «Мәңгілік Ел» идеясы, сонымен қатар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған бағыттар, 100 жыл бұрынғы Алаш идеясының заман талабына сай жаңғырған, жаңаша көзқараспен пайымдалған заңды жалғасы деп түсінген дұрыс деген пайымына біздің ешқандай алып, қосарымыз жоқ.
Жақсылардың көзіндей жәдігерлерМәртебелі жиынның сәнін кіргізген келесі бір дүние Ұлттық музейдің экспозиция бөлімі мен Президент мұрағаты бірлесіп Алаш тақырыбына қатысты құнды құжаттар мен заттық бұйымдар көрмесін ұйымдастыруы.
Құжат көрмесі сегіз тақырыптық жоспарға құрылыпты. Алғашқысына, Алаш партиясының құрылу тарихына қатысты құжаттар жиынтығы орналастырылса, келесі бөлімдерде, Алаш қайраткерлеріне қатысты дүниелер, атап айтқанда, арыстардың отбасылық фотолары, қолжазбалары, еңбектері және олар тұтынған бұйымдар орналасқан.
Бұл арадан: 1911-1915 жылы Троицк қаласында басында айына бір рет, кейін айына екі рет, екі мың данамен 88 нөмірі жарық көрген «Айқап» журналының мұқабасы, ұлт көсемі Ахмет Байтұрсыновтың өмірбаяны жазылған парақ, Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ» кітабының көшірмесі, Жүсіпбек Аймауытов пен Халел Досмұхамедовтың «Ақ жол» газетінде жарық көрген мақалалары, Тұрар Рысқұловтың Түркістан АССР ОКА мәжілісінде «Ашаршылықпен күрес үшін қаржы бөлу туралы» жасаған баяндамасы, Мұстафа Шоқай мен Әлімхан Ермекұлының қолжазбасы қатарлы құнды жәдігерлерді көрдік. Бұл дүниелер жақсының көзіндей ыстық тартты.
Сонымен қатар көрменің заттық бұйымдар орналасқан бөлігінде, Алаш мөрі, Алаш бланкісі және Алаш атты әскерінің «Начальникъ нестревой команды 1-го Алашского степного конного полка» деген мәтін таңбаланған мөрі, ақын Мағжан Жұмабаев қолданған портфель, Мұхтар Әуезов пайдаланған тоғызқұмалақ тақтасы, Сәкен Сейфуллиннің шапаны, көп жыл Қарағанды қаласында өмір сүрген, Алаш қайраткері Әлімхан Ермеков атамыздың қол сағаты, көзәйнегі, сызғышы, т.б. тарихи жәдігерлер қойылыпты.
* * *
Конференцияға жиналған қауым түске дейін алаштанушы ғалымдар: семейлік Тұрдығұл Шаңбай, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің доценті Ерлан Сайлаубай, ҰҒА корреспондент-мүшелері Амантай Шәріп пен Шерубай Құрманбайұлы қатарлы оқымыстылардың бағалы пікіріне құлақ түрсе, түстен кейін секциялық мәжілістерге бөлініп, басқосуды сәтті аяқтады.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан».