• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Қараша, 2017

Ескі көлікті жоюға 5 млрд теңге аударылды

395 рет
көрсетілді

Ескі көліктерді жоюға қабылдау бағдарламасына бір жыл толды. Ал елімізде осынша уақытта 34 605 жеңіл автокөлік жоюға қабылданып үлгерген. Тозған көлігін тапсырған қазақстандықтарға 5 млрд 190 млн 750 мың теңге қаражат аударылыпты.

Энергетика министрлігінің бас­тамасымен былтыр 21 қарашада «ӨКМ Операторы» ЖШС Тозығы жеткен көлік құралдарын жоюға өткізу бағдарламасын іске қосқан болатын. Құжат ережесіне сәйкес, М1 санаттағы салмағы 3,5 тоннадан аспайтын жеті орынға дейінгі жеңіл автокөлік құралдары қабылдану керек. Ескі көлігін жоюға өткізген көлік иелеріне ақшалай өтемақы төленеді. Берілетін өтемақы кө­ліктің жиынтығына қарай екі санат бойынша анықталады. Яғ­ни толық жиынтықтағы көлік – 150 мың теңге және толық емес жиын­тықтағы көлік 48 мың теңге көлемінде бағаланады. Бағдарлама талабы www.auto.recycle.kz сайтында толық көрсетілген.

Биылғы 26 маусымнан бастап елімізде жеңіл және жүк көліктерін жоюға тапсырып, отандық авто­өндірушілерден су жаңа көлік сатып алуға жеңілдік берілетін сертификат бағдарламасы да іске қосылды. Жеңілдікті сертификат құны тапсырылатын көлік құ­ралының санатына байланыс­ты 315 мың теңгеден 650 мың теңге аралығында бағаланады. Бұл жобаны жүзеге асыруға Энергетика министрлігі 23 000 квота қарастырған. Оның 20 мыңы М1 санатындағы жеңіл автокөліктерге тиесілі болса, 1836-сы M2, N1, N2 санаттарындағы жолаушылар және жүк көліктерінің, 1164-і M3, N3 санатындағы 5 тоннадан және 12 тоннадан жоғары көлік құралдарының еншісінде.

Мамандардың мәліметінше, сертификат бағдарламасы бойынша бүгінге дейін 4 494 автокөлік қабылданған. Табысталған сер­тификаттың 1710-ы отандық өн­дірушіден 930 автокөлік сатып алуға пайдаланды. Осы жерде айта кетерлігі, ережеге сәйкес, екі сертификатты біріктіруге болады. Бағдарламаның мақсаты – отандық паркті жаңартып, қа­зақстандық автоөндірісті ынталандыру және утильдеу саласының инфрақұрылымын қалыптастыру.

Қазақстанның 17 қаласында ӨКМ Операторының ескі көлік­терді тұрақты қабылдайтын бекеті жұ­мыс істеп тұр. Сонымен қатар облыс орталығынан шалғайда жат­қан елді мекендерді қамту мақ­сатында арнайы жылжымалы мо­бильді бекет қызметі іске қосыл­ған. Мобильді бекет 30 қазан мен 21 қараша аралығында Қарағанды, Ақмола, Павлодар және Алматы облыстарындағы жеті бірдей елді мекенді аралап, 300-ден астам ескі автокөлікті қабылдады.

Бағдарлама басталған күннен бері ӨКМ Операторы Тозығы жеткен көлік құралдарын сатып алу және сертификат беру бағ­дарламасы бойынша бас-аяғы 39 099 автокөлік қабылдады. Ескі көлігін жоюға тапсырған белсенді аймақтардың арасында Оңтүстік Қазақстан облысы көш бастап тұр. Одан кейін Қостанай мен Көкшетау қаласы үздік үштікте орналасқан. Жоюға ең көп тапсырылған көліктердің басым бөлігін кеңестік кезеңде шығарылған («Жигули», «Москвич», «Волга» т.б.) көліктері құрайды. Олардың арасындағы ең көнесі 1946 жылы шыққан «Москвич» болса, ең жаңасы – 2014 жылы шығарылған «LADA-21901» көлігі. Дегенмен, өткізілген ескі техникалардың арасында шетелдік көліктер де аз емес.

Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 4 миллионға жуық жеңіл автокөлік тіркелген. Со­ның 60 пайыздан астамының қолданыста жүргеніне 10 жылдан асып кеткен.

 

Асхат РАЙҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»