Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Бас прокуратураның бастамасымен және Президент Әкімшілігінің, Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің қолдауымен өтетін «Рухани жаңғыру – патриотизм негізі» атты ведомствоаралық байқау жайлы брифинг өтті.
Жиынға Бас прокурордың кеңесшісі – аға көмекшісі Нұргүл Қарағойшина, Қарулы Күштер Бас штабы Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы Қайсар Мұғалов, Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы Әкімшілік құқық департаментінің басқарма бастығы Қуаныш Мырзағали қатысты.
Аталмыш байқауға – Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Мемлекеттік күзет қызметі өкілдерінен құрылған 6 команда қатысатынын атап өткен жөн.
«Сайысқа қатысатын командалар 2 айналым бойынша сынға түседі. Оның біріншісі – мемлекеттік органның қызметі және рухани жаңғыру аясында атқарылып жатқан нақты істерге негізделген таныстыру мен бейнебаян сынды екі бөлімнен тұрса, ал екіншісі – «Рухани жаңғыру – патриотизм негізі» атты сахналандырылған көріністен тұрады. Жеңімпаздарды қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков бастаған қазылар алқасы анықтайды», деді Нұргүл Қарағойшина.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»