Сенбі күні Франция астанасы Парижде ауыр атлетикадан әлем чемпионатының жалауы желбіреді. Бұл бәсеке біздің ел үшін жағымды жаңалықпен басталды. Жарыстың басталуына екі тәулік қалғанда өткен Халықаралық ауыр атлетика федерациясының кезекті конгресінде еліміз 2014 жылғы әлем чемпионатын қабылдайтын ел болып шешілді. Сол жиында АҚШ, Ресей, Түркия, Таиланд, Польша Қазақстан, тағы басқа елдер әлем чемпионатын қабылдап, оны аса жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндіктері жететіндіктерін мәлімдеген еді.
Конгреске қатысып, көпшілік алдында сөз сөйлеген республикалық ауыр атлетика федерациясының президенті Қайрат Тұрлыханов: «Қазақстан жағы қандай маңызды шараларды қолға алса да, оны дүркіретіп тұрып өткізе алады. Ол үшін елімізде қолайлы жағдайдың барлығы жасалған. Елімізде спортты дамытуда көптеген ауқымды шаралар мен іргелі істер атқарылуда. Ең бастысы, бұл сала Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей назарында. Осыдан бірер жыл бұрын Елбасының Жарлығымен құрылған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқаты қоры бұл күндері спортшылар қауымына барынша қолдау көрсетуі жоғарыда айтылған сөзіміздің айқын дәлелі. Міне, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан осындай қамқорлықтың арқасында отандастарымыз халықаралық аренада орасан зор нәтиже көрсетіп жүр», – деді.
Басқа үміткер елдердің өкілдері де мәлімдемелер жасап, өздерінің өзгелерден артықшылықтарын көрсетуге тырысты. Конгресс барысында айтылған барлық уәжге құлақ асқан Халықаралық ауыр атлетика федерациясы мүшелерінің таңдауы ақыры Қазақстанға түсті. Бұл шешімді барлық делегаттар қолдап, 2014 жылғы әлем чемпионатын біздің елдің аса жоғары деңгейде өткізетінімізге сенімділік білдірді.
– Біздің бүйрегіміз Қазақстанға бекер бұрып отырған жоқ. Біріншіден, аталған елдің соңғы төрт-бес жыл шеңберіндегі толағай табысы таңдандырмай қоймайды. Екіншіден, олар қандай да бәсекені жоғары деңгейде ұйымдастыра біледі. Бұған дейін қазақстандықтар екі рет ересектер арасындағы Азия чемпионатын өткізген болатын. Бірін – 2005 жылы Алматы, екіншісін 2009 жылы Талдықорған қалалары қабылдады. Сары құрлық сайыпқырандарының басын қосқан қос жарыстың дүркіреп тұрып өткеніне көпшілік куә. Үшіншіден, бұл елде қызмет бабымен өзім бірнеше рет іссапармен болып қайттым. Жасыратыны жоқ, Қазақстанда мемлекет тарапынан спорт саласына өте жақсы көңіл бөлінеді. Ауыр атлетикаға деген халықтың ықыласы ерекше. Спорттық нысандары заман талабына сай. Сондықтан да біздер төрткүл дүние теңдессіздерінің басын қосатын дүбірлі доданы өткізуді Қазақстанға сеніп тапсырдық, – деп Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті Томаш Аян өз сөзін қорытындылады.
Париждегі жарыс осындай жағымды жаңалықпен басталды. Сөйтіп, 2014 жылғы лицензиялық әлем чемпионатының жалауы Астана қаласында желбірейтін болды.
Енді жарыстың өзіне келер болсақ, онда әлемнің әр түкпірінен 93 мемлекеттен келген 600-дей зілтеміршілер бақ сынауда. Алғашқы күні отандастарымыз бәсекеге түскен жоқ. Бұл сайыста Аспанасты елінің асығы алшысынан түсті. Әйелдер арасында 48 кило салмақта Тянь Юань топ жарса, ерлер сайысында 56 кило салмақта Ву Цзинбяо дара шықты. Есесіне жексенбі күні күллі жанкүйерлер қазақстандық Зүлфия Чиншанлоның теңдессіз өнеріне құлшына қол соқты. 53 кило салмақ дәрежесі бойынша бақ сынаған ол жұлқып көтеру жаттығуы бойынша басты бәсекелестері – түркиялық Айым Дасделен мен қытайлық Цзи Чжиннан төрт кило артық көтерді. Серпе көтеруде де қарқынын еш бәсеңдетпеген жерлесіміз алтыннан алқа тағынды.
Оған қоса жаттығудың осы түрі бойынша әлемдік рекордқа өзгеріс енгізді. Чиншанлоның нәтижесі – 227 (97 + 130) кило. Түркия аруы 219 (93+126) килолық көрсеткішпен күміске қол жеткізсе, Қытай қызы қола медальды иеленді. Оның нәтижесі – 214 (93+121). Сөйтіп, Париждегі додада зілтеміршілеріміздің алғашқы қадамы сәтті болып, бас жүлдені олжаладық. Зүлфия Чиншанлоның жеңісті жолы алдағы күндері өзге де жерлестерімізге жұғысты болуын тілейік.
Дастан КЕНЖАЛИН.