Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында еркін күрестен ересектер арасында Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған халықаралық турнир өтті. Жарысқа Қазақстан Республикасының облыстарынан және Жапония, Польша, Украина, Ресей, Бразилия, Моңғолия, Грузия, Беларусь, Әзербайжан, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттерінің құрама командаларынан 168 спортшы қатысып, бақ сынасты. Қатысушылар 57 келіден бастап 125 келі салмақ дәрежелерінде сынға түсті.
Жарыстың өтуіне Қазақстан Республикасы грек-рим, еркін және әйелдер күрес федерациясы, Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы, Жамбыл облысының грек-рим, еркін және әйелдер күрес федерациясы басшылық етті. Сондай-ақ, «Альтаис груп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жарыстың өтуіне демеушілік көрсетті. Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама командасы ойдағыдай нәтиже көрсетіп, еліміздің абыройын арттырды. Нәтижесінде 86 келі салмақта алматылық Әділет Дауланбаев пен 97 келі салмақта павлодарлық Мамед Ибрагимов 1 орынды жеңіп алды. Ал 61 келі салмақта ақтөбелік Нұрислам Санаев пен 74 келі салмақта алматылық Болат Сақаев 2 орынды иеленсе, 57 келі салмақта оңтүстікқазақстандық Қуатбек Мұхамбет, 65 келі салмақта жамбылдық Мейіржан Аширов және 61 келі салмақта қостанайлық Тимур Айтқұлов 3 орын биігінен көрінді.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы