• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Тарих 27 Қараша, 2017

Нұрсұлтан Назарбаев танымал түркі тұлғаларының көш басында тұр

348 рет
көрсетілді

Астанада Тұңғыш Президент күніне орай «Түркі әлемінде рухани жаңғыру: Тарих. Таным. Тұлға» конференциясы аясында  халықаралық Түркі академиясы ұйымы «Түркі барометрі» жобасы мен алғашқы зерттеу нәтижелерін таныстырды.

Жиында сөз алған академия басшысы Дархан Қыдырәлі «Түркі барометрін» іске асырудағы негізгі мақсат пен келешек жоспарлары туралы баяндады.

«Түркі барометрі сипаты жағынан Еуропа одағының «Еуробарометр» бағдарламасы мен әлемнің өзге де аймақтарында жүргізілетін зерттеулерге ұқсас жоба. Зерттеу жобасының негізгі мақсаты – түркі әлемінің қазіргі ахуалы, экономикалық, мәдени аспектілерге байланысты ой-пікірлерін зерттеу және халықтар арасындағы ынтымақтастық үшін оңтайлы тұстарын бағамдау. Бұдан кейін әр алты ай сайын зерттеу нәтижелерін жариялап отырамыз және жылына екі рет барометр қорытындысын шығару ойымызда бар», деген ұйым басшысы болашақта сауалнама аясы кеңейе түсетінін жеткізді.

Академия тапсырысымен «Қоғамдық пікір» ғылыми зерттеу институты жүргізген аталған жобаны институт жетекшісі, ғылыми кеңесшісі Ботагөз Рақышева таныстырды. Оның айтуынша, сауалнамаға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркменстан астаналарының тұрғындары қатысқан. Зерттеу барысында аталған мемлекеттердің әрқайсысынан таңдалған 500 респондент 50-ден астам сұраққа жауап берген. Респонденттердің орташа жасы 39-40 жас мөлшерінде. Оларға Түркі мемлекеттерінің мәдениеті мен өнеріне, саясатына, түркі әлеміндегі соңғы жаңалықтарға қатысты сауалдар қойылған.

«Мұндай ауқымды жоба біздің заманауи тарихымызда алғаш рет қолға алынып отыр. «Түркі барометрі» негізінен 8 блоктан тұрады. Сауалнамаға қатысушыларға «Түркі әлеміндегі ең беделді тұлға кім?» деген сұрақ қойылды. Респонденттердің басым көпшілігі Мұстафа Кемаль Ататүрік, Нұрсұлтан Назарбаев, Шыңғыс Айтматов, Режеп Тайып Ердоған, Гейдар Әлиев, Сапармұрат Ниязовтардың есімін жиі атады», деді Ботагөз Рақышева.

Ал түркі әлемінің жақындығы туралы сұрақ қойылғанда, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан тұрғындары бауырластық қатынасты жоғары бағаласа, Әзербайжан, Түркия, Түркменстан халқы «түркі елдерінің жақындығы айқын байқалады» деп жауап берген.

Академия президенті Дархан Қыдырәлі аталған жобаға қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі басшысының орынбасары Марат Мұханбетқазыұлына, сауалнама жұмыстарына атсалысқан өзге де құрылым өкілдеріне алғысын білдірді.

Ая ӨМІРТАЙ,

Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ

«Егемен Қазақстан