Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі Еуропаның барлық қалаларына үлкен тур ұйымдастырмақ.
Соның аясында бес музыкалық спектакль көрсетіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова, «Astana Musical» музыкалық театрының көркемдік жетекшісі, «Қазақконцерт» мемлекеттік мекемесінің бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, Мемлекеттік академиялық неміс драма театрының директоры Наталья Дубс толығырақ мәлімдеді.
Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Astana Musical» театрының, Мемлекеттік академиялық неміс драма театрының әртістері және «Қазақконцерт» мемлекеттік мекемесінің ұжымы 2017 жылдың желтоқсанында Еуропа бойынша үлкен тур өткізеді. Бұл турдың бағыты Берлин (Германия) – Париж (Франция) – Вена (Аустрия) – Брюссель (Бельгия) – Мәскеу (Ресей) сияқты ірі мәдени астаналарды қамтиды.
«Біздің әртістеріміздің қойылымдары өнеріміздің бәсекеге қабілеттілігін және әлемдік мәдениет саласындағы біздің ашықтығымызды айқын көрсетеді. Еуропаның бес астанасында «Ұлы дала театры» экскурсиясы шеңберінде «Astana Musical» музыкалық театры мен Республикалық неміс академиялық театры қазақстандық өнерді заманауи үлгіде таныстыруға және әлемдік театрлық үдерістерге төтеп беруге мүмкіндік береді», деп атап өтті Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова.
Неміс театрының труппасы еуропалық аудиторияға Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» драмасының жаңа, инновациялық нұсқасын ұсынады.
«Біз үшін Еуропадағы қойылым өте маңызды. Ал, аталмыш туындыға бар махаббатымызды, қиялымыз бен талантымызды жұмсадық, сондықтан бұл өте ерекше және бір мезгілде өте беделді болады деп күтеміз», деді Мемлекеттік академиялық неміс драма театрының директоры Наталья Дубс.
«Astana Musical» театрының көркемдік жетекшісі Асхат Маемиров Еуропа туры 3 желтоқсанда Берлинде басталып, 14 желтоқсан күні Ресейде аяқталатынын жеткізді.
Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»