Нұрсұлтан Назарбаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ОДКБ) саммиті аясында Минскіде Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековпен екіжақты кездесу өткізді.
Қырғызстан тарапынан жасалған өтініш бойынша өткен кездесу барысында президенттер екіжақты қарым-қатынасты дамыту мүмкіндіктерін талқылап, қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдай туралы сөйлесті.
Нұрсұлтан Назарбаев Сооронбай Жээнбековті Қырғызстанның президенті болып сайлануымен құттықтады. "Біз бауырлас халық ретінде, көрші мемлекеттер ретінде республикаларымыз арасындағы тығыз қарым-қатынасты дамыта береміз деп ойлаймын", дей келе Нұрсұлтан Назарбаев екі мемлекет шекарасындағы жағдайдың себебін көпшілік білетінін атап өтті.
Мемлекет басшысы екі елдің Үкіметтері бір-екі күнде жол картасын қарастыратынын, ол үшін Қырғыз Үкіметінің делегациясы Қазақстанға келетіндігін айтты. "Біз Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері жасаған жол картасын қарастырдық. Екі мемлекеттің жұмыс топтары оны жан-жақты талқылап, жол картасына қол қояды", деді Мемлекет басшысы. Оның айтуынша, Қазақстан тарапынан да, Қырғызстан тарапынан да шекараға бақылау қою туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ жүктерді тексеріп, шекарадан өткізетін болады.
Нұрсұлтан Назарбаев Сооронбай Жээенбековпен кездесу барысында екі елдің арасындағы туыстық-бауырластық қатынастың барлығын қайта орнына келтіруге келіскенін атап өтті. "Бұл - екі халықтың мүддесі. Мен Сооронбай Шәріпұлын Қазақстанға ресми сапармен шақырамын. Сол кезде барлық шаруаны артқа тастап, қазақ пен қырғыз арасындағы жағдайды түзететін боламыз", деді Елбасы.
Кездесу барысында президенттер баспасөз өкілдеріне брифинг өткізді. «Барлық проблемалар бойынша сөйлесіп, шешімге келдік. Екі елдің Үкіметтері жол картасын жасайды. Содан кейін көп мәселе шешіледі. Шешілмейтін проблема болмайды. Көп мәселе бар, оларды екі тарап бірігіп шешеміз деп ойлаймын. Желтоқсан айында жол картасы бойынша жұмыстар аяқталуы керек», - деді Сооронбай Жээнбэков. Сонымен қатар Қырғызстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын білдірдіп, Елбасына зор денсаулық, Қазақстан халқына амандық тіледі.
Естеріңізге сала кетсек, кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Беларусь Республикасының астанасы Минск қаласына барды. Жұмыс сапары аясында ол Беларусь президенті Александр Лукашенкомен кездесті. Одан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь Президентімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Келіссөздерден кейін Нұрсұлтан Назарбаев Александр Лукашенкомен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткізді. Сонымен қатар Елбасының Беларусь мемлекетіне ресми сапары аясында Минск қаласында Қазақстан-Беларусь бизнес-форумы өтіп, арнайы көрме ұйымдастырылды. Ал бүгін Нұрсұлтан Назарбаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық сессиясына қатысады деп күтілуде.
Гүлнұр Қуанышбекқызы,
"Егемен Қазақстан"
Минск (Беларусь)