Нұрсұлтан Назарбаевтың атына шығармашылық және зиялы қауым, қоғамдық ұйымдар мен іскер топ өкілдерінен, сондай-ақ Қазақстан мен таяу шетелдер азаматтарынан көптеген құттықтау хат келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Құттықтауларда Қазақстан Президентінің басшылық етуімен еліміздің қарқынды дамып, халқымыздың әл-ауқаты артып келе жатқаны, сонымен бірге әлемдік қоғамдастық тарапынан Қазақстанға деген сенімнің нығая түскені атап өтілген.
Осындай хаттарды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Б.Хасанғалиев, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты С.Досанов, опера әншісі М.Мудряк, «Kazenergy» қауымдастығы төрағасының орынбасары Ұ.Қарабалин, Қазақстанның Православие шіркеуінің басшысы, Астана және Қазақстан митрополиті Александр, Ресей Жаратылыстану академиясының профессоры М.Өтеубаев, Астана қаласынан Рогалевтар отбасы, Алматы қаласының тұрғыны Б.Жолымбетов, Павлодар қаласындағы орта мектеп оқушысы С.Шайзади, Рудный қаласының тұрғыны Е.Серікбайұлы, «Дустлик» өзбек этномәдени бірлестіктері қауымдастығының мүшелері мен «Kazzinc Holdings» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы жолдады. Тараз қаласындағы №54 мектептің 7-сынып оқушысы Н.Сәлімова мен Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы М.Әуезов атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Н.Бектұрова өздерінің ыстық ықыластарын өлеңмен жеткізген. Өскемен қаласының тұрғыны, «Нұр Отан» партиясының мүшесі С.Қалиғожин Нұрсұлтан Назарбаевқа өзінің өлең жинағы мен әндерін арнаған.
«Kazzinc Holdings» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорлар кеңесінің төрағасы Никола Попович «Сіздің бойыңыздан адалдық, шынайылық, толеранттық және бекзаттық сияқты қазақстандықтардың ең үздік қасиеттерін көреміз. Біз Сізді рухы биік әрі әлем сыйлайтын заманауи егемен елдің дамуы жолындағы мақсаттарға қол жеткізудегі табандылығыңызды құрмет тұтамыз», деп атап өткен.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының атына өзінің ыстық лебіздерін Маңғыстау облысының азаматтық қоғам өкілдері жолдаған. Олардың қатарында «Рухани жаңғыру – «Нұр капитал» форумына қатысушылар, облыс ардагерлері мен мәдениет қайраткерлері, оқытушылар мен медицина қызметкерлері, кәсіпкерлер, спортшылар, ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері және өңірдің белсенді жастары бар.
Мәскеуден жолданған жеделхатта қазақстандық ардагерлер Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық аренадағы беделінің зор екенін айтып, оның өңірлік шиеленістерді реттеудегі үлесін жоғары бағалаған. Хат иелері «Сіз бүгінде әлемнің беделді саясаткерінің бірісіз. Сіздің Сириядағы қақтығысты дипломатиялық жолмен реттеудегі еңбегіңізді Біріккен Ұлттар Ұйымы мен көптеген елдердің көшбасшылары бағалады. «Астана процесі» бұл елдегі ұрыс қимылдарын тоқтату жөніндегі нақты жетістік болып саналады», деп атап өткен.