• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
09 Қараша, 2011

Махаббат құдіреті

647 рет
көрсетілді

Елордадағы «Арсенал 3Д» кинотеатрында Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ пен «Кентавр Продакшн» ЖШС бірлесе шығарған режиссер Талғат Теменовтің «Менің күнәлі періштем» фильмінің тұсаукесері өтті. Фильмнің негізгі идеясы – махаббатқа адалдық пен ар таза­лығына үндеу. Қазіргі күннің ащы шындығы онда көпшілікке түсінікті ұғыммен баяндалады. Театр және кино әлемінде өзінің бірегей туындыларымен халық­тың сүйіспеншілігіне бөленген Талғат Теменов мұнда да өзін толғантар басты мәселені ал­дыңғы орынға шығарған. Бұл – махаббаттың алдында жас та, жасамыс та дәрменсіз, оның үсті­нен ешнәрсе үстемдік құрып кете алмайды деген ой. Болмаса Асхат Бабаевич (Мұрат Ахманов) сияқты сұлулық пен кіршіксіз сезімді дүниенің күшімен уысымнан шығармай ұстаймын деушілер мына қоғамда жетіп артылады. Егер өмір сондайлар­дың өлшеп-пішкен сызығымен өрбитін болса, онда адами құн­дылықтар әлдеқашан жер бетінен жойылып кетпей ме? Басты кейіпкердің аты-жөні жайдан-жай Айша Аброева (Құралай Анарбекова) деп аталмаса ке­рек-ті. Осының астарында үлкен мән жатқандай. Аброева арқылы қазақтың талай қаракөз қыздары­ның абыройы паш етіледі. Дүние-байлық үшін өз тағдырларын таптат­қан мұндай бейбақтар аз ба? Қыз тағдыры – қазіргі басты мәселенің бірі. Аруларын аяқасты еткен қоғамның сол қара дағын бейнелеуде Талғат режиссер өзі­нің осы туындысы арқылы көрер­менге көп ой тастайды. Өмірде өз кемшілігін түзеймін деген адамға ешқашан кеш емес екен. Идея авторы кейіпкерін теріс жолдан тегіс жолға шығарады. Азамат (Данияр Қанатқалиев) есімді жігітті кездестіргенге дейін Айша қалталы қолдаушысының ықпа­лы­нан шыға алмай, айтқанына көніп, айдауына жүріп келсе, екі жастың бір-біріне деген кіршіксіз махаббаты кейінгі өмірлерін өз­гертіп жібереді. Байлықтың ал­дын­да Азамат басын имейді, сүйіктісін ақшаға айырбастап кетпейді. Жоқ-жітік пен тапшы­лық­тың зардабын шеккен бойжет­кеннің өнердегі жолының сәтті өрілуіне, арманына қол жеткізуіне септігі тиген жебеушісі, аса дәулетті банкирді де жеме-жемге келгенде кешіре біледі. Оның қолымен тосыннан атылған оққа тек өзінің кінәлі екенін айтады. Режиссер ешкімге кінә артпайды, кінәлі жанды іздемейді. Фильм екі жастың қосылған бақытты шағымен түйінделеді. Шешуші мезетте Айша Парижге шақыру қағазын алып, шетелдік әріптес­терінен тәжірибе алмасуға атта­нып кетеді. Бірақ өмірде адамға бір ғана мәрте бұйыратын мөлдір сезімнен қымбат ештеңе жоқ екенін түсініп, елге қайта ора­лады. Отанға оралу мәселесі де қазіргі жастар өміріндегі күрде­лі проблеманың бірі десек, әсіресе шет елге білім қуып кетіп жатқан жастардың туған жерге бәрі оралып жатыр ма деген сұрақтың тууы заңды. Айша да сондай жастарымыздың бірі. Осы тақырып тереңдеп болмаса да, біршама деңгейде көтерілуі кейінгі туындыларға сабақ болар деген ойдамыз. Тағы бір ерекшелігі – фильм­ге француздың атақты актері Жерар Депардьенің түсуі. Ре­жис­сердің айтуына қарағанда, ол өзінің мейрамханасын ұсы­нып, фильмнің түсірілуіне көп қолдау көрсетіпті. Сонымен бірге, өз актерлерімізден мединсти­туттың профессоры рөліндегі Асылболат Ысмағұлов, Айша­ның анасының бейнесін сомда­ған Майра Омарова ойындарын атап өткен жөн болар. Фильмнің аты айтып тұр­ғандай,  «өзі күнәлі болса, ол қа­лай періште болады?» деген сұ­рақ­тың қойылуы да мүмкін. Жер бетіндегі адам баласының бәрі күнәһәр пенде. Ол туралы ойды толғай түссек, бір ғана фильм төңірегіндегі әңгіме аздық етері сөзсіз. Режиссердің мақсаты, жас­тарға ой салу шығар деп топшыладық. Бір адамды ойға батыра алған көрсетілім жолы болған дүние деп есептеледі. Міне, осы тұрғыдан келгенде, жұрт мұны қызыға тамашалай­тыны даусыз. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ. ______________________ Суретті түсірген Советбек Мағзұмов.