• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
09 Қараша, 2011

Бағы жанды жастардың

442 рет
көрсетілді

Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында жастар шығарма­шылығының «Шабыт» XIV халықаралық фестивалі өз жұмысын аяқтады. Биылғы жастар сайысы қай жағынан да көптің көңілінен шықты деп айтуға болады. «Ба­ғы жансын жастардың, Арыс­тандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Мен жастарға сенемін!» – деп ақын жырласа, міне, сол балғын жүректер өздерінің кестелі ойлары мен тылсым сырларын осы жоба арқылы жан-жақты жайып салғанына жиналған жұртшылық куә бол­ды. Астаналық Дана Рысбекова мен Дария Сәдуақасова цирк өнерінен кәсіби шеберліктерін көрсетсе, Маржан Арапбаева, Рүстем Жүгінісов пен «Елігай» хор тобы, Жәмила Жарқымбаева өнерлері көпшілікті сүйсінткен. Әрмен қарай да алты аталым бойынша жарыс көрігі қыза түскен. «Үздік әдеби шығарма», «Бейнелеу өнері», «Эстрада жан­ры», «Халық әндері», «Клас­­сикалық әндер», «Баян-аккардеон» номинацияларынан бақ сынасқан өнерпаздардың биыл өте көп болғаны көңілге қуаныш сезімін ұялатты. Президенттік мәдениет орта­лығында ұлттық әндер ата­лы­мындағы «Домбыра» және «Дәс­түрлі әндер» номинация­сының І кезеңі өтті. Ол екі күнге созылды. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» демекші, үкілерін желбіретіп жарысқа 42 өнерпаз қатысты. Әр қатысушы 3 күйден орындады. І кезеңде қатысушы­лар тарихи күйді, екіншісінде Ма­хамбеттің «Жауға шапқан», ал үшіншісінде Құрманғазының «Ақ­бай», Дәу­лет­керейдің «Топан», Тәттімбет­тің «Бестөре», «Бозайғыр», «Сарыжайлау» күй­лерінің біреуін таңдап орындады. Осылармен қатар Қазіргі заман мұражайында бейнелеу өнері мен қолданбалы өнер бойынша байқау өтті. Көрмеге түрлі-түсті бояулар, зергерлік бұйымдар, пан­нолар және ағаштан, шы­ны­дан, тағы да басқа бұйымдардан жасалған қолөнер заттары, бар­лығы 116 еңбек қойылған. «Дәстүрлі әннің» ІІ кезеңінде 43 қатысушыдан 17-сі, ал «Домбыра» номинациясы бо­йын­ша 42 қатысушыдан 15 күй­ші ғана бақ сынады. Байқау қо­рытындысы бойынша 8 қаты­су­шы арнайы дипломмен марапат­талды. Үкітай Ерниязов үшінші орынды, Болат Долдашев – екінші, ал бірінші орынды Ержан Жаменкеев иеленді. Бас жүлде Азамат Шынаровқа бұйырды. «Бейнелеу өнері» номина­ция­сына қатысушы жас сурет­ші­лердің көрме-байқауынан да көкейге көп нәрсе түюге бо­лады. «Декоративтік-қолдан­ба­лы өнер» байқауының І кезеңіне 16-35 жас аралығындағы 119 адамның қатысуының өзі бұл өнерге деген жастардың сүйіс­пеншілігін аңғартқан. Еліміздің 13 өңірінен, сондай-ақ Қырғыз­станнан, Моңғолиядан, Ресейден де дарынды жастар келіп қатысыпты. Көрмеге сурет­шілер­дің, киім-кешек дизай­нер­лерінің, оқытушылардың, жо­ғар­ғы оқу орны студенттерінің, тіпті, мектептің жоғары сынып оқушыларының да жұмыстары қойылған. Мұнда бірінші орын – Бота­гөз Зейнелханға, екінші орын – Бауыржан Досжановқа, ал үшін­ші орын Людмила Соболеваға берілді. Хакімжан Наурыз­бай­дың атаулы дипломын Ақтау қаласынан келген Сәуле Кульчикова алса, Нағима Өтепова атын­дағы арнайы диплом астаналық Әнуар Шаймергеновке табыс­талды. Президент Кубогына астана­лық дәстүрлі әнші Сырым Мұ­хамеджанов ие болды . Нұрзада КҮМІСБЕК. ____________________ Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.