Ақтөбеде Тұңғыш Президент күні«Қазақ халқына мың алғыс» ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Монумент - бір кездері Қазақстанға жер аударылған және бұл күндері оны нағыз отаны санайтын барлық ұлт өкілдерінің қазақ халқына деген ризашылығының белгісі іспетті. Жоба жергілікті кәсіпкерлердің қаражатына «Туған жер» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.
- Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатының арқасында көпұлтты елімізде халықтар достығы, бірлік, татулық пен тұрақтылық салтанат құруда. 26 жыл тарихи тұрғыдан алғанда көп мерзім емес, алайда Қазақстан осы уақыт аралығында үлкен жетістіктерге жетті. Бүгінде бүкіл әлем Қазақстанды тәуелсіз, мықты мемлекет ретінде таниды. Осының бәрі Тұңғыш Президентіміздің, оның сарабдал сыртқы және ішкі саясатының арқасында мүмкін болды. Еліміздің ең маңызды жетістіктерінің бірі көпұлтты қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтау болып табылады. Тарихи тұрғыда солай қалыптасқан еді. Біз миллиондаған қоныс аударушыларды қабылдап, аштық пен соғысқа қарамастан олармен барымызбен бөлістік. Бүгінде олардың ұрпақтары Қазақстанды өздерінің туған үйлері, өз Отанымыз деп атайды, – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өзінің құттықтау сөзінде.
Ұзындығы отыз метр болатын ескерткіш шартты түрде әрқайсысы ерекше мағынаға ие бес фрагментке бөлінген. Фрагменттердің біріндегі жер шарында орналасқан Қазақстан картасының бейнесі ел аумағының мызғымас берік негізін көрсетеді. Мұнда, сондай-ақ, Қазақстанның ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі тарихы туралы ақпараттар бейнеленген.
Жеті қырлы баған түріндегі ескерткіштің негізгі діңгегі болашаққа тұрақты даму идеясын білдіреді. Бағанның жеті қыры қазақстандық даму идеясының оң ниеті мен киелі тұнықтықтығын айқындайды.
Ескерткіштің жоғарғы жағында отбасының, туған өлке тарихының, азат халықтың нышаны іспетті киіз үй түрінде бейнеленген композиция орнатылған. Композицияны ел Тәуелсіздігі мен Қазақстанның сабақтастық пен тұрақты дамуға ұмтылуын білдіретін ұшуға қанатын жайған қыран бейнесі аяқтайды. Ескерткіштің артында 14 бағанадан тұратын 85 метрлік бағаналар қатары орнатылған.
Мерекелік іс-шара Шығармашылық орталықтың жаңа концерттік залында «Елімнің тірегі – Елбасы» гала-концертімен жалғасты. ҚР халық әртісі Досхан Жолжақсынов, белгілі композитор әрі қоғам қайраткері Төлеген Мұхамеджанов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қарагөз Сүйлейменова мен өзге де қазақстандық эстрада жұлдыздары өздерінің өнерлерімен ақтөбеліктерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Ақтөбе облысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін мерекелеуге орай елу әлеуметтік, өндірістік және коммерциялық нысандар пайдаланылуға беріліп, жүзден астам қоғамдық-саяси және мәдени-бұқаралық шаралар, сондай-ақ халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарына арналған қайырымдылық шаралары өткізілді.