Жуырда Би-Би-Си-дің орыс қызметі Дағыстан және чешен халықтарының ұлттық батыры Қажымұраттың Санкт-Петербургтің музейлерінің бірінде сақтаулы тұрған бас сүйегін Чешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың сұратып, жер қойнына беруге ниет еткені туралы жазды.
Бұл бізге Кенесары ханның оқиғасын жадымызда жаңғыртып, оның да бас сүйегі отарлаушылардың алып кетуімен музей қорларының бірінде сақталып, осы күнге дейін табылмай отырғанын еске салды. Сонымен бірге жауларының бас сүйегін жинау сияқты тағылық дәстүр Ресей империясында ХХ ғасырдың басына дейін жалғасқанын көріп отырмыз. 1923 жылы большевиктердің қолынан қаза тапқан Кейкі батырдың бас сүйегінің былтыр ғана Мәскеуден елге жеткізілген тағдыры бұл сөзімізге дәлел. Мың мұсылманда мұндай дәстүр жоқ. Олар дұшпанына өлгенде де әділ болып, мәйітін бөлшектеп, паршаламайды.
Қажымұрат Ресей патшалығының жаулап алуына қарсы Кавказ халықтарының азаттық (ғазауат) күресін 1859 жылға дейін, яғни 25 жыл бойы жүргізген имам Шәмілдің сенімді серіктерінің бірі, қолбасшы мүриді, наиб имам. 36 жасында жауларының қолынан опат болған. Ол да имам Шәміл секілді авар халқынан шыққан. Патшалықтың озбыр саясатын сынаған орыс халқының озық ойлы өкілдері Шәмілдің күресіне іш тартса, әскер басшыларының өзі тұтқынға алғанда оған құрметпен қараған. Оның оң қолы болған Қажымұратты орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой кейіпкер етіп, кітап жазғаны да белгілі... Кейбір деректерге қарағанда Қажымұраттың арғы тегі авар хандарынан тарайды. Туған жылы дәл анықталмаған, бірақ жоба бойынша 1816 жылғы деп топшыланады. Ал өлген жылы 1852 екендігі анық.
Қажымұрат Ресей патшалығымен ортақ тіл тапқан авар хандығының мұрагерлерімен жақын болып, имам Шәмілдің ғазауат соғысына да, оның мүридтік қозғалысына да көп уақыт қосылмаған. Алайда 1840 жылы Шәмілмен құпия байланыста деген жаламен оны Ресей патшалығының әкімшілігі тұтқындап, Темірхан шораға айдайды. Жолда Қажымұрат өзін айдап келе жатқан екі айдауылды бірге тартып, құз жартастан секіріп кеткен. Жанындағылар өлгенде Қажымұрат тек аяғын ғана сындырыпты. Осы жылдан бастап ол Шәмілге қосылып, өмірінің соңына дейін оның сенімді серіктерінің бірі болды. Оның батылдығы мен ептілігі, қайтпас қайсарлығы туралы артында ұмытылмас аңыздар қалған. Басқыншыларға қарсы жосын жорықтар жасап, ержүректіліктің керемет үлгілерін көрсетіп тұрған. Оның ерліктерін Дағыстан ғана емес, Чешенстан ерлері де өзіне үлгі тұтады. Қасындағы шағын тобымен ол тұтқиылдан шабуылдап, жау қосынын жиі-жиі сан соқтырып отырған. Қолға түсірген олжаларын жарлы-жақыбайлар мен жетім-жесірлерге бөліп берген. Сондықтан да оған деген халық сүйіспеншілігі әлі де ұмытылмай келеді. Басқыншыларға қарсы атамекені үшін күрескен тау халқы ерлерінің арасында Қажымұраттың батырлығы осы күнге дейін өрлік пен ерліктің үлгісі ретінде аталады.
Көріп отырғанымыздай, Қажымұраттың барлық тарихы Кенесарымен ұқсас. Екеуі де ХІХ ғасырдағы патша басқыншыларына қарсы азаттық жолындағы күресте ел бастаған ерлер. Кейінгі тағдырлары да ұқсас болып, екеуінің де бастарын саны көптігімен алғанына мәз болған басқыншылар музейге қойып, кейінгі ұрпағына «мақтанышқа» көрсетуде...
Қажымұрат қазіргі Әзербайжанның Гах ауданында 1852 жылдың 5 мамырында қасындағы төрт серігімен бірге 300 казакпен шайқасқан тең емес соғыста шейіт болған. Соның өзінде батыр 17 жауын жер жастандырып, қоршаған жерден қашып шыққанда нөсердей жауған оқтың астында қалып, қаза табады.
Қажымұраттың денесі осы жердегі Онджалы деген ауылдың қасына жерленген, ал басын кесіп әкеткен жаулары Санкт-Петербургтің Әскери-медициналық академиясына тапсырады. Оның зираты әлі күнге мұсылман таулықтардың зиярат ететін мекені. 2015 жылы Мәскеудің Ұлттар үйінде туғанына 200 жыл толуына байланысты оны еске алу шарасы өткізілген.
1959 жылы бас сүйектерді тізімдеген комиссия оның басын тауып, Антропология және этнография (бұрынғы Кунсткамера) музейіне өткізеді. Қазір бұл музей федералдық өкіметтің қарауында. 2015 жылдан бері бас сүйектердің тағдырымен Мәдениет министрлігінің комиссиясы айналысады екен. Міне, батыр туған оғландардың бас сүйектері осындай тағдырға ұшыраған.
Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»