Баяғыда бір апамыздың «Қой көрмесек те ешкілі байдың қызы едік» дегеніндей, бұрын нарық, нарықтық қатынастар дегенді әлемдік макроэкономикалық оқулықтардан ғана білетінбіз. Ал мына жалғанда өзгермейтін ештеңе жоқтығының ақиқат екендігіне тәуелсіздік алғанда анық көзіміз жетті.
Нарықтық қатынастар өмірдің барлық бейнесіне, тіпті адамдық аралас-құраластықтың өзіне өзгеріс енгізген. Бұрын ауылда көрші хақысы ретінде ағайындықпен жасалатын шөп әкелуге, көмір түсіруге көмектесу, бір жаққа алып барып, алып келу деген қолқайыр, жалпы, көмек атаулының да өзінің бағасы анықталып қалды. Қаладағы өмірде екібастан әр нәрсенің кесімді бағасы бар. Бірақ сол кесімді баға сізбен кәдімгідей ойнайды. Кейде тіпті жүйкеңізге тиеді.
Көлігім жоқ болғандықтан базардан алған азық-түлігімді үйге жеткізудегі таксиден көретін «қызығым» көп, дейді бір танысым. Тұрақты тұтынушы болған соң олар да әбден танып алған. Лып ете қалып 4 аялдама шамасындағы үйіме 500 теңгеге әкеліп тастайды. Бұл жұмыс күндері болатын жайт. Ал сенбі, жексенбі күндері әлгі жігіттердің бағасы өзгереді. Енді менен 1000 теңге алады және ешбір мәмілесіз 500 теңгеден тағы бірнеше адамды алады. Содан ең болмаса 1000 теңге алып отырған мені бірінші апарып тастаса құп-ақ қой, жоқ біз шарлап сол жағалауға да өтіп кетіп, одан тағы бір мекенжайға барып үйге әзер келеміз. Жүйкең жұқармай ма? Жұқарады. Айтсаң, әпке, ия қарындас, енді бос кетпейін, күнделікті нәпақамның үстіне осы сенбі-жексенбіде тиын-тебенімді еселемесем болмайды, неге түсінбейсіз, деп өзіңе бас салады.
Өткен жолы кезекті бір баспасөз мәслихатынан шыққан соң такси ұстағанмын. «Регионға» қарасты таксидің таксометрі отырғаным үшін 400 теңгені бірден ұрған. Содан әр шақырым сайын 80 теңгеден жиналып, аяғында үйіме 1200 теңгеге алып келді. Сіз таксометр тұрғандықтан жүрген шақырымға ғана неге алмайсыз, тек отырғаны үшін 400 теңге ақы талап ету томпақ екен», дегенде, сіз мұны маған емес, қалалық әкімдікке айтыңыз. Қызмет көрсетуімізге осындай тариф енгізілген, біздікі қайта құдайына қараған баға. Әрбір отырғызғанға 600-800, тіпті одан артық алатындары, әрбір шақырым үшін 120 теңге белгілейтіні де бар. Сондықтан біздікі белгіленген бағамен қызмет көрсету. Әрине халыққа қиын екенін түсінеміз, бірақ біз ойымыздан шығарған баға емес», деді.
Содан елордадағы такси қызметінің бағасын білуге ден қойдым. Рас, баға сан-алуан. Мәселен, тек отырғаныңыз үшін 500 теңгеден 1500-ге дейін алатыны да, әр шақырымына 50 теңгеден бастап 100 теңгеден, тіпті одан да көп соғатын таксометрлері бар такси қызметтері де қала көшелерінде жөңкіліп жүр. Диспетчерлерге қала ішіндегі бір ғана қашықтыққа барудың қанша болатынын есептеп беруін сұрап білгенімде, ең арзаны 600 теңге, қымбаты 1000 теңгеге дейін барды. Арадағы айырма 400 теңгені құрайды екен.
Америка, Еуропа, Азияның көптеген елдерінде болып, такси қызметіне жүгінгеніміз бар. Салонның ішіне енгеніңіз үшін ғана ақы алуды еш жерден кездестірмеппіз. Жазда ЭКСПО-ға келген туристі әуежайдан қалаға жеткіземін деп қалтасын қаққан такси жүргізушісі жөнінде әлеуметтік желілердің бетінде ел шулап кеткен-тін. Ал күнделікті өмірде жүгенсіз бағадан қала тұрғындары қаншама тиынынан қағылуда? Көлік кіргенің үшін жон теріңді сыпырғандай сыдырып тұрып теңге алса, не болғаны сонда?
Бұл күнде бағадағы бассыздықтан аяқ алып жүре алмайсыз. Нарықтың да мәдениеті, белгілі реттеушісі болуы керек емес пе?! Төбеге қарап тұрып бағаны «қалтадан алып» қоя салудың жойдасыз түрі өршіп барады. Қарапайым халықтың жүйкесін жеп, қалтасын «тесік» еткен жабайы нарықтан мәдениеті бар, иманды нарыққа қашан қол жетеді екен?..
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»