• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
05 Желтоқсан, 2017

Халық университеті

577 рет
көрсетілді

Ұлы суреткер М.О.Әуезов му­зей-үйінде 35 жылдай жұмыс жа­саған қазақ әдебиеті мен өнері уни­верситеті – рух пен парасаттың орда­сындай, ақыл мен ойдың шам­шырағындай еді. 

Мұнда рухани және заттық мәдениеттің мәңгілік ес­керткіштері, қазақ фольклоры мен әдебиетінің түп-тамырлары, тіл тарихы, көне қолжазбалар, жер-су атаулары, музыка, архитектура, бейнелеу, суретшілік, жы­раулық-жыршылық, күйшілік өне­рі хақында мейлінше мазмұнды, са­палы лекциялар оқылды. Осы дә­рістердің барлығын ләззаттанып тыңдаған тыңдаушылардың саны 40 мыңнан асып жығылады екен.

ХХ ғасырдың 60-80 жылдарын­дағы табаны жалпақ тарланбоз білімпаздардың лекция-дәрістерінің шынайылық деңгейі жоғары ой-тұжырымдарының мән-мағынасы қандай десеңізші! Академик Р.Бер­дібай жазбаларына жүгінсек, мысалы, ғұлама Ә.Марғұлан «Қазақ халқының этногенезі» дейтін дәрісінде (24.11.1972) ғұндар, түрік, қаңлы, қара­хандар, қарлұқтар, қыпшақтар, Орхон-Енисей жазулары, қала мәде­ниеті, тұлғатану тарихы жайында ұшан-теңіз мәліметтер айтқан-ды. Бұл кісінің әрбір лекциясының өзі бір-бір оқулыққа пара-пар.

Жазушы Ілияс Есенберлин «1943-1944 жылдардан бастап қазақ тарихы туралы материал жинай бастадық. Ермұханмен бірге... Трилогияның атын ойша «Ақ Орда» деп қойған едім». (08.12.1972).

Халық жазушысы Сәбит Мұқанов­тың 1973 жылдың 23 ақпанында оқыған лекциясында: «Тарихты тексеруді Санжар Аспандияров үйреткен еді. Сәкен көп шұғылданды. Онан кейін Мұхтар. Бір аяғым ескі ауылда менің. Мен Шәкәріммен, Мәшһүр Жүсіппен хат жазысқам» дегеніне қарағанда сол кездің өзінде-ақ Алаш қайраткерлері хақында ой-пікірлер сабақтаған-ды.

Университет бастауында тұрған оның ректоры Рахманқұл Бердібай «Тұран тағылымы» сабағында: «Түрік бірлігінің тарихы, қазіргі жағдайы және келешегі жөнінде сөйледім» дейді (13.06.1962).

1977 жылдың 25 наурызында Мұх­тар Әуезов турасында С.Бега­лин, Ә.Әбішев, Т.Әлімқұловтар есте­лік­тер айтқанда, ұлы суреткердің ұлтжандылығына Әлжаппар Әбішев мынадай мысал келтірген: «Бір кезде ол Мәди туралы некролог жазғаны үшін жас ұлтшыл атанған. Батыс Сібір автономиясының жиналысында Мұхаң күшті сөйлепті. ...Соколовтың естелігінде оны «бұйрабас жас жігіт, деп атап, батылдығына таң қалыпты. Бұл жиналысқа Ленин де, Сталин де қатысқан екен...»

Түркітанушы Ғ.Айдаров «Білге қаған» жазуы жөніндегі дәрісінде: «Орхон жазуының түрік халықтарына ортақтық дәрежесі түрліше. Қазақ тіліне жақын лексика – 87%, 7-8% архаизмдер» - деген (27.12.1985).

Ұлттың рухы, жаны, сыры, тарихы, санасы, дүниетанымы – тілінде. Қазақ тілінің 10 томдық түсіндірме сөздігі жайында өткен дәрістегі (11.02.1988) тілші Ахмеди Ысқақовтың мәліметіне сүйенсек: «Қорымызда 1,5 млн карточкалар бар екен. Кейін 4,5 млн карточкаға жеткіздік. 67 мың сөз, 24 мың тіркес, 103 мың лексикалық единица қойылды». Сөздік жасау идеясының иесі Қ.Жұбанов екен. Ғалым Ә.Болғанбаевтың пікіріне ден қойсақ, «1947 жылғы қаулыдан кейін үш мың карточка (Сәкен, Ілияс, Бейімбет, арғы эпос, т.б.) өртеліпті».

Бұл іске (карточка жасау) Сәтбаев­тың, Әуезовтің ақыл-кеңесі көп тиген.

Күні бүгінге дейін қазақ тілінің сөздік қорының есеп-қисабы жоқ. Рухани жаңғыру – тіл мәдениетіне де қатысты.

Көне түркі жазуы мен армян жа­зуындағы қыпшақ ескерткіштері тари­­хилық, танымдық мәні терең дәріс­тердің қатарында. Айталық, лек­тор М.Дүйсеновтың көрсетуінше, Шу­мер жазуы б.з.б. 3-4-ші мыңжыл­дықтарда пайда болған, көне жазу ру таң­баларынан басталған, әріптің арғы тегі арамейден, араб әрпі де арамейден. Финикия жазуы­нан грек әріптері туындаған, Византия жазуына грек жазуы тірек болған, ғұн мен көне түркі жазуында байланыс бар болған» (27.03.1981).

Сөз жоқ, осы бір аталған ой ұш­қын­да­ры­нан замана зиялыларының ұлт­тық тарихқа, төлтума мәдениетке, тұлғатануға, елдік мұратқа, қоғамға көзқарасын толық тануға болады.

Университет жұмысын жоспарлау, оқу жылының бағдарламасын шығару, дәріс өткізу, мерзімді баспасөзде ха­бар­­лап отыру – еңбекті ғылыми ұйым­дастыру мәдениетін меңгерген академик Р.Бердібайдың дағды-машығы. «Мен үшін әр сабағым орден. 500 сабағым – 500 орден. Мақсатымыз мүлгіп жатқан ойды ояту, қазақтың өз мұрасын өзіне қайтару... Қызығым да, рахатым да, қасіретім де – қазақтың тарихы, байтақ мұрасы. Қазақ үшін істеген әрекеттердің бәрі қуаныш» – деуші еді түрік бірлігінің жалынды жаршысы, «мұраттастар мәслихатын» көксеуші, «мағыналар қазынасын» діттеуші Р.Бердібай.

Халық университеті – ХХ ғасырдың 2-ші жартысындағы қазақтың ғылыми ойлау әлеуетінің жарқын көрсеткіші болып қала бермек.

Серік НЕГИМОВ, филология ғылым­дарының докторы, профессор