• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Парламент 05 Желтоқсан, 2017

Мәжілісте мәдениет саласының жай-күйі талқыланды

678 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінде «Мәдениет саласындағы мемлекеттік саясат «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру тұрғысында» тақырыбымен Үкімет сағаты өтіп, онда елдегі мәдениет нысандарының материалдық-техникалық жабдықталуы мен мәдениет қызметкерлері тұрмысы және ауылдық жерлерде мәдениет ұйымдары желісінің жай-күйі сынды мәселелермен қатар, алда тұрған жаңа жобаларды жүзеге асырудың тетіктері талқыланды.

Мәжіліс Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева жетекшілік еткен жиында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы негізгі баяндама жасады.

«Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында ауқымды жобалар бойынша іс-шаралар басталып кетті. Латын әліпбиіне көшу жөнінде Президенттің Жарлығы шықты, «100 Жаңа есім» жобасы қорытындыланды. Бұл жобалар бірнеше жылға бағытталған. Ендігі жерде қабылданып, орындалатын іс-шаралар халқымыздың мәдени тал­ғамын және жалпы мәдениеттілік дең­гейін көтеруге бағытталуының маңызы зор екендігін естен шығармауымыз қажет», деді Г.Исимбаева өзінің алғы сөзінде.

Ал одан кейін министрлік атқарып жатқан шаруалар жөнінде мәлімдеген А.Мұхамедиұлы жұмысты жетілдіру мақсатында 2014 жылы Президент Жарлығымен тарихымызда тұңғыш рет Қазақстан Республикасындағы Мәдени саясат тұжырымдамасы бекітілгенін атап өтті. Оның айтуынша, аталған құжатқа сәйкес, саланы дамытудың шешуші бағыттары түгелдей жаңғыртылып, әрбір өңірдің мәдени әлеуетін бренд ретінде ілгерілетуге арналған негізгі туристік-мәдени кластерлер анықталған. Сол сияқты осы тарихи құжатқа сәйкес репертуарлық саясатты реттеп, күшейту жолында өнердің түрлі саласы бойынша елімізде бұрын болмаған 13 көркемдік кеңес дүниеге келген.

«Олардың қатарында театр, музыка, цирк, хореография өнері, киноөндіріс, музей, кітапхана ісі, археология, қорық-музейлер, көркемсурет, сәулет, дизайн өнері, әдебиет және кітап шығару жөніндегі кеңестер бар. Бұл кеңестер белгілі мәдениет қайраткерлерінің қатысуымен жыл сайын өткізіліп, мәдениет және өнер саласын дамыту бойынша өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылайды», деді министр.

Бүгінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» мен «Қазіргі заманғы Қазақстандық мәдениет жаһандық әлемде» және «Мемлекеттік тілдің латын қарпіне көшуі» арнайы жобаларының басты орындаушы органы болып табылады. Бұл жобаларды тиімді жүзеге асыру мақсатында Ұлттық музей жанынан «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту орталығы және ең білікті мамандарды біріктірген «Туған жер» Қазақстан өлкетанушылар бірлестігі құрылған. Мамыр айында жобаның алдына қойған міндеттерін белгілеп алу мақсатында барлық өлкетанушылардың қатысуымен Бірінші республикалық форум өткендігін де айта кеткен жөн.

Ал киелі орындарды анықтау және зерттеу мақсатында ғалымдардың қатысуымен Қазақстанның барлық өңірлеріне 6 бағыт бойынша – Солтүстік, Батыс, Шығыс, Оңтүстік, Орталық, Оңтүстік-Шығыс деген атаулармен экспедиция ұйымдастырылған. Нәтижесінде, жалпы ұлттық маңызы бар 100, жергілікті маңызы бар 500 киелі жердің тізімдері жасалып, жүйеленген. Министрдің айтуынша, бұл тізімдерді толықтыру жұмыстары алдағы жылдары да жалғасатын болады.

Отырыста министр баяндамасынан кейінгі сұрақ-жауап бөлімінде депутаттар қалың бұқараның көкейінде жүрген бірқатар мәселелердің мән-жайын сұрап, анық-қанығына көз жеткізді. Мәселен, алғаш болып сауал қойған депутат Қуаныш Сұлтанов Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының жаңа ғимаратының қашан салынатындығын сұрады. «Осыдан біраз жыл бұрын Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ театры құрылысы туралы Үкіметке берген сауалыма оң жауап алып едім. Сол театр үйі қашан, қай жерде салынады?» деді депутат.

«Жақында ғана Елбасы Астананың бас жоспарын көргенде Қ.Қуанышбаев театрына жаңа ғимарат салу мәселесі қаралған еді. Жаңа ғимарат құрылысының жұмысы «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамына жүктелді. Бүгінде ол үшін жер қарастырылып жатыр. Астананың 20 жылдық мерекесі шарасында алғашқы құрылыс капсуласы міндетті түрде қағылады», деп жауап берді министр.

Сондай-ақ депутаттар сөз еткен өткір мәселенің тағы бірі мəдениет саласы қызметкерлері еңбекақысының төмендігі болды. Өз кезегінде А.Мұхамедиұлы оны жоққа шығармады. «Көпшілік жағдайда аш адам шығармашылықта табысты болады деп жатады. Оған Бетховен мен Моцартты мысалға келтіреді. Осы орайда айтарым, біздің таланттарымыз мардымсыз жалақы алып жүрсе де халықаралық деңгейге шығып жатыр. Әртістер өз талантымен биіктерді бағындырса, кітапхана, музей, мәдениет үйлері сынды салалар қаржылық қолдауға мұқтаж болып отыр», деді Мәдениет және спорт министрі.

Сондай-ақ аталған мәселе бойынша сөзге араласқан Қаржы вице-ми­нистрі Татьяна Савельева мен Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-минис­трі Светлана Жақыпова мәдениет сала­сын­дағы еңбекақыны төлеу мәселесі өте өзекті екендігін айтты. «Мемлекет дең­гейінде олардың жалақысы 2005 жылдан 2011 жылға дейін 5 рет 25-30 пайызға көте­ріліп отырған. Соңғы рет мәдениет қыз­мет­керлерінің жалақысын төлеуді рефор­малау аясында 2016 жылы 40 пайыз­ға көбейтілді», деді Т.Савельева. Ал С.Жақыпованың айтуына қарағанда, өткен жылы жүргізілген еңбекақыны төлеу реформасы аясында 50 мыңға жуық мәдениет қызметкерлерінің жалақысы өскен. Әсіресе, ең төменгі жалақы алатын кі­тапханашылардың жалақысы 52 мыңнан 70 мың теңгеге дейін, архив қызмет­кер­лерінің жалақысы 44 мыңнан 62 мың теңгеге көтерілген.

Алқалы жиын аясында Арыстанбек Мұхамедиұлы отандық кино өндірісі туралы айта келе, Қазақстанға Голливуд ин­вес­тициясын тартуға қатысты пікір біл­дірді. Оның түсіндіруінше, бүгінде қазақ­стандық прокаттағы отандық кино үлесі 6 па­йызды құрайды. 2014 жылдан бастап, ми­нистрліктің тапсырысы бойынша, 194 картина шығарылып, соңғы үш жылда 200-ден астам туынды көптеген фестивальдер мен халықаралық көрсетілімдерге қатысқан.

«Біздің міндетіміз әлемнің жетекші кинокомпанияларымен шедевр түсіру. Жақында ғана Лос-Анджелесте Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмін, классикамыз «Қыз Жібекті», Рүстем Әбдірашевтың «Алмас қылышын» және Елбасы туралы «Балалық шағымның аспаны» туындыларын көрсеттік. Бұл фильм­дер елеулі табысқа кенелді. Көрсетілім кезінде әлемдік кино компаниялардың жетекшілерімен жүздестік. Paramount Pictures, Warner Brothers, HBO, Disney сын­ды кинокомпаниялардың вице-прези­денттері Қазақстан нарығына қатысуға ниет білдірді. Яғни олардың инвестиция­лары мен шығармашылық әлеуетін Қа­зақстанға әкеле аламыз», деді министр.

Осылайша, Үкімет сағатының нәти­желері бойынша бірқатар ұсыныстар әзір­леніп, олар Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне тапсырылды.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»