• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
09 Қараша, 2011

Көркейген Көкпекті

270 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді. «Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады. Төменде Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті ауылынан фоторепортаж беріліп отыр. ___________________

КӨРКЕЙГЕН КӨКПЕКТІ

Сонау нарық қатынастарына өтпелі кезеңде Көкпекті ауданының тұрғындары қаржы тап­шы­лы­ғы салдарынан қатты күйзелді. 1997 жылы оң­тай­лан­дыру саясаты негізінде бұрынғы Самар ау­да­ны­мен біріккен соң, «Қолы қимылдағанның, аузы қи­мылдайды» дегендей, экономиканы алға бас­тыру қамымен біршама істер тындырылды. Алайда көптеген ауылдардың тоз-тозы шығып, аудан ор­та­­лы­ғындағы бірқатар әлеуметтік ғима­рат­тар ұста­ғанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Еліміз тәуелсіздік алған жылдар ішінде ауданда көп істер атқарыла бастады. Соңғы 2 жылдан бері ауданды  білікті басшы Дүйсенғазы  Мусин бас­қа­рып келеді. 9 жыл бойы көрші Жарма ау­да­нын іскерлікпен басқарып ауданды алдыңғы қа­тар­ға шығарған, сол қажырлы еңбегі үшін «Құр­мет» орденін омы­рауы­на таққан Д.Мусин ауданды көркейту, эконо­ми­каны өрге бастыру жолында ізденістер таныта бас­тады. Ол ең алдымен Көкпекті ауылының көше­лерін жөндеп, асфальт төсеттірді. Иесіз қалған ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізді. Бұдан 2 жыл бұрын облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бас­тамасымен «Туған жерге тағзым» акциясы дүниеге келген еді. Ондағы мақсат осы жердің түлектері, кәсіпкерлікпен шұғылданып жүрген жаны жайсаң азаматтарды туған елінің экономикасын көтеруге тарту болатын. Бұл шақыруға ең бірінші болып Көкпекті ауданында кіндік қаны тамған, қазір Алматыда тұратын Нұрбек Уалиев үн қосты. Нұрекең «Елім-ай» деген бағдарламаны дүние­ге әкеліп, Көкпектіде 216 млн.теңгеге тұрғын­дар­ға қызмет көрсетуге арналған кешен салып берді. Ол ауданның 80 жылдық мерейтойы қар­саңында салтанатты жағдайда ашылды. «Елім-ай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі еліміздегі ең ірі серпінді жобаға енетін сиыр етін шетелдерге экспортқа шығаратын мал бордақылау кешенінің құрылысын бастап кетті. Оның сметалық құны 4 млрд. теңгеден асады, аяқталу мерзімі – 2012 жыл. Аталмыш кешен Көкжайық ауылында бой көтермек. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойын Көкпектінің тағы бір іскер азаматы Тұрарбек Ракишев өзіндік сый-сияпатымен қарсы алмақ. Ол 15 млн.теңгеге Самар ауылында «Ромат» атты фирмалық дәріхананы іске қосты.  Биыл Көкпекті  ауылында 90 орындық  балабақша, Самар ауылында  балабақшаға  қосымша 75 орынды 3 топ ашылды. Балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту және тәрбиелеудің өсу қарқыны 9 ай бойынша 110,1 % құрады. 2011-2012 жылдарға  2 білім беру нысанын салу жоспарланды. Ақой  және Мамай ауыл­дарын­да 80 орындық мектептің  құрылысы аяқталмақ. Денсаулық сақтау саласында әлеуметтік маңыз­ды көрсеткіштердің реттелуі бақыланды. 2010 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда сә­би­лердің  туу деңгейі өсіп, ол 120,3 %-ды  құра­ды, бұл облыс аудандары арасында 1-орын деген сөз. Көкпекті ауданының барлық ауылдық округтері қазір ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын есте сақталатындай мәнді де сәнді өткізуде. Ауылдар көркейіп, ағаш көшеттері отырғызылды. Мектептер мен мекемелер, ұжымдар мерейтой құрметіне бағдарламалар жасап, қарттар және ардагерлермен кездесулер өткізіп, қайырымдылық акциясын ұйымдастыруда. Аудан әкімі Д.Мусин­нің айтуынша, биыл Көкпектіде мәдениет үйі, балабақша, оқушылар демалатын жазғы лагерь ашылыпты. Ағымдағы жылдың 9 айында 7 млрд.-қа жуық жалпы аймақтық өнім шығарылған. Қазір ауданда 70 мыңға жуық ірі-қара, 13 мыңға жуық жылқы бар, мал басы тұрақты өсіп келеді. Жыл басынан бері 1 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Көркейіп, гүлденіп келе жатқан Көкпекті ауданының тұрғындары Тәуелсіздік мерейтойын осындай тартумен қарсы алмақ. Арнайы бетті әзірлеген "Егемен Қазақстан" газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Оңдасын ЕЛУБАЙ.