Өзге өңірлер тұрмақ, біздің облыстың өзінде бұл атауды жиі ести бермейсіз. «Қалмаққырылған» жаққа барғандардың қатары да сирек. Өткен жаугершілік заман жайлы тарихи зерттеу жазып жүрген мүмкін бірді-екілі ғалым бар болар. Тіпті қазіргі «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай жергілікті әкімдіктердің, рухани салаға жауап беретін қызметкерлері де онда әлі аяқ баса қойған жоқ. Әрине, Баянауыл осы өлкенің маңдайға басар мақтанышы екенін білеміз. Жыл сайын мұнда келіп-кетіп жататын қонақтар да, туристер де жеткілікті. Ал, біз нағыз тарихи туризмге сұранып тұрған Ақшимандағы «Қалмаққырылған» тауына жұрт назарын аударғымыз келеді.
Ақшиман ауылына таяу «Қалмаққырылғанға» жету оңай емес. Май ауданының орталығы Көктөбеден мінген көлігің таусылып бітпейтін ұзақ жолға алып шығады. Сар даланың қай жерінен «Қалмаққырылған» тауы көрінер екен деп көзің де әбден шаршайды. Содан шаршап, көзің ілініп кетеді. Селк етіп оянғанда, алдыңнан қалың қатпарлы тастардан соғылған, өркешті үшкір тасты қарасұр құз-жартастар қоршап, дөңгелене орналасқан биік таулар қарсы алады. Сонау 1756 жылы Олжабай батыр ат ойнатқан Баянауыл мен Ертіс өзені аралығындағы қазақ-жоңғар шайқасына куә болған Серектас таулары деген осы. Жауды жапырған жеңістен соң тау «Қалмаққырылған» деп аталғаны белгілі. Тастары тарихи шежірелерге тұнып тұр. Көліктен түсесің. Тағзым етіп, бас иесің. Осы біздің Май ауданы, Ақшиман ауылы маңындағы осы таудан басқа, «Қалмаққырылған» атауы әйгілі Ұлытау жерінде, Ақтөбе облысының Темір ауданында кездеседі. Басқа да өлкелерде болуы мүмкін.
Ақшимандағы біз көрген «Қалмаққырылған» тауларының ерекшелігі – дөңгелене орналасқан. Қалмақтың қалың қолы осы сол дөңгелене орналасқан таулардың ортасында қалып қойған деседі. Әрі қарай үңілсек: «Қалмаққырылған» атауының шығуын енді біреулер Олжабай батыр бастаған қазақ қолының қалмақтарды ойсырата жеңуімен байланыстырады. XVIII ғасырдың 40-жылдары жоңғарлар (қалмақтар) Баянауыл жерін Ертіс өзені жағынан басып алмақ болады. Олжабай батыр бастаған қазақ қолы Баянауылдың таулы аймағынан басталған шайқаста Ақшиман жеріндегі (Баянауылдан 95 шақырым) тауда аяқталған. Осы тауда Олжабай батырдың қолы жоңғарларды қоршап алып, түгелдей жер жастандырады. Содан бері бұл жер «Қалмаққырылған» деп аталып кеткен дейді тарихи оқиғадан дерек беретін әңгіменің бір желісі. Бірақ сол ұрыста Жасыбай батыр қаза болыпты. Баянауылда Жасыбай көлі, Жасыбай асуы деген жерлер бар. Жасыбай батырдың бейіті сол асудың үстінде. Олжабай батыр қыстауының орны – Жасыбай көлінің жағасында, қазір Баянауыл туристік базасы орналасқан жер. Жоңғар шапқыншылықтарында батырлығымен көзге түскен батыр Олжабайдың ерлігіне Абылай хан сүйсініп, «Олжабай есен болса – ел аман», «Он сан Орта жүзге ұран болған ер Олжабай» деген атақ берген...».
Бір әдеби журнал бетінен оқығаным бар еді: Мұхтар Əуезов 1958 жылы Павлодар облысын аралап, Баянауылға да келеді. Қасында жүрген серіктерінің бірі:
– Мұхтар аға, бұрын Баянауылда болып па едіңіз? – деп сұрақ қояды. Сонда Мұхтар Әуезов:
– Бұрын Баянауылда болғаным жоқ. Бірақ Баянауыл үнемі менімен бірге, менің қасымда болды.Менің ең қымбатты достарым Əлкей Марғұлан мен Қаныш Сəтбаев осы Баянауылдан шыққан азаматтар ғой. Олар маған Семейде де, Алматыда да Баянауыл туралы көп əңгіме шерткен. Солардың айтуы, суреттеуі бойынша Ақбет тауы, «Қалмаққырылған» жотасы, Жасыбай, Сабынды, Торайғыр көлдері əлі картаға түспей жатып, менің көкірегіме көшкен. Енді міне, сол Баянауылға құмартып келе жатқан жайым бар, – деген екен.
Ұлы Мұхаң айтып кеткен «әлі картаға түспей жатып» деген сөздің мәні бүгінге жетті. Қазақтың ұлы атаулары ол кездері картада мүлде белгіленбеген де ғой. Біздің өзіміз Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы еліміздің әр өңіріндегі елеусіз қалып бара жатқан «Қалмаққырылған» сияқты тарихи жерлерді, олардың атауларын зерттеп-зерделеп жазып, картаға түсіру керектігін енді қолға алайық деп отырмыз. Бұл бір.
Екіншіден, жоғарыда жазғанымыздай жергілікті жердің өзінде Қалмаққырылған өткені әлі таныла қоймағандай. «Қалмаққырылған» шайқасы жайлы жазылған тарихи зерттеулерді оқып-біліп танысып, бүгінгі жастарға, ұрпақтарға жеткізуіміз керек. Осы тарихи жерлерге танымдық экскурсия жасап келуіміз қажет-ақ.
Осы күзде облыстық ішкі саясат басқармасында рухани жаңғыру аясына арналған отырыс өтіп, сонда қатысқан едік. Сонда «Қалмаққырылған» жайлы да сөз қозғалды. Бір кезде «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы жергілікті филиалының төрағасы Ермат Байқұрманов:
– Араларыңда «Қалмаққырылғанға» барған адам бар ма? – деді.
– Мен бардым! – дедім.
– Фаридадан басқа жоқ па, барғандар? – деп тағы сұрады.
Бармақ түгіл, сол жерде отырғандардың арасында тіпті өмірі бұл сөзді естімегендерін, білмейтіндерін байқатып, бір-бірінен «а,где это?» деп таңғалып сұрап жатқандар болды. Әрине, ондайларға кінә артуға да болмас. Өзге тілде білім алған, өзге тарихты оқығандар үшін өз өңіріміздегі «Қалмаққырылған» тарихы әлі ашылмаған арал секілді. Облыстық ішкі саясат, мәдениет, туризм басқармалары тарапынан «Мәдени мұра» бағдарламасы кезінен бастап осы күнге дейін тарихи-танымдық жұмыс жүргізілмегенін осыдан-ақ көреміз.
– Жалпы, «Қалмаққырылған» тарихына ғалымдар тарапынан үлкен қызығушылық бар. Қыркүйек айында Май ауданына барып, Ақшиман ауылының тұрғындарымен кездесіп, пікірлестік. Экспедиция жұмысының ғылыми және қоғамдық мақсаттары туралы айтып бердік. Ақшиманда 1930 жылы академик Қаныш Сәтбаевтың жетекшілігімен Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы сахналаныпты. Спектакльде Кебек рөлінде Қаныш ағамыздың өзі ойнапты. «Қалмаққырылған» жеріндегі үңгірдің кіреберісінде Сәтбаевтың қолтаңбасы да бар, – дейді С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Қайрат Батталов.
Біз де «Қалмаққырылғанға» барған сапарымызда Қаныш ағамыз қолтаңба қалдырған үңгірді көрдік. Егер ғалымдар зерттеп, жазған еңбектерін жұртқа таныстырып, өңірде насихат жұмысы жүрсе, онда «Қалмаққырылған» жайлы ел жақсырақ білер еді.
Павлодар облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мәліметінше, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірде «Қасиетті Қазақстан» және «Жаһандық әлемдегі қазақстандық мәдениет» жобалары бойынша жұмыстар жүргізілуде. Алғашқы жоба бойынша облыста 78 нысан таңдап алынып, 5-еуі республикалық тізімге енгізіліпті. Өңірдің қасиетті жерлерінің географиялық картасы да жасалуда. Тізімге алынған осы 5-еудің бірі – «Қалмаққырылған» тауы десек, нағыз тарихи туризмге сұранып-ақ тұрған жер.
Өз елімізден, шетелден туристер, қонақтар, тарихшы, әдебиетшілер, оқушылар, студенттер экскурсияға көптеп келетін-ақ жер. Қызмет бабымен іссапарға барғанда жоғары сынып оқушыларынан, мектеп мұғалімдерінен «Қалмаққырылған» туралы білесіздер ме деп сұраймыз. Бірақ олардың күмілжіп, қипақтап қалатындары өкінішті-ақ. Осыдан 4-5 жылдай бұрын облыста «Батырлар жолы» атты тарихи-танымдық жоба ұйымдастырылды. Жастар Баянауылдан «Қалмаққырылған» тауына дейінгі аралықтағы 80 шақырым жерді жаяу жүріп өтсе, «Қазақ хандығының 550 жылдығына» орай «Ұлы Дала елі» тарихи-мәдени республикалық экспедициясы да «Қалмаққырылған» тауына да келіп кетті. Демек, ой саларлықтай рухани қозғалыс жанданып келеді деуге болар. Осындай экспедициялар, экскурсиялар өте қажет. Негізі, осындай тарихи таулы жер ерекше қорғалатын аймаққа айналуы тиіс. «Қалмаққырылған» тауы ішіндегі тастарға қалай болса солай жазылған бейберекет жазулар, қоқыстар көзге түседі. Қамқор қолдар күтімі керектігі көрініп тұр.
Облыстағы мәдениет, туризм басқармалары назар аударып, жергілікті университет ғалымдары бастама көтерсе, тарихи-танымдық бағдарлама жүйесін жаңғыртуға болар еді. Ақшиманға келер жол бойында «Қалмаққырылған тауы», «Қайса ата кесенесі» деп жазылып, нұсқау белгілер болуы қажет. Үшіншіден, «Қалмаққырылғанға» туристер келуі үшін бұл жаққа дұрыс жол салуымыз қажет. Дәл қазіргі кезде Ақсу – Курчатов, Май ауданының орталығы Көктөбе аралығындағы республикалық жолды бәленбай жыл бойы қалыпқа келтіріп жөндей алмай жатқанда, «Қалмаққырылғанға» апаратын, Ақшиман ауылына жол салу дегеніңіз сірә, қиындау болар. Баянауылдағы Мәшһүр Жүсіп кесенесіне барар жолдың да жағдайы белгілі. Төртіншіден, «Қалмаққырылған» тарихи шайқас өткен киелі мекен деп білсек, таулардың дөңгелене орналасуы – ғажайып табиғат көрінісі. Оның керемет көрінісін сөзбен жеткізу мүмкін емес, келіп осы ғажайыпты көзбен көру керек. Жергілікті ақсақалдар айтатын күңір-күңгір үндерді, таудың күрсінісін сіз де ести аларсыз, бәлкім. Осы көріністерді түсіретін кәсіби фотографтарды, тіпті, шағын деректі кино түсіретін мамандарды да шақырудың қажеттігі туындап тұр. Интернеттен «Қалмаққырылған» тауларының тамаша табиғатын көрсететін сурет табуың да қиын.
Сондықтан болар «Қасиетті Қазақстан» жобасы бойынша жұмыс істеп жатқан аймақтық жобалар кеңсесінің өкілі Қайрат Батталовтың айтуынша, облыс аумағындағы тарихи мекендердің орналасу жайын Google картасына енгізу ұсынылыпты. Бұлардың 80 пайызы Баянауылға тиесілі. «Қалмаққырылған» тауының «Қасиетті Қазақстан» нысандары қатарына алынғаны әрине, еліміздің, өңіріміздің тарихы үшін өте маңызды. Осындай ойлармен біз Ақшиманнан аттандық. Соңымызда қарауытқан өркешті таулар көші қалып барады. Тау ішіндегі құдіретті тылсым күштің әсер бергені соншалықты, «Қалмаққырылған» тауына бәрібір қайта айналып келетініңді білесің.
Иә, Елбасының бағдарламалық мақаласында жазылған «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген жолдары «Қалмаққырылған» тауына да арналғандай.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы,
Май ауданы,
Ақшиман ауылы