Ақсу қаласына қарайтын Қалқаман, Ақжол ауылдарында 4 мыңға жауық халық тұрады. Бұл ауылдық округте қоңсы қонған елге оралған қандастар мен түрлі ұлт өкілдері тату тіршіліктерімен үлгі болып отыр. Екі жыл бұрын елді мекенде жаңа мектеп салынды. Қазір мектепте 526 оқушы білім алады. Сондай-ақ мәдениет үйі жөнделіп, көшелерге асфальт төселді.
Бір ерекшелігі, қалқамандықтардың түгелге дерлігі жұмыспен қамтылған. Өйткені өндірістік қаланы айнала орналасқан үлкенді-кішілі зауыттар мен ауыл шаруашылығы саласы бойынша көкөніс өсіруге арналған егістік танаптары жұмыс күшіне үлкен сұраныс тудырады. Сондықтан бұл ауыл тұрғындары тек әлеуметтік нысандардың жеткіліксіздігіне ғана назар аударатын. Осы олқылықтың орны біртіндеп толып келеді. Таяуда Қалқаман ауылында 20 жыл бойы қаңырап бос тұрған ғимарат жөндеуден өтті. Жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 100 миллион теңге бөлінді. Жауапты мердігер компания құрылыс жұмыстарын жоспар бойынша жүргізіп, уақытында пайдалануға берді. Қазір жаңа ғимаратта ауылдық емхана тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуде.
Қалалық орталық аурухана директорының міндетін атқарушы Бақытжамал Нұралдинованың айтуынша, емханада алғашқы медициналық жәрдем, терапевт, физиотерапия, қан алу, химизатор, екпе салу, акушер, ем-шара және күндізгі емдеу стационарына арналған кабинеттер бар. Жедел жәрдем бригадасы да тәулік бойы жұмыс істейді. Тіпті ЭКГ жүйесі бойынша облыс орталығындағы кардиологтарға онлайн-режімде ақпарат жіберіп, қорытынды да ала алады. Соның нәтижесінде науқасқа дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік бар. Сонымен бірге жуырда Евгеньевка ауылында да жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды. Бұл нысанның құрылысына облыстық бюджеттен 147 миллион теңге қаражат бөлінген екен. Құрылыс жұмыстарын жергілікті «Стальмонтаж» ЖШС жүргізді. Ауыл тұрғыны Рымкеш Шапағатқызымен сөйлескенімізде, ол дәрігерлік емхананың салынуын тұрғындардың көптен күткенін, ондағы күндізгі стационардың қолайлы екенін, сонымен бірге жасөспірімдерге арналған спорт кешенінің пайдалануға берілуі де ауылға айрықша көңіл бөлініп отырғанын байқататынын жеткізді.
Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы, Ақсу қаласы