Төбеге салақтатып ілінген кәресін шамның жарығы әуелде сығырайып жанды. Бағанадан үстемдік құрған қою қоңыр ымырт қараңғылығы үй ішінің бұрыш-бұрышына сырғи берді. Өлеусірей шашыраған сарғыш жарық бөрене үйдің бөлмесін бөлекше бір жылылыққа бөлейді.
Мекен шағын төрт көзді терезенің тұсындағы темір төсектің сирағына байлаған жұмсақ сары қайыстан өрім өріп отыр. Тегіс түскен жұмыр өрім – өзінің де қиялын қоса өріп барады...
Шешесі ортадағы деңгөлек пештің шоғын қағыстырып, бір-екі тал шөмшек салды. Бытырлап жанған шөмшектің жалындары пештің тесік-тесігінен жылтыңдай түседі.
Үй іші үнсіз. Олар әнеу қабырғаға ілінген радиоға ұйыған. Қолбасындай ғана құбақан неме біресе самбырай сарнап, біресе ысқырып-шулайды. Сосын құйқылжытып бір күй ойнады.
Мекен көптен толғанып жүрген бір сезімнің қыл пернесі шертілгендей, өзіне таныс бір ойымен ұшырасып қалғандай күй кешті. Ия, енді есіне түсті. Мекен тау бөктеріне шықпағалы көп болыпты. Әкесі де күткен болар...
***
Мекен көлге қарсы қараған теріскей беткейге өрлеп келеді. Әр биіктеген сайын көңілі де көтеріліп, кеңсірігі ашыла түскен. Беткейдің бөктеріне ілінген соң демін алып, шыққан биігінен етекке көз тастады. Сонсоң анау бір жылдары әкесі асылып өлген ағашты іздеді. Ол үлкен қызыл қарағайдың суретін қиялымен елестеті, иә есіне түсірді. Оның шырылдап жетім қалған сәби шағынан осы беткейдегі қызыл қарағайға келіп сырласатын әдеті-тұғын. Жиі келіп тұратын. Жетімдікті ерте көргендіктен бе, Мекен балалардан алшақ, бір тоға, суық жүретін-ді. Тек ішіндегі бар қайнаған қыжылын осы ағашқа ақтаратын. Мылқау ағаш қайтсын? Тыңдайды да қояды. Кей сәттерде ағашқа кектене қарайтын... Ағаш бәрін көтерді. Әкесінің өлі тәнін, ажалын да көтерді емес пе?
Көптен келмеген ол, әлгі үлкен қызыл қарағайды таба алмай сандалды. Шөптесін тоғайдың алаңқайлары бір-бірінен көз айырғысыз. Әрі-бері шиырлап біраз жүрді.
Тапты. Тапқанда – ағаштың томары ғана қалыпты! Маңайында тағы бір екі кәрі қарағайлар қидаланыпты. Мекен көңілі құлазып қатып тұрды да қалды. Әкесін «өлтірді» деген ағаштың өзі жер бетінен ғайып болыпты. Енді кеткен кегін кімнен алмақ? Сорабын қайдан таппақ? «Сонда қылмыс атаулының өзі өмір өте – ол да өшетіні ме?».
Көңілі құлазып, құлағы шыңылдап, Мекен қарағайдың кесілгенінен қалған тұқылына жамбасын қойып шоқайып отырды. Кәрітұқыл «сенің қасіретің мен тауқыметіңді көп көтердім, әлі де белім бір қайыспай көтеріп келем, енді менің жазығым не?...» деп құлағына күбір еткендей болды.
Мекен ой құшағына бөленіпті. Анау шарбы бұлттан ұйытқып соққан ақ желең жел – тоғайдағы сансыз өсімдіктің дирижёрі тәрізді, арагідік орман іші оркестр ойнап, қырық түрлі құйқылжып әкетеді. Қарағайдың гуілі, қурайдың ысқырығы, қоғаның қоңыр ызыңы, тал-теректің сылдырлаған жапырақтары – бәз-баяғы күйіне басып тұр. Мекен ойлады: «бұл орманға қаншама мың адам келіп, қаншама мың адам кетті. Мейлі... Бірінің де ізі-тозы жоқ. Қанша қар басты. Ұшқыны да қалмапты. Не келмеді, не кетпеді, бәрі тұрмады. Өшті. Өзгерді. Өзермеген осы мәңгілік тоғайдың күйі ғана екен. Иә, күй ғана өзгермепті! Қай заманнан бергі жел, осы орманның күңіргенген күйі»... Осы ойдың ұшқыны, орманның мәңгілік уілі, әлгі кәрітұқыл ағаштың «бәрін көрдім... бәрін кештім... жазығым не?..» деген сыбыры – бәрі-бәрі Мекенің жүрегіне ұялап алды.
Ерте есейткен қайран әке... Күнделікті күлді-көмеш күйкі тіршілікте әлдебір іске шамаң келмесе, соған есең кетсе, әкеңді іздейсің... «Әкенің сырты қанша қатты болғанымен, іші кістен де жұмсақ екен ғой, тәйірі... – деді, ол іштей, – Мен сені түсіндім, әке».
Мекен орнынан тұрды да жапырақ, қоқым жабысқан жамбасын қағып, етекке қарай құлдилады. Әлгі ағаш жоғалса да, енді көкіректе соған ұқсас бір сезім бар. Өзіңе ең жақын нәрсе өзіңде, жүрегіңнің ешкім көрмес түкпірінде жатқанға не жетсін?! Мекен енді сол ағашты әкесіне деген сырлы сезімімен бірге жүрегінің бір түкпіріне еккендей... Ол етекке түскен сайын, рухы асқақтап, жүрегі атқақтап келеді... Көкірегіне кептелген бір күмбір енді құлағына талықсып-талып жетті. Кейде үздігіп-үзіліп барып жым-жылас жоқ боп кетеді. Аласұрып іздейді. Ызыңдап қайта оралғандай болады. Енді аялдауға әсте болмайды. Енді өзіңді де ұмытсаң оқа емес! Мынау жалғанды бір сәтке болсын тәрк ет...
Мекен әнеугүнгі Мөңке шебер жасап берген домбырасына қолы тигенше жаны қылдай боп келеді.
Әлдебір әзәзіл сайтан ойлар сықсыңдап келе ме екен?.. Үркітіп алмаса жарар еді.
Жоқ, ол домбыраға аман жетті...
***
Бүгін айт күні. Қас қарайған апақ-сапақ уақ.
Құлақты қоңырқай бөрене үйдің шағын терезесінен әлсіздеу қызылсары жарық жылтырайды. Тыстан үй ішінің дабыр-дұбыры естіледі. Әлгіндей дабыралы дыбыстың шығуы да заңды еді, – үй ішінде осы қыстақтағы сөз қуған, сауық іздеген, ет аңдығандарға толыпты. Бұл үй – Құмархан ақсақалдыкі. Құмаш бұл ауылдың көзге басар жалғыз қазыналы қарты. Жас кезінде өнерлі, отты азамат болған дейтұғын. Нелер бармағынан балтамған күйшілер айлап жатып күй үйреніпті. Құмаш кезінде Кетбұға, Саймақ, Байжігіт, Тәттімбет, Бейсенбі сынды күйшілердің күйлерімен қоса, бағзы дәуірден келе жатқан аңыз күйлерді нәшіне келтіріп, толық шертетін дәулескер домбырашы болыпты. Тіптен кейде осындай жастарға «сотталған күй» деп бұлар естімеген небір ақыиесі белгісіз күйлерді шертетін. Сондықтан болар бұ жиынның ішінде осы өңірге аты шығып қалған дәмелі күйші жігіттер де бар-ды.
Құмаш қарт күнге қуарған кепешін алып, ебі қашқан добалдай саусақтарымен боз шалған басын қасап, күміс сақалын саумалап қояды.
Салық бастағандар бұлар айтпаса, ай туып, күн шықпай қалатындай айдың атысы, күнің батысын сөз ғып, қысыр сөздің жәрмеңкесін қыздырмалап отырған. Арагідік:
– Құрбан қабыл болсын!
– Ниет қабыл болсын!
– Айтсын, айтсын! – деген сөздер де қысыр сөздің қаймағын бұза қоймады. Тек айтқа шалынған қызыл ісектің еті келген де ғана екпіні қайтқан. Өнерлі азаматтардың ар жағына «ауыл» қонған соң жағалай ән-күйге кезек берді. Манағы даукөстер енді аузын буған өгіздей өшіпті. Тек «пай, шіркін», «уай, дариға-ай» деген секілді, «үндемей қалды» дегізбеудің үнін шығарып, кейбірі шынымен де балқып балбырап отыр.
Құмаш қарт көптен қолына домбыра алмай кеткен. Бүгін де домбыраға қол созбады. Жастарды тыңдағысы келген шығар, бәлкім...
Кезек манадан бір тоға, саяқ отырған Мекенге де жылжып жетті.
Мұндай жиынға келсе, жастар көбіне-көп сыбызғы, домбыраларын өздерімен ала жүретін-ді. Әсіресе, Құмаш ақсақалдың үйіне келгенде, тіптен тастамайтын. Мекен әлгі Мөңке шебердің жасап берген домбырасын орауынан шығарып, құлақ күйін келтіргенше, манағы қу ауыздар мақтап да қойды.
Әден деген дөңмұрын, істік қара отырып:
– Уа, Құмаш ақсақал, мына Мекенбай шәкіртіңіз, сізге көрсетуден тайсақтап жүрсе керек, өз жанынан да бір қанша күй шығарып, шертіп жүр. Манадан көне күйлерді тыңдадық. Енді бір ауық жаңаға кезек берсек, – деді.
– Иә, жөн-жөн, – десіп қостады бір-екеуі.
Мекен шынымен қысылыңқырып қалды, бірақ не де болса айтарын айтып алсын дегендей домбыра құлағын бұрай берді.
Құмаш шынтағындағы жастығын биіктетіп:
– Марқұм Жаңғабыл азаматтың асылы еді. Талай бірге үзеңгілес жолдас болдық... – Құмаш көзін жұмып, – Ел төр жайлауда. Қой қотанда, ымырт жабыла бір топ жас ән-күйдің базарын қыздыратын едік. Марқұм Жаңғабыл ат үстінде тұрып сыбызғысын құйқылжытқанда – арқандаулы тұрған аттар кісіней жөнелетін. Құлақ естіп, аяқ жетер ел, біздің ауылды «Бірлестік» емес «Қырық қалақшаның ауылы» деп қызғана қаңқу қылатын-ды. Е, ол да бір көшкен дәурен екен ғой, – деп, қарт бір күрсінді.
Мекен де, басқалар да қарттың әңгімесіне ұйыпты. Қарт Мекенге қарады. Күйші қарттың емеуірін жазбай ұқты...
Мекен әуелі Құмаш ақсақалға ізеттік мәзіретін жасады. Жасып, болбыраған жоқ. Қайратты, жігерлі ұстайды өзін. Күйшінің еріні болымсыз ғана жыбыр-жыбыр ете ме, қалай? Іштей бір күйін елеп, екшеп бар айтар ойын, әлгі Құмаш ақсақал «асылым» деген асқар тау әкесі жайлы бір сырын ақтарғысы келетіндей. Өткенде бір күмбір кеудесін күйдірген, соны бүгін ақтаруға, айтуға орай келді деп бекінді. Күй көп бөгелген жоқ, күрп-күрп етіп ала жөнелді.
Құмаш қарт мұндай жігерді күтпеді ме, елең етіп тосын дыбысқа тосырқай басын көтерді.
Күй басы қоңырлап басталды. Құмаштың көз алдына бірден ескі досы Жаңғабыл көлегейлей берді... Күйші өткір көзін бір нүктеге қадапты. Ауыздығын бір жағына баса беретін ат тәрізді, мойынын оң қапталына әнтек бұрып та алған. Қырым еті жоқ сала-сала сояудай саусақтары – мына қарағай шанақпен бірге туып, біте қайнасқандай бір мүше, бір денедей қабысыпты. Күйші ойлады: «осы отырған көп, бір сәтте болсын әкелерін есіне алды ма екен?»
Бәлкім, бәрі жабылып Мекеннің жетімдігіне аяныш білдіріп отыр ма? Кім білсін... Ел арасында жылқышы Жаңғабылдың өлімі туралы әртүрлі сыбыс та бар-тын. Бірақ ажалы құпия боп қалған еді. Осы отырғанның бәрі, бәлкім, сол құпияны шешкісі келетін тәрізді. Мына бір үйде отырып, бір ауамен тыныстаған адамдар, мүмкін, бәрі осы бір ойдың сорабында отыр ма екен? Күй құдіреті соған арбап та алған секілді. Мүмкін әр қайсысы өз ойымен, өз қайғысымен арпалысып отыр. Мейлі. Бірақ күй тілі ескі бір суретті бейнелей бастаған... Күйші әр тыңдаушының жүрегіндегі бейнеге, бедерге жан бітіріпті... Адам өтірік айта алады, ал күй – күйден де күйікті, кекті, өткен мен кеткенді, әсте күмілжімейді. Жаны сәулелі, ойлы құлақты адамға бәрін ақтарып салмақ...
Күй күмбірі жылқышы Жаңғабылдың ажалын былай суреттейді, ақиқатында да солай еді...
Қызыл жалқынданып батып бара жатқан күн аспан жиегін өртеп, көлдің ар жақ көбесінен түскен қызыл шапақ-сәуле толқынмен бірге жылт-жылт етеді. Жаңғабылдың күз болса көл қопаны жағалап үйрек ататын жылдағы әдеті тұғын. Үйректің қызығына әбден кірген Жаңғабыл ымырт үйіріліп, көз байланған кезде бір-ақ тоқтады. Ол сосын үйге қайтуға қамданды. Атып алған үш үйрегін қаптың түбіне салды да бытыра мылтыған мойнына асынып, тоғай жағалап қаннен-қаперсіз келе жатты. Бұл кезде күн өз ұясына батып, тоғайдың іші көрінбей ағаштар қараң-құраң адам-елес секілді үрейлі күйге енген-ді. Кенет тоғай ішінен солаң етіп екі елес шыға келді, бұған қарай ұштыртып келеді. Елес емес, кәдімгі адам. Жаңғабыл бытыра мылтыққа қол созып үлгерген жоқ, әлгі елес тәрізді екі адам қосылып ұмар-жұмар болды да қалды. Тұтқиылдан тиген еңгезердей екі неме мұның мойнына кендір шылбырды салды... Жан алқымға келген сәт... Апақ-сапақ кештің қоңыр-сұрғылт аспанын жыртып жіберердей ащы бір дауыс шықты. Осы сәт қоналқаға қамыс түбіне қонған үйрек-қаздың үркіп ұшқан қаңқылы әлгі ащы дауысты көміп әкетті...
Бұл «Бірлестік» ауылының ауылнайы Жандарбайдың қос жендеті еді.
Жаңғабыл бұғанасы қатпастан Жандарбайдың жылқышылар табынында табаны күректей жиырма жыл жылқы бақты. Қар жастанып, мұз төсеніп Алтайдың асау да айықпас ақтүтек борандарында жырынды жылқышы ақбас таулардың баурайында жатты.
Жандарбай кедей – ақ патшаның өкіметі құлап, құдайы берген шолақ белсендінің бірі. Заман бір аунағанда Жандарбай ел биледі. Жалпы Жандарбай жаман адам емес еді, бірақ коммунистік жүйе оны қызыл шұнақ белсенділік пен қатыбастыққа үйретті. Оның жан баласына жасаған зұлымдығы мен мал екеш малға қылған озбырлығын Жаңғабыл жиырма жыл көрді. Оның басқа да толып жатқан былық-шылығына Жаңғабыл жылқышының көзі әбден қанық. Оның әлдебір шикіліктері шығып, Жоғарыдан тексеру түскен. Бұл сойқан дәу де болса Жанғабылдан келді деген секем алған-ды. Секемкі – күдікке, күдігі – өштікке айналған. Жандарбай он ойланып, тоғыз толғанып жылқышының көзін құрту керек деген қанқұйлы шешімге келген. Сонсоң сойыл соғарларын шақырып, иек қаққан...
Жазықсыз жан тапсырған Жанғабылдың мүрдесін қос жендет көтеріп орманы қаулай өскен беткейдің баурайына қарай әкелді. Тоғайдың алаңқайындағы үлкен қызыл қарағайдың қарсы біткен бұтағына кендір шылбырды салып, мүрдені салбыратып ілді де, қос жендет тоғайдан шығып, қою түннің қараңғысына сіңіп кетті.
Таңның ызғарымен бірге «Бірлестік» ауылына суық хабар да жетті.
– Жылқышы Жаңғабыл асылып өліпті.
– Бұл өзі бір буыншақ деген жаман ауру.
– Алда, алда, айтқан жерден аулақ, – десіп, бірі есіркеп, бірі мүсіркеп әртүрлі қалыпты сөз тарап жатты.
Жаңғабылдың өлмелі шағын тоқал тамы тұл қалды. Жүрегіне шер қатып сегіз-тоғыз жасар Мекендей ұл қалды. Көзінің қарашығы түскенше жылай-жылай жесірліктің дәмін ерте татқан Гүлбарандай адал жар қалды.
Міне, құдіретті күй тілі – қайғы-шерді, мұң-наланы, өткен күннің қойнауына сіңген көмескі елеске жан бітіріпті. Күй тілі құпия күннің қатпар-қатпар қалтарыстарын қазғылайды...
Ет жүрегіңді езген зар, құмыққан шер... Наз нала айтылды. Мекеннің қолындағы қызылқоңыр домбыраның қақпағы «әттең-әттең» деп өкінгендей. Кекілік ықылық атқандай өксіп-өксіп келіп, енді «кештім-кештім» дейді... Бірақ бұл қай кешу? Толарсақтан саз кешкен жесір ана Гүлбаранның өксігі... Азап кешкен тағдыры... Әлде бұл шын кешірім бе?
Сұңғыла құлақ Құмаш бұл күйді үш бөліктен тұрады деп түйді. Бірақ күй тұтас. Перне қуалаған саусақ небәрі үш-төрт қана пернеге қонақтайтын тәрізді көрінгенімен, күй кең тынысты. Басы шер боп басталып, қоңырлап, орта тұсында күй сарыны күрделеніп үйрек-қаздай қаңқылдып, ормандай күңіреніп келіп, күй солығы тәтті – бала уататын әлди тәрізді бипыңдайды. Күй жалғыз Жаңғабылға ғана емес, Жаңғабылдай күллі әкелерге арналғандай соқтал шықты. Құмаш іштей риза секілді. Кәрі күйші осынау шерлі күйді тыңдап отырып, бір ойға тап болды: «осы шертпе күй деп жүргеніміз, күй шертеміз дегеніміздің бәрі осы Шерден шықпады ма екен...» – дейді іштей.
Күй тілі бітіспес кек емес, жаулық-жауыздық емес, Тәңір текті кешірімшілдікке ұласып барып, бар қайғы-шер, кек – жан нұрландырған жұпар күйге айналыпты. Күйші кек пен кешірімді әуенмен бедерлепті.
Күй межелі жеріне жетті.
«Қайран әке», әлде «Қайран Жәке»... Мекен селт етіп бойын жинап алды. Әлгі сөзді іздеді, «Апырай, менің мына күйім әке аруағына деген құрметім еді, бірақ күйдің аты... Иә, «Қайран әке»... Болды. Мекен тағы ойлады, бұл сөзді кім айтты, Құмаш ақсақал айтты ма, әлде басқа біреуі?
Тырс еткен үн жоқ. Күрсіну бар. Бәрі де жаңағы жаңа күйдің, ескі суреттің әлем-тапырық елесінен әлі арыла алмай мең-зең боп отыр. Әке аруағын, оның ақтық сәтін, бәрін-бәрін сезінсе де, түйсінсе де, бір ғана оларға беймәлім боп қалған Мекеннің қолындағы қоңыр домбыра еді... Бәлкім, құдайдың бұйрығы, мүмкін Мөңке шебер білді, әлде білмеді, күйшінің қолындағы қызыл қоңыр домбыра – әкесінің мүрдесін асып кеткен үлкен қызыл қарағайдан жасалған еді.