• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
09 Қараша, 2011

Мұнай өнімдері тапшылығынан қалай құтылуға болады?

1117 рет
көрсетілді

Қазақстанның табиғи көмірсутек қорларына, оның ішінде мұнайға, газ­ға, көмірге бай екендігі белгілі. Осын­дай табиғи байлықтарды үлкен кө­лем­де өндіретін әлем елдері ішінде біздің еліміз 10-12 орынды иеленеді. Мұнай мен газ елімізде ірі 3 мұнай өңдеу зауытында (МӨЗ), 4 газ және 8 майда мұнай өңдеу зауыттарында (ГӨЗ) өң­де­леді. Республикада соңғы жылдары мұнайды өндіру мен өңдеу көлемінің өзгеру динамикасы ұсынылып отыр. Осы деректерден біздің елімізде мұнай өңдеу көлемі соңғы жылдары біршама төмендеп кеткенін және ол елімізде өндірілетін мұнай көлемінің шамамен 10%-ын құрайтынын көруге болады. Біздің барлық мұнай өңдеу зауыттарымыздың жұмысындағы жал­пы кемшілік олардың бастапқы шикізатпен алғашқы жобалық қуатына дейін жүктелмеуінде және Павлодар мұ­най өңдеу зауытын қоспағанда, оларда шикізатты өңдеу тереңдігі орташа әлемдік деңгейге қарағанда әлдеқайда төмен болуында деп есептейміз. Сон­дықтан да еліміздің ішкі рыногында жоғары сапалы мұнай өнімдері жетіспейді, ал оларды біз анағұрлым қым­бат бағамен шетелдерден сатып ала­мыз. Соның салдарынан жоғары сапа­лы мұнай өнімдерінің бағасы қым­баттауда және олардың бағасы Парламент пен Үкімет тарапынан түпкілікті бір шара қабылданбайтын болса әрі қарай қымбаттай бермек. Біздің ойымызша, осы мәселелерді төменде көрсетілген ұсыныстар арқы­лы толығымен шешуге болатын сияқ­ты. Жобалық қуаты жылына 6 млн. тонна мұнай өңдеуге есептелген Павлодар мұнай өңдеу зауыты заманауи технологиямен жабдықталғаны, тіптен жылына 8 млн. тоннаға дейін мұнай өң­дейтін болып реконструкциядан өт­кізілгені, сондай-ақ осы мұнай өңдеу зауытында шикізатты өңдеу тереңдігі 1989 жылғы деректер бойынша КСРО-да ең жоғарғы көрсеткішке (89%-ға) жет­кендігі белгілі. Ал осындай заманауи технологиялармен жабдықталған және жоғарыда көрсетілгендей көр­сет­кішке қол жеткізген зауытта, 1991-2004 жылдары Ресейден келетін ма­гис­тралды құбыр желісі бойынша Ба­тыс Сібір мұнай шикізатын өңдеу кө­лемі жылына 1,7-2,2 млн. тоннаға дейін төмен түсіп кеткен. Тек соңғы 3-4 жылда ғана бұл көрсеткіш өзгеріп, зауытта шикізат өңдеу көлемі жылына 4,0-4,1 млн. тоннаға жетті. Қазақстан Ресейден алатын осы 4 млн. тонна Батыс Сібір мұнай шикізатының ор­ны­на Батыс Қазақстаннан Өзен–Са­ма­ра құбыр желісі бойынша Ресей Фе­де­рациясының Повольже аймағындағы мұнай өңдеу зауыттарына 15-17 млн. тонна Қазақстан мұнайы жіберілуде. Егер ел Үкіметі Ресей үкіметімен Павлодар мұнай өңдеу зауытына қо­сым­ша осындай балама шартпен тағы да жылына 2,0 млн. тонна мұнай жеткізуге келісетін болса, онда еліміздің ішкі рыногы шетелден тасымалданатын мұ­най өнімдерінің орнына өзімізде шы­ғарылатын сапалы тауарлы мұнай өнімдерімен: бензинмен, дизель оты­ны­мен, реактивті отынмен, жол би­ту­мы­мен және мұнай-химия шикізаты­мен айтарлықтай мөлшерде толығар еді. Осы жол біздің еліміз үшін жанар-жағармай мәселесін шешудің анағұр­лым экономикалық тиімді нұсқасы бо­лып табылуы мүмкін. Бұған қоса, Шымкент және Атырау мұнай өңдеу зауыттарының шикізат өңдеу көлемін осындай жолмен жобалық қуатына дейін жеткізу, жалпы, еліміз бойынша мотор отындарын өндіру көлемін жо­ға­рылатуға және ішкі рынокты жанар-жағармаймен қамтамасыз етуде қа­лып­тасып отырған күрделі жағдай­лар­ды шешуге мүмкіндік берер еді. Ресейден Павлодар мұнай өңдеу зауы­тына жылына қосымша 2 млн. тонна Батыс Сібір мұнайын жеткізуге қол жеткізе алмаған жағдайда, онда бұл мәселені Шымкент және Атырау мұнай өңдеу зауыттарында өндірілетін вакуум газойлын Павлодар мұнай-хи­мия зауытына жеткізу арқылы шешуге болады. Осы екі мұнай өңдеу зауыт­тарынан 1,2-1,4 млн. т/ж шығатын вакуум газойлы соңғы бірнеше жылдары жартылай шикізат күйінде арзан ба­ға­мен экспортқа, яғни Балтық жағалауы мен Закавказье елдеріне, Украина мен алыс шетелдерге де жіберілуде. Павлодар мұнай өңдеу зауы­тын­дағы жобалық қуаты жылына 2 млн. тонна шикізат өңдейтін КТ-1 – ка­та­литикалық крекинг қондырғысында жо­ғарыда көрсетілген вакуум газой­лын қосымша көлемдегі шикізат ретінде өңдеуге болады. Бұл дегеніміз, республика бойынша тәулігіне шамамен қосымша 1850-2000 тонна автомобиль бензинін, 1000-1200 тонна дизель отынын және 500-550 тонна бағалы көмірсутек газын шығаруға болады деген сөз. Бұдан өзге, елімізді жанар-жағар­маймен қамтамасыз ету мәселесін тү­бегейлі шешуге мүмкіндік беретін тағы бір, анағұрлым оңтайлы нұсқа бар. Ол Павлодар және Шымкент мұ­най өңдеу зауыттарын түпкілікті, то­лық, жергілікті Қазақстан мұнай ши­кізатын өңдеуге ауыстыру. Елімізде мұнай қоры жеткілікті (7-8 млрд. тонна), алдағы 10-15 жылдың ішінде оның жылдық өндіру көлемі 140-150 млн. тоннаға жетпек. Қазір елімізде соңғы жылдары салынып пайдалануға берілген Батыс Қазақстан – Кеңқияқ – Құмкөл – Қарақойын – Атасу – Павлодар және Құмкөл – Шымкент магис­трал­ды мұнай құбыр желілері Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зау­ыт­тарын өз елімізде өндірілетін Қа­зақ­стан мұнай шикізатымен толық және тұрақ­ты түрде қамтамсыз ете алады. Мұны Үкіметтің ескермей отырғаны өкінішті. Соңғы жылдары қоршаған ортамен үйлесімділікті қамтамасыз ететін, яғни қоршаған ортаны ластамайтын экологиялық таза мотор отындарын (Еуро – 3, 4, 5 маркалы бензиндер) өн­діру үшін қоспа (3-5%) ретінде би­о­эта­нол қолданылып жүр. Бүгінде бұл өнім Петропавл қаласында салынған астықтан биоэтанол өндіретін зауытта алынып жатқан сияқты. Біздің еліміз үшін бүгінгі таңда бұған балама ретінде, бүгінде көп мөлшерде (жылына -2-5 млрд. м3) далада жанып жатқан ілеспе көмірсутек газдарынан этил спиртін алуға болатынын еске салғымыз келеді. Бұл әдіс өте тиімді және өзін­дік құны 5-6 есе арзан, ал үнемделген астық өнімдері арзан мал азығы – жем ретінде Қазақстанда мал мен құс ша­руашылығын өркендету саласына ба­ғыт­талып, елімізде ет пен сүт өнді­рі­сін өркендетуге айтарлықтай өз үлесін қосып, сырттан сатып алынатын тамақ өнімдерінің мөлшерін азайтып, шикізат сатып тапқан валюталар алыс шетелдерге кетпей, өзімізде қалар еді. Тағы бір назар аударарлық мәсе­ле, Қазақстан мұнай шикізатына экс­порт­тық кедендік, яғни баж салығын дүние жүзі елдері бойынша ең төменгі мөл­шерде белгілеп отыр. Көршіміз Ресей бү­гінгі күні мұнай шикізатының экс­порт­қа шыққан әрбір тоннасына 440,1 $ (АҚШ доллары) көлемінде са­лық салып отыр. Ал Қазақстан болса жылына 70 миллион тоннадан астам мұнай шикізатын экспортқа ең төменгі кедендік салықпен және қо­сымша құн салығынсыз (НДС) шы­ғаруда. Ең қызығы, экспортшылар ҚҚС-сыз шығарса да, оларға осындай деңгейдегі қаржы қазынаның есебінен қайтарылып берілуде. Және экс­портқа шыққан әр тонна мұнайға бар болғаны 40 доллар деңгейінде ғана кедендік баж салығын салу Қазақ мемлекетінің экономикалық мүддесін ескермеу демеске лажымыз жоқ. Оның өзін шетелдіктер емес, тек отан­дық мұнай кәсіпшіліктері ғана төлеуде. Мұндай жағдайда шетелдік алпауыттардың өз шикізаттарын Қа­зақ­станның мұнай өңдеу зауыт­тарына ешқашан бағыттамасы анық. Экспортқа кететін шикізатқа Ресей мен Балтық бойы теңіз порттарына дейінгі шығындарды ескеріп, лайық­ты кедендік салық белгілеу Үкімет алдындағы бүгінгі күннің кезек күттірмейтін мәселесі және бұл шара іске асса, дер кезінде қабылданған әділ де дұрыс шешім болары анық. Дәл қазіргі күндері осындай шешімін таппай отырған, халқымызға аса қажетті мәселелелерді, жоғарыда айтылғандай жолдармен тез арада шешу мұнай өнімдерінің бағасының өсуін тоқтатуға және сонымен қатар еліміздегі басқа да қызметтер көрсету бағаларының өсуін азайтуға, жалпы, экономикамызды өркендетуге де мүмкіндік береді деп есептейміз. Республика Парламенті мен Үкі­мет назарын еліміздегі отын-энер­ге­тикалық ресурстардың, оның ішінде жанар-жағармайлар бағасының өсуі­не жіті аударуға шақырамыз, себебі, бағаның өсуі халықтың өмір сүру деңгейіне әсер етіп қана қоймай, қо­ғамда әлеуметтік және саяси-эко­но­микалық қиыншылықтар туындатуда. Сондықтан Парламент пен Үкімет тарапынан еліміздің ішкі рыногын өзімізде шығарылатын сапалы мұнай өнімдерімен қажетті мөлшерде қам­та­масыз ету жөнінде кейінге қал­дыруға болмайтын нақты іс-шаралар жедел қабылдануы қажет. Тұрдықұл ОМАРАЛИЕВ, техника ғылымдарының докторы, профессор, Еркімбек ҚАЛДЫГӨЗОВ, химия ғылымдарының докторы, профессор, Ілесбек БАЙЖАНОВ, инженер химик-технолог, экономист. Шымкент.