Ертеректе ел жаққа барғанымда бір жолдас жігіттің үйінде болғаным бар. Сонда әлгі жолдасым әңгіме арасында өзінің талай жыл қоңсы тұрып келе жатқан көршісіне деген ренішін айтты. Мәселе қалай болған дейсіздер ғой.
Сөйтсе малға жем-шөп түсіретін күз уақытында жолдасым үйге шөп әкелуші едім, соған көмектесіп жіберші деп көршісіне өтініш айта барыпты. Көршісі болса көмектесейін, бірақ ақысын төлейсің деп әңгімені төтесінен қайырған. Мұндай «бақайесепті» бұрын-соңды естіп-білмеген менің жолдасым «Сен өзің оңбаған екенсің ғой. Көршінің қолқайыры дегенің осы ма», деп қолын бір сілтеп, ашуланып кетіп қалыпты. Осы жайтты маған жыр қылып айтып берді.
Бұл жерде не айтуға болады? Кімдік дұрыс, кімдікі бұрыс? Мен жолдасымды өте жақсы түсініп тұрмын. Кешегі кеңестік кезеңде көрші тұрмақ, айдаладағы танымайтын біреулердің өзі реті келіп қалса саған көмектесіп жіберіп, айтқан «рахметіңе» риза болып жөніне жүре беретін. Қазір заман басқа. Орыс ағайындар айтатындай, бүгінде «рахметті қалтаңа салып ала алмайсың». Қоғамымызда қалыптасқан ахуалдан аз-мұз хабарым болғандықтан жолдасыма бар шындықты жайып салуға тура келді.
Сенің құдайы көршіңе ренжуің бір есептен орынды да шығар, бірақ ол жігітті де түсінуің керек, дедім мен. Бұрынғы заманда көршің де, былайғы танысың да көмектесуге келгенде көп тартына бермейтін. Өйткені ол уақыттарда ол адамның істеп жүрген жұмысы, соған сәйкес алып отырған азды-көпті еңбекақысы бар еді. Соның арқасында тіршілігі үшін онша алаңдай қоймайтын. Сондықтан да ол шақта адамдар саған көмектесіп, әрі кетсе, сенің үйіңнен бір табақ ет жеп, жүз грамм ішіп, соның буына марқайып үйіне кететін. Ал, қазір ше?
Жарайды, ол жігіт бұрынғыша саған шөп түсіруге көмектесіп, ет жеп, арақ ішіп жүре берсін дейік. Бірақ одан оның үйінде ашпа-жалап отырған отбасына, балаларына қандай пайда бар? Егер отағасы жағалай көршілеріне көмектесіп, тек өз тамағын ғана тауып жүрер болса, оның бала-шағасын кім асырайды, олардың жағдайын кім ойлайды? Сондықтан сенің көршіңе ренжуің сәл артықтау. Ол үшін көршің кінәлі емес, адамдарды бір-бірімен саудаластырып қойған заман кінәлі. Қазақ қай заманда ақ сатып еді. Байқайсың ба, қазір қазақтар бұрын үйіне кіріп қана шыққан кез келген мейманға тегін бере салатын қымызын да, сүті мен май-қаймағын да сататын болды емес пе? Уақыт солай. Соның бәрі күнкөрістің қамы, дедім мен жолдасымды сабырға шақырып.
Осы сөздерді айтуын айтқаныммен өзім жолдасымның соның бәрін жете түсіне қойғанына ол кезде онша сенімді болған жоқпын. Одан бері де арада біршама жылдар өтті. Халықтың қалауымен санаспайтын нарық кеңестік дәуірдің «кеңшілігіне» дағдыланып қалған біздің аңқау қазақтарды да тәртіпке шақыра бастаған сияқты. Жоғарыда өзіміз айтып өткен оқиғаның өзі де оған дәлел бола алады.
Осылай дей отырсақ та, ағайындарымыздың жапа-тармағай жарыса той өткізіп, тұрмысқа онша қажеті жоқ қымбат дүние-мүліктерді бағасына да қарамастан сатып алып, аядай ғана пәтерлеріне қайта-қайта «еурожөндеу» жүргізіп, онсыз да көп емес ақшаларын оңды-солды шашып жатқандарын көргенде, осы біздің туыстар нарық заңын өз дәрежесінде түсіне алды ма екен деген күмәннің де қылтиып бас көтеріп қалатын кездері бар.
Жасыратыны жоқ, кеңестік кездің «кеңшілігі» біздің көбімізге «кемшілік» болып тиді. Жұрт «өкімет өлтірмейдіге» көшіп, ертеңі үшін алаңдауды қойды. Осындай жайбарақаттықтың салдарынан адамдар жаппай маскүнемдікке салынды. Осылайша қам-қарекетсіз жүрген елді тосыннан келген нарықтың әп дегенде есеңгіретіп тастағаны да сондықтан.
Осыдан бірнеше жыл бұрын бастары қосылып қалған екі-үш адамның арасында қазақтар капиталистік қоғамда да баяғыша табақ-табақ ет асып, ертелі-кеш қонақ шақыра берер ме екен деген мәселе төңірегінде аз-кем пікір-талас өрбігені бар. Сонда жаңағы үш адамның бірі біздің қазақ қандай нарық келсе де қонақжайлығын қоймайды, қонағын шақыра береді дегенде, арамызда отырған жасы үлкенірек үшінші адам кім біледі, шақырса шақыра беретін шығар, бірақ ондай жағдайда бір мәселенің бас ашық – егер қазақтар заман талабына сәйкес есепке көшпесе, еңбекпен тапқан азын-аулақ табысының қадірін бағалай білмесе, онда қазіргі сияқты болашақта да үнемі шаң қауып көш соңында жүре беретін болады деген еді. Қалай болғанда да, нарықтың біздің кемшілігімізге кеңшілік жасамайтыны анық.
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»