Қазақстандық газ инфрақұрылымы тағы бір инновациялық нысанмен толықты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе облысы «Бозой» жерасты газ сақтау қоймасындағы Газды құрғату қондырғысын іске қосты.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе облысындағы қайта жаңғыртылып жатқан «Бозой» жерасты газ сақтау қоймасында Газ құрғату қондырғысын пайдалануға енгізді. Еліміздің газ инфрақұрылымының жаңа нысанын «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Қазақстан Республикасы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде салды. Жаңа нысанды іске қосу Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Индустрияландыру күніне арналған дәстүрлі телекөпір кезінде тікелей эфир арқылы көрсетілді.
Газ қоймасында іске қосылған бірегей қондырғы табиғи газды «Бұқара-Орал» және «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырлары арқылы Ақтөбе облысының және еліміздің оңтүстік өңірлерінің тұтынушыларына ғана тасымалдап қоймай, сонымен қатар Ресей Федерациясына, Өзбекстан Республикасына және Қытай Халық Республикасына тауарлы газдың халықаралық транзитін қамтамасыз ететін болады.
Объектіні пайдалануға енгізу рәсімі өткен соң, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін еліміз үшін өте маңызды мәселе шешілді деп атап өтті және газ мамандарына атқарған жұмыстары үшін алғыс айтты.
– Өздеріңіз білесіздер, біз мұнай мен газды шығаратын мемлекет бола тұра, сол газға тәуелді болып келдік. Біресе Ресейден, біресе оңтүстіктен алдық. Қыста оңтүстігіміздегі қазақтардың бәрі тоңып-жаурап, қайдан газ аламыз деп, Үкімет болып, ел болып сұрап жүрдік. Енді, міне, қазір содан шығу үшін біз бұл мәселені шештік. Мына құбыр өте қажет. Елді газдандыру үшін ғана емес, экспортқа шығаратын газға ие болдық. Болашақта Қашағаннан, Қарашығанақтан, Теңізден шығатын газдың жалпы көлемі 70-80 миллиардқа жеткен кезде, газды экспорттаушы ел боламыз. Бұл – бір. Екіншіден, ол газды құрғақ түрінде бермей, өңдеп, сол газдан шығаратын өнімдерді көбейтуіміз қажет. Сондықтан сіздер ел үшін өте маңызды дүниені шештіңіздер. Еңбектеріңіз табысты болсын, – деді Елбасы.
Телекөпір барысында «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Мұхатай Шаңбатыров Елбасына қысқа мерзімде жүргізілген жұмыстар газ қоймасының тиімділігі мен қауіпсіздігін арттырғанын, сондай-ақ тәулігіне 27 миллион текше метрге дейін газ алу мен айдауды қамтамасыз еткенін баяндады. Бұл еліміздің оңтүстік өңірлерінің «көгілдір отын» сұранысын толықтай жабуға мүмкіндік береді және отандық газдың тұрақты экспортталуын қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ осы қондырғы көмегімен газ сапасы жақсарды және ол ең жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Осы таза газ магистральды газ құбырларын пайдалану мерзімін де айтарлықтай ұлғайтуға септігін тигізеді.
Мамандардың айтуынша, іске қосылған қондырғы көлемі жағынан ғана емес, өнімділігі жағынан да бірегей кешен болып табылады. Қазақстанда газ тасымалдау индустриясының мұндай инфрақұрылымдық нысандары бұрын-соңды салынған емес.
«Интергаз Орталық Азия» АҚ «Арал» желілік-өндірістік басқарма басшысы Жарылқасын Кенжебаевтың айтуынша, жаңа қондырғы газды тасымалдау мен сақтаудың технологиялық үдерісіне түбегейлі әсерін тигізеді. «Газды терең қабаттарда сақтаған кезде, ол газдың сапасына кері әсер етеді, – дейді Жарылқасын Кенжебаев. – Газ табиғи ортада сақталатындықтан, тереңдігі 350-400 метр болатын жерасты қабатында оған топырақ, ұсақ тастар сияқты бөгде қоспалар түседі. Ең бастысы, газға жерасты суларының булары әсер етіп, ол ылғалданады. Бұрын осының салдарынан компрессорлық стансаларда сүзгіштер бітеліп қалып, оларды жиі ауыстыру керек болатын, магистральды құбырларға да тұтылып, газ тасымалдау тоқтап қалатын. Бүгін іске қосылған газды құрғату қондырғысы газды бөтен қоспалардан тазартып қана қоймай, оны құрамындағы ылғалынан да ажыратады, бұл көгілдір отынның сапасын барынша жоғарылатады».
Бүгінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ инвестициялық жобасы аясында оның еншілес компаниясы «ҚазТрансГаз» АҚ «Бозой» жерасты газ сақтау қоймасында көлемді қайта құру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Газ сақтау қоймасын қайта жарақтандыру барысында оның технологиялық үдерісі осы заманауи газды құрғату қондырғысымен жарақтандырылды.
Тілеубек ЕРСАЙЫН