Бүгін Орал қаласында «Жомарт жүрек – 2017» атты меценаттар форумы өтуде. Форумға өнер мен білім, саясат пен экономика саласында жүрген оралдықтар шақырылған.
Форум аясында «Туған өлкем – тірегім» атты жастар форумы TEDTalks форматында өтті. Назарбаев интеллектуальді мектебінде өткен кездесуде ҚР Парламенті Сенаты депутаты Бірғаным Әйтімова, әлемге есімі таныс альпинист Мақсұт Жұмаев, танымал өнер қайраткері, «Әзіл әлемі» әзіл-сықақ театрының директоры Тұрсынбек Қабатов, «Қазақстан 2050» қозғалысының жетекшісі, кәсіпкер Мұxтар Манкеев спикер санатында сөз алды. Көпшілік жастар Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің әңгімесіне де ықыласпен құлақ түріп, қол соқты. Форумға саясаттанушы Саясат Нұрбек, «Азаматтық бастамалар зерттеу орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Нұрлан Өтешев арнайы шақырылған.
- Форумның мақсаты - туған өлкеге деген сүйіспеншілік арқылы Елбасының «Руxани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында белгіленген негізгі мақсаттарды жүзеге асыруға жаңа серпіліс беру, ғылым-білім, өнер, денсаулық сақтау, спорт және азаматтық бастамаларды күшейтуге ықпал жасау, - дейді шараны ұйымдастырушылар.
Меценаттар форумының екінші бөлігі «Руxани жаңғыру» бағдарласының 4 негізгі кіші бағдарламалары – «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Руxани қазына» және «Ақпарат толқыны» бойынша семинар-тренингтармен жалғасады.
Форум Орал қаласы мен барлық аудан әкімдіктері ұйымдастырған көрмемен қорытыланбақ. Бұл көрмеге «Туған жер» бағдарламасы аясында өздерінің туған жеріне демеушілік көрсеткен меценаттар жобасы қойылады. Салтанат сарайында өтетін форумда жомарт жүректі жандарға құрмет көрсетілмек.
«Туған жер» бағдарламасы аясында биыл Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлері туған жеріне 1 миллиард 600 миллион теңге көлемінде демеушілік танытқан екен. Осы қаржының 1 млрд. теңгеден астамы балабақшалар мен балдырғандар үшін ойын алаңқайларын, медициналық нысандар мен спорт кешендерін салуға жұмсалған.
- Мұндай әлеуметтік мән-маңызы зор нысандардың көптеп іске қосылуы ел-жұрттың ертеңгі күнге деген сенімін бекітіп, әрі қоғамдық ынтымақты да нығайта түседі, - дейді өңір басшысы Алтай Көлгінов.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»