1997 жылы желтоқсан айының 13-і күні Қазақстан Республикасы Парламенті тарихында ерекше оқиға орын алды. Елбасы Н.Назарбаев елорда төрінде Мәжіліс депутаты Әкім Ысқақ ұсынған «Халықтың көші-қоны туралы» заңға қол қойды. Сонымен қатар бұл заң Парламент тарихында алғаш рет мемлекеттік тілде дайындалған құжат ретінде тарихқа қатталды. Аталмыш оқиғаға міне, биыл 20 жыл толып отыр. Осы орайда біз «Халықтың көші-қоны туралы» заңның авторы, қоғам белсендісіне жолығып, арнайы әңгімелескен едік.
– Әкім Әбдіқайымұлы, сіздің Үкімет дайындаған заңға балама жоба ұсынуыңызға не себеп болды?
– 1997 жылы 23 қаңтар күні Үкімет дайындаған «Көші-қон туралы» заңның жобасы Парламентке келіп түсті. Ол кезде мен депутат едім. Осы заң жобасына жетекшілік ету маған жүктелді. Жобамен танысу барысында біршама қолайсыздықты байқадым. Яғни елімізге көшіп келушілерді мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру тетігін алып тастап, оны жергілікті бюджетке міндеттепті. Ол тұста жергілікті бюджетте мұндай мүмкіндік жоқ болатын. Заңның екінші бір көңілге қонбаған тұсы Қазақстаннан сыртқа қоныс аударушыларға арнайы мемлекет қазынасынан қаржылық көмек көрсету туралы бап енгізіліпті.
Қысқасы, Үкімет ұсынған жобаның республикадағы ішкі-сыртқы көші-қон саясатын ұйымдастыру мен нысаналы түрде қамтамасыз ету негіздерін құқықтық тұрғыда қанағаттандыра алмайтынын аңғардым. Заңның құқықтық сипаты мен жекеленген аргументтер арасында қайшылықтар жетерлік. Осыдан кейін балама заң жобасын жасау қажет екенін түсіндім де, Үкімет жобасына жетекшісі болудан бас тарттым. Менің жаңадан заң жобасын жасауыма түрткі болған дүние осы.
– Сол кезде, яғни 90-жылдардың аяғында еліміздегі сыртқы көші-қон процесінің жағдайы қандай еді?
– Бұған дейін елімізде құқықтық құжат ретінде басшылыққа алынып келген, нақтырақ айтқанда, 1992 жылы 26 маусымда қабылданған жеті тармақтан тұратын заңда Мемлекеттік көші-қон туралы ереже бар екен. Осы құжат негізінде Еңбек министрлігі жанынан Көші-қон департаменті құрылыпты. Қазіргі таңда көптеген мемлекеттік мекемелер бөлінген бюджетті игере алмай жатса, ол кезде көші-қон саласына бөлінген қаржы жетпей қиналып жатты. Мысалы, 1994 жылы Үкімет көші-қонға 10 миллион теңге жоспарлаған болса, оның бір миллионы ғана әзер шотқа түскен. 1995 жылы 23,5 миллион теңге жоспарланған екен, осының 10 миллионы ғана берілген. 1996 жылы аталмыш салаға 25 миллион теңге қаржы жоспарланған болса, соның 8 миллионы ғана қолға тиген. Осындай жағдайлардан кейін мыңдаған оралман баспанасыз босып кеткен, кейбіреулері тіпті келген еліне кері қайтуға мәжбүр болған.
Елбасы осынау қордаланған мәселені оңтайлы шешу жөнінен Үкіметке 1994 жылдың 14 желтоқсанында және 1995 жылдың 31 мамырында екі рет нақты тапсырма жүктесе де, көзге түсерлік жұмыс жасалмаған. Өйткені қаржы жоқ. Қысқасы, еліміздегі көші-қон саласы қатты тұралап тұрды.
– Сіз ұсынған заң жобасы үлкенді-кішілі 40-тан аса әртүрлі талқылаудардын өткен көрінеді. Әрі мемлекеттік тілде жазылған тұңғыш заң болғандықтан қиындық та болған шығар?
– 1997 жылдың 7 ақпаны күні Парламенттің 5-ші залында мен ұсынған жоба талқыланатын болды. Мен «заң жобасын мемлекеттік тілде жаздым және мемлекеттік тілде тақылауға ұсынамын» дедім. Бірақ сол күні талқылау болмай қалды. Себебі, жобаның орыс тіліндегі нұсқасы жоқ. Тек қазақ тілінде жазылған заңды талқылау бұған дейін Парламент тәжірибесінде болып көрмеген екен.
Осыдан кейін қолымдағы жобаны орыс тіліне аударту мәселесі туындады. Парламентте орыс тілінен қазақшаға аударатын адамдар бар да, ал қазақшадан орысшаға аударатын маман жоқ. Бірнеше белді мекемелерге хабарластым, бәрінде осындай жағдай. Туындаған мәселені қалай шешеміз дегенге тірелдік. Кезекті жалпы отырыста осы мәселе жөнінде дабыл қақтым. Төраға нақты тапсырма берді. Мәжілістің аппарат басшысы «Аудармашыны өзіңіз табыңыз, қаржысын біз төлейік», деді. Содан аудармашы іздедім, табылмады. Ақыры, Әділет министрлігінде істейтін бір таныс қызметкерге өтініш айтып, жобамды орысша аударттым. Іс мұнымен де бітпеді. Балама жоба екенін дәлелдейтін бірнеше ғылыми-зерттеу институттарынан, министрліктен қорытынды алуым қажет болды. Мен ұсынған құжатпен танысқан Ішкі істер және Сыртқы істер министрліктері қолдау танытты...
Жоба мемлекеттік тілде жазылғандықтан барлық талқылау қазақ тілінде өтті. Соның бәрінде ілеспе аударма қатар жұмыс істеді. Парламент тарихында қазақ тілінен орыс тіліне ілеспе аударманың жұмысы алғаш рет осылай қалыптасты деуге негіз бар. Сөйтіп 1997 жылдың 26 ақпаны күні Парламент Мәжілісі мен ұсынған жобаны барлық депутаттар талқысына ұсыну туралы қаулы қабылдады.
– Түсінікті. Сіз ұсынған жобаны өз әріптестеріңіз қалай қабылдады?
– Көпшілігі қолдады. Тіпті 35 депутат өз қолдарын қойып, басқа депутаттардың да қолдауын өтініп, үндеу тастады. Осылардың ішінде өзге ұлт өкілдері де болды. Мысалы, қарағандылық депутат В.Громов, павлодарлық А.Шварцкопф, жезқазғандық П.Колесов, көкшетаулық В.Калюжный және тағы басқалар бар.
– Барлық талқылауға екі заң жобасы қатар ұсынылып отырды емес пе, сізбен қатар Үкімет мүшелері де өз жобасын өткізуге тырысқан болар?
– Күн тәртібіне екі заң жобасы қатар ұсынылып, бірдей талқыланып отырды. Талқылаулардан кейін менің жобам үстемдік ала бастады. Қызық болғанда Үкімет атынан заң жобасын ұсынып отырған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты ғылыми-зерттеу институты да менің жобама оң баға берді.
Бұның бәрі қарсыластарға оңай болмады. Тіпті «Ойнасақ та біраз жерге бардық, атыңыз шықты, енді балама жобаңызды қайтып алыңыз» деген сияқты «сәлемдеме» ұсыныстар түсіп жатты...
– Сіз не дедіңіз?
– Мен айттым: «Мәселе менің атымды шығару да емес, мақұл, балама заң жобамды қайтып алайын. Тек мен ұсынған ұсыныстар Үкімет жобасында көрініс тапсын» дедім.
– Ол қандай ұсыныстар еді?
– Менің бағытым негізінен Елбасының көші-қон жөніндегі саясатын қолдау болатын. Ол – ұлттың мүддесі, мемлекет қауіпсіздігі, біртұтастығы, демографиялық ахуалы, тәуелсіздігімізді нығайту. Сондықтан да бірінші кезекте көші-қон жөнінде Президентке тікелей бағынатын уәкілеттік орган құру. Үкімет жобасындағы «отандастар» деген анықтаманы алып тастау. Өйткені анықтамада отандастар – Қазақстанда дүниеге келген барлық ұлттың өкілдері деп атап өткен де, оларға отандастар есебінен жағдай жасау көзделген. Сонымен қатар қандастарымыздың өз отанына көшіп келуіне мемлекеттен арнайы қаржы бөлу. Үкіметтік жобада біріктіріп жіберген репатриант пен босқындар ара жігін ашып, бөлек-бөлек мәртебе беру. Өйтпегенде Қазақстанға жан-жақтан ағылған түрлі ұлт өкілдеріне, яғни босқындарға жол ашылады деген сөз. Репатрианттарға қазақша атау беру...
– Бұл ұсынысыңызға келісті ме?
– Жоқ, келіспеді.
– Әншейінде пікір қайшылығына ұрынып, жік-жік болып жүретін зиялы қауым өкілдері сіздің жобаны бірауыздан қолдады. Бұл да көмек болған шығар?
– Мен ұсынған жоба Мәжілісте қаралмас бұрын «Егемен Қазақстан» газеті арқылы бүкілхалықтық талқылауға ұсынылды. Одан кейін 1997 жылдың 2 сәуірі күні Президент жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңесте қаралды. Оған Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбай жетекшілік етті. Өте қызу талқылау болғаны есімде. Кенес мүшелерінің барлығы дерлік мен ұсынған балама жобаны қолдап, Мәжіліске кеңес хаттамасын ұсынды. Әсіресе соңғы талқылауда заңгер-академик Салық Зиманов өте белсенділік танытты. Онымен қоймай Мәжіліс төрағасына өз атынан ресми хат жолдап, менің жобамның қабылдануын сұрады. Хатында: «Үкімет ұсынған заң шикі әрі құқықтық мәртебесі өте төмен, заман талабына сай емес» деп көрсеткен.
Сол талқылауда Герольд Бельгер ағамыз Үкімет ұсынған жобаны сынға алды. Сондағы айтқаны, бұл заң өмірден алынбаған, шешуші рөл атқара алмайды, заңның тал бойынан қазақ ұлтына қатысты жақсылықтарды көре алмай тұрмын, деді. Сонымен қатар академик Манаш Қозыбаев: «Депутат Әкім Ысқақтың балама заң жобасының мәртебесі биік екені сөзсіз...», деп мені қолдап Мәжіліс Төрағасына хат жолдады. Іле-шала жазушылар атынан Н.Оразалин, С.Оразалин, М.Мағауин, Қ.Жұмаділов, Ә.Тарази, Қ.Ысқақ, Қ.Тұрсынқұлов, Т.Медетбек бастаған бір топ азамат қол қойып, менің жобамды қуаттаған хаттары Мәжіліс пен Сенат төрағаларының атына келіп түсті. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің мүшелері К.Сағадиев, Н.Мамыров, А.Гаркавец, П.Сәбитова да мені қолдап үндеу тастады.
Бұдан мынадай қорытынды жасауға болады. Қазақ зиялылары қазақтардың байырғы Отанына оралуына мүдделі. Демек мемлекеттік тілдегі заң жобасы көкейлерінен шыққан. Сол себепті зиялы қауымның қолдауына ие болдым.
– Қысқасы, сіздің жоба басы бүтін заңға айналды. Сөйтіп «Халықтық көші-қон туралы» заң дүниеге келді. Соның бүгінгі нәтижесі қандай?
– Өзіңізге мәлім, мен ұсынған жобада жеке-дара Көші-қон агенттігін құру туралы мәселе бар еді ғой, сол мекеме Елбасының Жарлығымен Үкіметтің құрамына кірмейтін орталық атқарушы орган ретінде 1997 жылдың аяғында құрылды. Осы Жарлықта: «Агенттіктің міндеті – көші-қон процесін басқару және халық санының өсуі жөніндегі саясатты қамтамасыз ету болып табылады» делінген. Барлық облыстарда көші-қон жөнінде басқармалар құрылды. Бұлар күні бүгін республикалық бюджет есебінен қаржыландырылып отыр.
Екіншіден, квота мәселесі және оралман кім, босқын кім, көшіп келуші кім, көшіп кетуші кім, ішкі көші-қон дегеніміз не, осының бәрі заң жүзінде нақтыланды. 1997 жылдары көші-қонға республикалық бюджеттен 20-30 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініп келсе, қазір бұл меже 17-20 млрд теңгеге жеткен. Бүгінгі таңдағы мәліметке жүгінсек, атамекеніне бір миллионнан аса қазақ оралыпты. Бұл ресми квота бойынша есептелген адам саны. Ал демографтардың соңғы есептеуі бойынша бұл дерек одан да көп көрінеді.
Әңгімелескен
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»