Егер түрлі деңгейдегі атқарушы органдарда қызмет атқаратын жетекші тұлғалар өзіне тікелей тапсырылған міндеттерді салақсытып жіберсе немесе жауапкершілікті сезінбесе сөгіс алуы әбден мүмкін.
Қоғамдық өмірде сөгіс өзге де әрқилы жағдайларда жарияланады. Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі лауазымды тұлғаға дағдылы тәжірибеден тыс берілген ерекше бір сөгіс жөнінде жергілікті басылымдар арқылы ақпарат таратты.
Ақтөбе облысының кадрлық комиссиясының шешімі бойынша айырықша тәртіптік жаза Қарғалы ауданының әкімі Рахат Сыдықовқа берілген. Не үшін? Айдың, күннің аманында не бүлдіріп қойды екен? Атқарып жүрген қызметінде бір шикілік болғаны-ау шамасы. Жоқ, мұның бірі де емес, гәп басқада болып шықты. Ол Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың Қарғалы ауданына сапары кезінде үстірт әрекетке жол берген. Нақтырақ айтқанда, Р.Сыдықов облыс басшысының аталған ауданға қарасты Бадамша ауылы тұрғындарымен басқосуға тек жергілікті мемлекеттік қызметшілер мен шағын және орта бизнес өкілдерін ғана шақырған. Сөгісті сол үшін арқалапты.
Бұған не деуге болады? Әрине тек бір ғана Қарғалы ауданының әкімі тарапынан кездескен кемшілік десек, шындықтан алшақтау кетіп қалармыз. Өзге өңірлерде де осыған ұқсас көріністер кездесіп қалып жүргені жасырын емес. Мұндай сыңаржақ ұстаным жергілікті атқарушы органдар жетекшілерінің абыройына дақ түсіруі мүмкін екенін де жоққа шығара алмасақ керек. Екіншіден, лауазымды тұлға мен бетпе-бет пікір алысуға тек «штаттағы шешендер» мен мемлекеттік қызметшілердің шақырылуы ел-жұрттың арасында түрлі алып-қашпа пікірлер туғызуы да ғажап емес.
Әңгіменің ашығына келейікші. Республикадағы облыс әкімдері үлкен лауазымды тұлға емес пе? Облыс орталығынан шалғай орналасқан жергілікті елді мекендерде тұратын қарапайым халықтың өңір басшысының қабылдауына кіруіне мүмкіндігі бола бермейтіні белгілі. Олардың бәрін қабылдауға облыс әкімдерінің жұмыс кестесі сәйкес болмайтыны тағы да түсінікті. Сонда жергілікті тұрғындар көкейде жүрген ойлары мен тілектерін осындай кездесулерде айтпағанда қайда айтады?! Әйтсе де кейбір жағдайларда жұртшылық өкілдері оған шақырылмай қалады. Тұрғындар мен билік өкілдері арасында тікелей үнқатысулар болған жағдайда өзара түсіністік одан әрі тереңдей түспей ме? Қарғалы ауданы әкіміне өңірлік кадрлық комиссияның шешімімен сөгіс жарияланған кезде осындай ойлар келіп еді көкейге. Бұл жайттардан оның әріптестері тиісті сабақ алса игі.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ