• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Медицина 13 Желтоқсан, 2017

Отандық антибиотик вирусты жұқпаларға қарсы тиімділігін көрсетті

567 рет
көрсетілді

Микробиология және вирусология институты­ның ғалымдары жасап шығарған емдік қасиеті жоғары, ауқымы өте кең, зең ауруларына қарсы жаңа препарат «Розеофунгин-АС жақпамайы» Алматыда таныстырылды. Бұл препарат отандық фармакологияға қосылған үлкен үлес ретінде бағаланып отыр.

«Баршаға мәлім, адам организмінің түрлі органдары мен жүйелерінің зең саңырауқұлағымен зақымдануын микоз деп атайды. Қазіргі таңда микоз инфекцияларының деңгейі жылдан-жылға ұлғайып және оның 400-ден астам микроскопиялық түрі бар екендігі бұрыннан белгілі. Бүгінде әлемдегі халықтың шамамен бесінші бөлігі терінің осы микоз ауруынан зардап шегіп отыр. Бұл инфекциялардың қарқынды өсуінің себебі – патогенді саңырауқұлақтардың белсенділігінің артуына, емдеу барысында осы күнге дейін қолданылып келген шетелдік антибиотиктерге дағдылануына бай­ланысты. Сондай-ақ адам имму­ни­те­тінің инфекцияға қарсы тұра алмауы­ның салдарынан бұл аталған ауру­мен күресу оңайға соқпай отыр», дейді Микробиология және вирусоло­гия институтының бас директо­ры, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, «Құрмет» орденінің иегері, академик Амангелді Құрбанұлы. 

Бұл препараттың негізі Қазақ­ста­н­ның топырақтарынан бөлініп алын­ған микроорганизмдердің штамдары­нан жасалған антибиотик. Оның көп­те­ген тұмау, парамиксовирустар, ос­по­вакцина мен Раус саркомасы вирус­тарының көбеюін дер кезінде тежей алатын қабілетке ие екендігі, яғни вирустарға да емдік қасиеттерінің жоғары екендігі анықталды. 

Антибиотикті өнеркәсіптік деңгейде шығару үшін жергілікті штам­нан селекция жасау арқылы бел­сенділігі жоғары штамм-про­ду­цент­ті бөліп алдық. Бұл продуцентті өсіруді көбейту үшін көп қаржы талап етпейтін қолайлы қоректік орта құрамы және антибиотикті тазартудың қарапайым әрі ыңғайлы технологиясы таңдап алынды. Атап айтқанда, бұл антибиотикті үлкен көлемде өндіру үшін тиімділігі өте жоғары және де көп шығынды қажет етпейтін жаңа технология әзірленді. Нәтижесінде, препараттың жаңа отандық дәрілік үлгісі жасалынды, дейді мамандар. 

«Розеофунгин-АС» – Қазақстан Республикасындағы медициналық мақсатта қолданылатын алғашқы әрі әзірше жалғыз отандық таза антибиотик.  Осыған орай, Микробиология және вирусология институтының базасында адамның инфекциялық зең ауруларымен күресуі үшін келешекте тиімділігі жоғары жаңа дәрілік препараттардың басқа да түрлерін жасауға бағытталған жұмыстарды әрі қарай да жалғастыру жоспарланып отыр.

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ