Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2017 жылғы қаңтар-қараша аралығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 11 айдағы республикалық бюджеттің атқарылу қорытындысы, сондай-ақ «Табиғи монополиялар туралы» заң жобасы, тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың жай-күйі қаралды.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов осы жылдың қаңтар-қараша айларында инфляциялық үдерістердің тұрақтануы мен инвестициялық белсенділіктің жеделдеуі тұрғысынан, сондай-ақ барлық негізгі секторлардағы жағдайдың жақсаруы нәтижесінде экономика өсімі 3,9 пайызды құрағанын айтты.
Министр атап өткендей, негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 2016 жылмен салыстырғанда 2,8 есеге өсіп, 5,7 пайызды көрсетті. Жыл басынан бері жылдық инфляция деңгейі белгіленген дәлізде, яғни 6-8 пайыз болды және қарашаның қорытындысы бойынша 7,3 пайызды құрады. Алты негізгі саланың нақты секторында, сондай-ақ өнеркәсіп, көлік және байланыс саласында ең көп өсу байқалған. Кен өндірісінде мұнай мен табиғи газ өндірудің екі еселенген өсуіне байланысты 9,6 пайыз өсім белгіленген.
«Өңдеу өнеркәсібі өсімінің драйверлері фармацевтика өнімдері, жиһаз шығару, жеңіл және металлургия өнеркәсібі, мұнай өңдеу өнімдері, азық-түлік және сусындар, сондай-ақ машина жасау саласы болды. Ауыл шаруашылығында өсім осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы 1,9 пайыздан, 11 айдың қорытындысы бойынша 2,3 пайызға дейін өсті», деді министр. Т.Сүлейменовтің айтуынша, экономиканың нақты секторындағы іскерлік белсенділік, сабақтас салаларға сұраныс тудыра отырып, қызмет көрсету секторының өсуін ынталандырған. Биыл қаңтар-қараша айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 5,7 пайызға артып, 7,5 трлн теңгеге жеткен. Инвестициялардың негізгі өсімі ауыл шаруашылығына, саудаға, құрылыс пен өнеркәсіпке бағытталды. 10 айда импорттың өсуінен экспорттың өсуінің екі есе көп болуы нәтижесінде сауда теңгерімінің сальдосы 71,7 пайызға өскен. Сондай-ақ сауда теңгерімі өңделген өнімдерді экспорттауды арттыру есебінен де жақсарған. Тұтастай алғанда, елдің сыртқы сауда айналымы 25,6 пайызға артып, 62,1 млрд долларды құраған. Қорытынды көрсеткіштер жайында сонымен қатар Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев та қосымша баяндады.
Ал Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов өз кезегінде биылғы жылдың 11 айында бюджеттің барлық деңгейінде өсім қарқынының тұрақтылығы қамтамасыз етілгенін атап өтті. Министрліктің дерегіне сүйенсек, биыл қаңтар-қараша айларында кіріс бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 520 млрд теңгеге артығымен түскен. Мемлекеттік бюджетке түскен кіріс 6,3 трлн теңге көлемінде болды. Мемлекеттік бюджет бойынша асыра орындау сомасы 153 млрд теңгені құрады. Жалпы алғанда, мемлекеттік бюджеттің кірісі 102,5 пайызға, республикалық деңгейде 101,6 пайызға, жергілікті деңгейде 104,5 пайызға орындалды. Сонымен қатар республикалық бюджеттің шығындары 10 157,6 млрд теңге сомасында жұмсалған. Қаржы министрлігінің болжамдарына сәйкес, жыл қорытындысы бойынша республикалық бюджет шығындарының орындалуы 99,8 пайыз деңгейінде болады деп күтілуде.
«Біз биылғы қаржы жылын табысты аяқтап, 2018 жылға арналған бюджетті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып іске асыруға кірісеміз. 2018 жылға арналған бюджетке қажетті барлық құжаттар қабылданды. Енді орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар жаңа жылды табысты қаржыландыру үшін барлық ұйымдастырушылық шараларды қабылдауы керек», деді министр.
Бюджеттің орындалу барысы туралы Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қосымша баяндады, сонымен қатар Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек және Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев есеп берді.
Қорытындылай келе Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев барлық орталық және жергілікті атқарушы органдарға қалған уақытта Мемлекет басшысының экономиканың негізгі секторларында өсуді қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін орындауға бар күш-жігерлерін жұмсауды және биылғы жылдың соңына дейін бюджетті орындаудың барлық шараларын қабылдауды тапсырды.
Жиында одан әрі Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыруды жетілдіру туралы баяндады. Қ.Айтуғановтың айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі жүйені екі бағытта реформалауды ұсынады. Біріншісі – өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру жүйесін электронды форматқа көшіру. Екіншісі – өзара сақтандыру қоғамдары (ӨЗҚ) қызметін регламенттеу. ӨЗҚ үшін сақтандыру сыйлықақыларын азайту немесе оларды төлеуді тоқтату мүмкіндігін болдырмау.
Аталған мәселе бойынша жиында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев, «Атамекен» ҰКП төрағасы Абылай Мырзахметов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов түсініктеме берді. Үкімет отырысында қаралған тағы бір мәселе – тұтынушылардың құқықтарын қорғау жайы. Бұл ретте қабылданып жатқан шаралар туралы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов пен Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндады.
Мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында 19 мыңнан астам тұтынушылық өтініштер қаралған. Өтініштерге сәйкес 287 әкімшілік іс қозғалған.
«Келіп түскен өтініштерді талдау нәтижесі қазақстандық тұтынушылардың өз құқықтарын білмейтінін және қашан әрі кіммен байланысуға болатыны туралы ақпараттың жеткіліксіз екенін көрсетеді», деді Т.Сүлейменов.
Ұлттық экономика министрі, сондай-ақ электронды сауданың серпінді дамып келе жатқан салаларында тұтынушылардың құқықтарын қорғау төменгі деңгейде екенін де атап өтті.
Айтқандай, Ұлттық тұтынушылар лигасының ұсынысы бойынша Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылған. Ұлттық экономика министрлігі тұтынушылардың құқықтарын қорғау заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыру үшін уәкілетті органға құзырет беруді ұсынды. Ал Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өнімдерді қауіпсіздік талаптарымен қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар туралы хабарлады. Министрлік халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығына, гигиеналық нормативтер және техникалық регламенттер саласында нормативтік-құқықтық актілердің талаптарын бұзуды анықтауға және алдын алуға бағытталған бақылау жұмыстарын жүргізіп жатқанын атап өтті.
Мәселені қарауды қорытындылай келе Премьер-Министр Б.Сағынтаев Ұлттық экономика министрлігіне тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнаманың сақталуын бақылау тетігін қайта қарауды тапсырды. Үкімет басшысы тұтынушылардың құқықтары олардың жеткіліксіз ақпараттануы салдарынан бұзылатынын атап өтті. Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігіне адам өмірі мен денсаулығына қойылатын қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін өнімдер туралы халықтың хабардар болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Динара БІТІК, «Егемен Қазақстан»