Дамудың бірден-бір қозғаушы күші – білім. Бәсекелестік заманында дүниенің көшінен қалмау үшін білім беру жүйесін заманауи деңгейде жаңартып отыру өзекті. Сондықтан еліміздегі мектептердің жаңа технологиялық жүйеге біртіндеп өтуі – құптарлық іс. Осы орайда қарапайым мектеп мұғалімі ретінде өзімнің көкейге түйгендерімді ортаға салсам деймін. Дәстүрлі білім беруге үйреніп қалған біз, оқытушылар қауымы ә дегенде мұндай жаңашылдыққа тосырқай қарағанымыз шын. Кейбіреулер мұны «шетелдің дайын технологиясы ғой» деді. Шын мәнінде солай ма? Кейін үңілгенімізде, бұл Назарбаев зияткерлік мектептерінде тәжірибеден өтіп, кем-кетігі түзелген, әбден шыңдалған жүйе екеніне көзіміз жетті. Жаңа технологиялық оқытуға өту – келешекте ең қуатты мемлекеттер қатарынан көрінуіне жол ашатын бірден-бір жол.
Мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін тәмамдадым. Орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп келемін. «Биылдан бастап 5-сынып пен 7-сынып жаңа технологияға көшеді» деген қаулы шығысымен, жаңалыққа жаны құмар жас ретінде осы екі сыныптың оқу жүктемесін міндетіме алдым. Осы таңдау арқылы жаңа жүйеге алдымен ұстаздар қауымы өтуі керектігін ұқтым. Өйткені алдымнан мүлде басқа оқыту әдісі шықты.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәндеріне бірқатар жаңалық енгізілген екен. Бұрын қазақ тілі сабағында ереже жаттау, сөйлем талдау дейтін қасаң қағидалы оқулықтармен оқытатынбыз. Оқушы оған қызыға ма, күнделікті өмірде қолдана ма, ішкі уәжін қанағаттандыра ма, бұл жағы көбіне елеусіз қалатын. Ал жаңа оқулықта сол жасанды жаттау жойылған. Құрғақ жаттау білім болып жарытпайтыны бұрын да айтылатын. Енді міне, соның есесі қайтып, орны толыпты. Яғни қазіргі замандағы бүлдіршіндер қызығатын тақырыпты оқыта отырып, ережелерді аз-аздан солардың ішіне ендіріп жібергені көңілден шықты. Нәтижеде жаттауға ерінетін білім алушылар ережені қалай түсініп алғандарын өздері де байқамай қалады. Мәселен, «Киім, сән, талғам» бөлімі бойынша мынадай тапсырма беріледі. «Бұрынғы және қазіргі сәндік киімдер» дейтін қызықты мәтін ұсынылып, мұндағы көнерген сөздер мен жаңа сөздерді анықтау керек. Сәнді киімге қызығатын балалар бұл мәтінді құныға оқып, тапсырманы белсене орындайды.
Онымен қоса өзінің киімге деген көзқарасын майын тамызып айтып береді. Міне, бір жағынан ережені қолдана біледі, екінші жағынан өзіндік пікірін қалыптастырады. Ал қазақ әдебиеті сабағына келсек, бұрынғы оқулықта қаптаған ақын-жазушылар әр сыныпта қайталанып оқытыла беретін. Тіпті олардың он-жиырма беттік ұзынсонар шығармасы беріледі. Кітап оқымайтын, екі бетті оқуға ерінетін қазіргі заманның жас ұрпағы әлгі шығарманы көргеннен-ақ түңіледі. Ал қазіргі оқулықта шығармалар ықшамдалып, әр бөліміне жеке тақырып қойылған және бір сағаттан уақыт бөлінген. Демек, бөлімдегі кейіпкерлер мен көркемдік амалдарды табуға тапсырмалар беріліп, бүге-шігесіне дейін талдауға уақыт жеткілікті. Оның үстіне шығарма жайлы қызықты бейнекөрініс көріп, үнтаспаны тыңдап, пікір таластырып, сөз сөйлеуді, тіл байлығын жетілдіруді үйренеді. Сонымен қатар бөлім сайын жиынтық бағалауды қысқартса, оның басқа тәсілін тапса деген ұсыныс айтқым келеді. Себебі жиынтық бағалауды алу үшін әр балаға кемінде 3-4 беттік сынақ парағын шығару керек. Әр сыныптағы 30-40 оқушыға ондай қағаздарды шығару әжептәуір қаржыны талап етеді. Бұл әрине, оқытушының қалтасынан жұмсалады. Оның үстіне үй тапсырмасын тексеретін мұғалімге оны қарап шығу да салмақ.
Нәтижесінде онсыз да қағазбасты мұғалімге жығылғанға жұдырық болып, қалың қағаздың астында қалған жайы бар. Шынын айту керек, мен бір тоқсанда 20 мың теңгеден астам қаржыны осы жиынтық бағалауға жұмсадым. Бұл 5-сынып пен 7-сыныпқа кеткен қаржы. Алдағы күнде барлық сынып осыған өтер болса, қанша шығын жұмсаларын бағамдап көріңіз. Бұл онсыз да айлығы шайлығына жетпейтін, үйлі-баранды қарапайым ұстаз үшін едәуір шығын. Демек, осыны басқа формаға көшіретін амал таба білсе дұрыс болар еді. Тағы бір айтатын жайт, бес күндік оқуға көштік те, 40 минуттан 7-8 сағат оқитын болдық. Соның салдарынан түстен кейінгі ауысымда оқитын оқушылар кешкі жеті жарымға дейін оқиды. Яғни көзге түртсе көргісіз қараңғыда үйлеріне қайтады. Бұл жасөспірімдердің жол-көлік апатына ұшырауына, жаман адамдардың зиянкестік жасауына түрткі болмай ма деген алаңдаушылық тудырмай тұрмайды. Ата-анасы мен мұғалімдері алаңдайды.
Сайып келгенде жаңа технологиялық оқыту оқушылардың тың мүмкіндіктерін ашуға жағдай жасайды. Бұл жағына қазірдің өзінде көзіміз жетіп жатыр. Күн өткен сайын біз сияқты ұстаздардың азды-кем өтініші мен ұсыныс-тілектері ескеріліп, жан-жақты қаралып, әлеуметтік зерттеулер жүргізілсе, бұл технология жетілдіріле, кемелдене түседі деп сенеміз.
Омар ҚҰРМАШ, И.Халипов атындағы №1 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алматы облысы, Талғар қаласы