Агенттіктің хабарлауынша, Си Цзиньпин ресмилік үшін ресми болуды, өңірлік мекемелердегі бюрократияны, шалқып өмір сүруді, ысырапшылдықты айыптап, осындай өмірге ұмтылатын шенеуніктерді аямайтынын жеткізген.
Мәселен, кейбір шенеуніктер зерттеу және тексеру жұмыстарын атүсті жүргізеді. Партия мен мемлекеттік мекемелердің кейбір өкілдері және олардың жұмысшылары қоғамға пайдалы жұмыс істеп жүргендей көрінеді, алайда олардың әрекетінің игілігін халық көрмейді. Мемлекеттік қызметкерлердің арасында екіжүзділердің болуы да Қытай төрағасына ұнамаған көрінеді. Сондай-ақ Си Цзиньпин партия мен мемлекеттік мекемелердің кейбір өкілдері бір-біріне ұқсас жиындарды жиі өткізіп, онда шығарылған шешімді орындауға асықпағанын да сынаған.
Сондай-ақ «Аспанасты елінің» басшысы өңірлердегі мемлекеттік қызметкерлер мен лауазымды тұлғалардың кемшілігіне тоқталыпты. Си Цзиньпиннің айтуынша, өңірдегі мемлекеттік қызметкерлер бір-бірінің құжаттарын айна-қатесіз көшіріп алады. Тұрғындардың қажеттілігін назарға ілмей, лауазымды тұлғаға ұнау мақсатында жұмыс істейтіндер де табылады. Кейбірі жарнамаға көңіл бөліп, жұмыстың тиімділігін ескермейтін көрінеді. Білгенін жоғарыдан жасырып, жағдай қиындағанша қол қусырып отыратын өңірлердегі лауазымды тұлғалар да Қытай басшысының сын садағына ілінген. Бұдан бөлек, Си Цзиньпин өз қызметін дұрыс атқармай, тапсырылған міндетті қол астындағыларға беретіндер мен жоғарының бұйрығын күтіп отыратындарға шара қарастырылатынын жеткізген.
The Guardian: Израильдің әрекетін қолдамайды
The Guardian газеті Еуропа мемлекеттері Б.Нетаньяхудың ұсынысын қолдамағанын хабарлады. Басылымның сөзіне сүйенсек, одаққа мүше елдердің өкілдері бұл қадам Таяу Шығыстағы жағдайды шиеленістіріп, тұрақсыздыққа әкеліп соғатынын алға тартып отыр. Сондай-ақ ағылшын газеті АҚШ президенті Дональд Трамптың Иерусалимді Израильдің астанасы деп мәлімдеуі Палестина мен Израиль арасындағы шиеленісті одан әрі қиындатып жібергенін жазады.
Мәселен, Израильдің ең жақын әріптесі саналатын Чехия тарапы Еуропалық одақ Кеңесінің отырысынан кейін Д.Трамптың мәлімдемесі аймақтағы бейбітшілік әрекеттеріне кері әсерін тигізетінін жеткізген. Франция сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан Құдыс мәселесі Палестина мен Израиль тарапының ортақ келісімі нәтижесінде ғана шешілетінін айтқан-ды. Кеңес отырысынан кейін Б.Нетаньяхумен кездескен Франция президенті Эммануэль Макрон да Иерусалимді Израиль астанасы деп тану бейбітшілікке нұқсан келтіретінін және өз елінің оған қарсы екенін сөз етті.
Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі өкілі Федерика Могерини ұйымның шаһар жөніндегі халықаралық консенсусты қолдайтынын, палестиналықтар мен еврейлер қала мәртебесі жөнінде ортақ келісімге келмей, өз ұстанымын өзгертпейтінін мәлімдеген.
Иерусалимнің құқықтық мәртебесі мәселесіне байланысты таяуда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде кезектен тыс жиналыс өтті. Отырысқа Қазақстан делегациясы да қатысты. Кездесу барысында БҰҰ Бас хатшысының Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Николай Младенов баяндама жасады.
Қазақстанның БҰҰ-ның жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров еліміздің Таяу Шығыс дағдарысына қатысты ұстанымы анық және өзгеріссіз екендігін жеткізді. Қ.Омаровтың айтуынша, Қазақстан тараптар арасындағы келіссөздердің екіжақты пішімде алғышартсыз өткізілуін қолдайды. Сондай-ақ Қ.Омаров 1967 жылғы келісімге сай Палестина астанасы Шығыс Иерусалим екенін және Палестина мемлекетін құру құқығын толықтай қолдады.
BBC: Венесуэладағы жағдай тұрақсыз
BBC-дің мәліметіне сүйенсек, Н.Мадуро өткен жексенбідегі алдын ала дауыс беруге қатысқан партиялар ғана 2018 жылғы сайлауға қатысуға құқылы екенін сөз еткен. Арнаның хабарлауынша, Justice First, Popular Will және Democratic Action партиясы сайлау жүйесі әділетсіз екенін алға тартып, жексенбідегі дауыс беруге бойкот жариялаған екен. Алайда Н.Мадуро бұл пікірмен келіспейтінін жеткізіп, оппозициялық партиялар «саяси картадан жоғалып кетті» деп мәлімдеген.
Жоғарыда аталған партиялар алдын ала дауыс беруге бойкот жариялайтынын қазан айында хабарлаған. Олардың пікірінше, Венесуэладағы сайлау жүйесі Н.Мадуроны қолдауға ғана арналған. Жексенбідегі дауыс беруге электораттың 47 пайызы қатысып, соның көп бөлігі қазіргі президентті жақтап дауыс берді.
BBC-дің Латын Америкасындағы журналисі Кэти Ватцтың пікірінше, Н.Мадуроның сөзі арандатушылықпен тең. Тілші елдегі экономикалық дағдарыстың кесірінен президент халық алдындағы абыройынан айырыла бастағанын айтады. Сондықтан Н.Мадуро саясат сахнасындағы қарсыластарының көзін құртуды мақсат етіп отыр. Нәтижесінде, бірқатар оппозиция өкілдерін түрмеге тоғытқан. К.Ватц қазіргі таңда халықтың пікірі екіге жарылғанын айтады. Бірі – қазіргі президент Н.Мадуроны қолдаса, келесісі, оның тақтан тайғанын қалайды. Журналистің сөзіне сүйенсек, елдегі жағдай әлі де тұрақсыз.
Шолуды әзірлеген Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»