• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Хоккей 14 Желтоқсан, 2017

«Барыс»: 11 ойында 10 жеңіліс?!

639 рет
көрсетілді

Құрлықтық хоккей лигасында ел намысын қорғап жүрген елорданың «Барыс» клубы соңғы 11 ойынның онында жеңіліп, жанкүйерлерін жігерлі жеңісімен қуанта алмай жүр. 

 

Осыдан бір ай бұрын Евгений Корешков шәкірттері ҚХЛ-дің 10 күндік үзілісіне дейінгі соңғы ойынын Мәскеудің ЦСКА клубына қарсы өткізіп, 5:3 есебімен жеңіске жеткен еді. Бұл ойында «Барыс» тек жеңіске жетіп қана қоймай, маусым аралық үзіліске «Шығыс» конференциясында бірінші орынмен шыққан-ды. Үзілістен кейін елорда ұжымы не қырсық шалғаны белгісіз, соңғы ойындарда жеңілістен көз ашпай келеді. 

Дәл қазіргі уақытта «Барыс» командасы «Шығыс» конфе­рен­­циясында 60 ұпаймен сегізін­ші орында тұр. Ал тоғызын­шы сатыдағы «Амур» біздің клуб­тан үш ұпай артта. Деген­мен, Хабаровтың командасы «Ба­рыс­тан» екі ойын кем өткізгендігін ескерсек, отандастарымыз әлі де төменге сырғитыны анық. Егер «Барыс» үздік сегіздіктен түсіп қалатын болса, онда олар үшін маусым аяқталды дей беруге болатын шығар. 

11 ойында «Барыс» командасы өз қақпасына 42 шайба өткізіп алса, қарсыластарға 14 голмен жауап берген. Бұл аралықтағы төрт ойында Астана ұжымы шайба соғуды мүлдем ұмытып қалған сияқты. Ең өкініштісі, сырт алаңда СКА командасымен кездесу өткізіп, 9:1 есебімен оңбай ұтылды. Бұл «Барыстың» КХЛ тарихындағы екінші ең ірі жеңілісі еді. Бір жыл бұрын дәл осы СКА клубы «Барыс» қақпасына жауапсыз тоғыз шайба тоғытқанын жанкүйерлер әлі ұмыта қойған жоқ шығар.

Жоғарыда «Барыстың» же­ңі­ліске толы сериясы шағын үзілістен кейін басталғанын айтып қалдық қой. Сол аралықта Еуротурдың бірінші кезеңі өткен болатын. Бұл сынға «Барыс» сапынан тек Линден Вей ғана қатысқан. Қалған хоккейшілердің барлығы Астанада қалып, жат­тығу жұмыстарын жалғастырған-ды. Аралық үзіліс кезінде ұлт­тық құрама ойынына кеткен Вейдің жоқтығы «Барыстың» дайындығына кері әсерін тигізді де айта алмаймыз. Барлық мә­селе бір ойыншыға тірелетін болса, мау­сым басында капитансыз ойнаған «Барыстың» әлдеқашан салы суға кетуші еді. Жыл басында «Барыс» Доуссыз-ақ тәп-тәуір ойын көр­сеткені жанкүйерлердің есінде. 

Сондай-ақ, дәл қазіргі уақытта команда сапында жарақат алып, емделіп жатқан ешбір ойыншы жоқ. Үздік хоккейшілердің барлығы да мұзайдынға шығып жүр. Сонда да «Барыс» өз ойынын таба алмай әуре. Демек, жеңілістің себебі ішкі мәселеде болып тұр.

Мамандардың айтуынша, командадан Брэндон Боченски мен Дастин Бойд кеткен соң, «Барыстың» ойыны әлсіреп, шайба соғу азайған. Рас, «Барысқа» қазір Боченски мен Бойд секілді команданы алға сүйрейтін ойыншы жетіспейді. Лей мен Доус бар ғой деп уәж айтуыңыз мүмкін, бірақ төменгі екеуін жоғарыдағы екі ойыншымен салыстыруға мүлдем келмейді. Келесі маусымда «Барыс» команданы алға сүйрейтін хоккейші алмаса, биылғы күйді келесі жылы да кешетіні анық. Айтпақшы, гол соғудан бір-бірімен жарысып, алдарына жан салмай жүрген Лей мен Доус жұбы өткен 11 ойында алты-ақ шайба соққан. 

«Астана» президенттік клу­бы қамқоршылар кеңе­сі­нің экс-төрағасы, қазіргі Пар­ла­мент Сенатының депутаты Дар­хан Қалетаев еліміздің басы­лымдарының біріне берген бір сұхбатында «Президенттік клубтың 40 пайыз бюджеті «Ба­рыс» хоккей клубына бөлінеді. 30 пайызы «Астана» фут­бол клу­бына, 25 пайыз вело клубқа бө­лінген. Ал қалған бес па­йыз өзге командаларға үлестірі­леді», деген болатын. 

Жалпы, кез келген нәрсенің парқы салыстырғанда білінеді ғой. «Астана» Президенттік клу­бының бөлген қаржысын Қазақ­станның имиджін халықаралық аренада көтеріп, футболдан Еу­ропа лигасының плей-офф кезеңіне шыққан «Астана» футбол ақтап жүр ме, әлде он жылдан бері ҚХЛ-дің финалына шыға алмай, қаржыны ауаға шашып жүрген «Барыс» хоккей клубы ақтап жүр ме?

«Барыс» Құрлықтық хоккей лигасы аясындағы келесі кездесуін 18 желтоқсан күні Братиславада «Батыс» конференциясында соңғы орындардың бірінде келе жатқан жергілікті «Слован» командасымен сынға түседі. Бұдан бөлек, «Барыс» жыл соңына дейін тағы бес ойын өткізеді. Осы матчтарда жеңіске жете алмайтын болса, лиганың плей-офф кезеңінен тыс қалды дей беруге әбден болады. Былтырғы маусымда «Барыс» жартылай финалға дейін жеткен-ді.

Әли БИТӨРЕ, «Егемен Қазақстан»