Шымкенттен Түркістанға барар жолда немесе батыстан оңтүстікке келер бетте алыстан менмұндалап тұратын осынау төбенің ел тарихында алар орны ерекше. Жасыратыны жоқ, кеңестік дәуірде елеусіздеу қалған да болатын. Яғни Ордабасы Тәуелсіздік жылдары мән-маңызы айшықтала, айқындала, арта түскен, жадыда жаңғырған тарихи орын. Қазақ хандығы дәуiрiнде аса маңызды мемлекеттiк мәселелер халық өкiлдерiнiң жиындарында шешiлiп отырғаны мәлім.
Олардың бiзге жеткен ең жарқын үлгiлерiнiң бiрi – 1726 жылғы Ордабасы биiгiндегi қазақтың үш жүзiнiң өкiлдерiнiң бас қосуы. Бұл аса жоғары дәрежедегi өкiлдi жиын болған-тын. Жиында қазақтар бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарып, ынтымақ пен бiрлiктiң асқан үлгiсiн көрсетiп, бас сардарын сайлап алып, жоңғар басқыншыларынан жерiмiздi азат етудiң негiзi қаланғаны мәлім. Бұл бұған дейiн де бас қосып келген – Дала Парламентiнiң ерекше бiр көрiнiсi еді.
Иә, осы бір тарихи мәні зор Ордабасы жерінде 1993 жылы үш елдің – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан Президенттерімен бірге 150 мың адамнан құралған 20 елдің делегациясы қатысқан басқосу нағыз бірлікке үндеген маңызды, тарихи оқиға болды. Айта кетерлігі, алдағы жылы бұл датаға 25 жыл толады. Аталмыш жиында Елбасы Н.Назарбаев «Береке басы – бірлік» деген баяндама жасады. Баяндамада ел болуды көксеген ұлы арман-мақсат, мүдделер айтылды. Баспасөздер сол күндері жиында айтылған «Ордабасы – қазақ рухының қағбасы» деген Әбіш Кекілбаевтың, «Ордабасы – ел жүрегі, жер кіндігі» деп өз ойын тұжырымдаған Мархабат Байғұттың сөздерін жария етіп жатты. Ассамблея құру туралы идеясын да 1993 жылы Елбасы Ордабасыда айтты. Сол идеялар бүгінде жүзеге асырылып, өз нәтижесін беріп келеді. Сондай-ақ Ата заңымыздың 15 жылдық мерейтойында Мемлекет басшысы халқымыздың бас қосып, Дала Парламентін жасаған киелі орындарды да тілге тиек етіп, еңселі елдіктің іргесін бекіткен жерлерді ұмытпау қажеттігін айтты. «Конституция – біздің арайлы азаттығымыздың айнымас айғағы, жарқын болашағымыздың бұлжымас бағдары! Ол – елдігіміздің алтын арқауы, толағай табыстарымыздың бастау қайнары! Қастерлі тарихымызда түрлі ел билеу жосықтары болған. Аталы кесімге, әділ шешімге тоқтаған дана халқымыз түрлі жарғыға, низам мен ережеге бағынған. Ордабасы мен Ұлытауда, Мәртөбе мен Күлтөбеде келелі кеңес құрған. Заңды басшылыққа алып, орталыққа ұйысқан сайын берекелі халқымыздың бірлігі нығая түскен. Бұлар – сол тұстағы еңселі елдіктің ерекше белгілері еді», деді Елбасы Н. Назарбаев.
Еңселі елдіктің іргесін бекіткен жер бүгінде қайта жаңғырып, абаттана түспек. Жуырда облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Ордабасыға арнайы барып, тиісті сала жетекшілерімен жаңа жобаның нобайын талқылады. Ұсыныстарды тыңдап, өз ойын ортаға салды. «Ордабасы тауы – халық келіп рухани тынығатын, рух жинайтын, ойын тазартатын орын болуы керек. Салынуға тиісті ескерткіш те еңселі болуы қажет. Сонымен қатар ашық аспан астындағы амфитеатр болуы тиіс. Келуші туристерге де жағдай жасап, арнайы естелік сыйлықтар сататын дүкендердің ашылғаны жөн. Болашақта халықтың мұнда кең даланы тамашалап, таза ауамен тыныстап, демалып қайтқаны дұрыс болар еді. Халқымыздың жаратылысында кең дала ерекше маңызға ие екендігін білесіздер. Сондықтан да осындай далаға және биіктікке шыққанда жанымыз айрықша жігерленіп, руxтанып кетеді. Бұл ұлтымыздың ерекшелеу болмысын қайта түлету үшін қасиетті Ордабасы тауын осындай руx алатын орынға айналдырғанымыз абзал», деді Жансейіт Қансейітұлы. Сондай-ақ өңір басшысы 1 мың гектар аумақты алып жатқан қастерлі жердің кіреберісіне жол мен демалыс орындары, дәмханалар салынатынын атап өтті. Өткеннен мағлұмат беретін музей салу да жоспарда бар. Ел үшін маңызы зор тарихи сәттерді еске түсіретін архитектуралық мүсіндер орнатылмақшы. Яғни Ордабасы тауы өңірдегі ірі туристік әрі рухани орынға айналады. Бұл игі істердің барлығы Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған міндеттерді жүзеге асыру аясында атқарылатын болады.
Айта кетелік, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай өңірлік комиссия құрылып, «Қазақс- танның киелі жерлері», «Қазіргі заманғы Қазақстандық мәдениет жаһандық әлемде» іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Нәтижесінде өңірлік карта жобасы дайындалып, «Қасиетті Қазақстан» республикалық орталығына облысымыздан 104 нысан ұсынылды. Қазіргі таңда республика бойынша 100 нысан іріктелініп алынса, оның ішіне Оңтүстік Қазақстан облысынан 23 нысан еніп отыр. Қалған 81 тарихи-мәдени ескерткіштер жергілікті маңызы бар қасиетті, киелі жерлердің тізіміне енгізілген. Облыстық мәдениет басқармасының мәліметіне жүгінсек, Шымкент қаласындағы жергілікті маңызы бар Қаратөбе қалашығына археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін 31 млн 436 мың теңге, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу үшін 40 млн теңге, Оба патшалық қорымына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге 24 млн теңге, Қазығұрт тауын тарихи-мәдени орталыққа айналдыруға 1 млрд 513 млн теңге, Ордабасы тауына 1 млрд 200 млн теңге қаржы қарастыру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, алдағы жылы Сайрам ауданындағы «Ханқорған» қалашығына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге 31 млн, 436 мың теңге бөлінбек. Биылғы жылға Шымкенттегі ескі қала орнының аумағында археологиялық парк-музейі, ашық аспан астындағы музей құру үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындауға және археологиялық жұмыстар жүргізуге қалалық бюджеттен 100 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ биыл жергілікті бюджет есебінен 38 млн 500 мың теңгеге, – ал кәсіпкерлердің есебінен 219 млн 84 мың теңгеге облыстағы сәулет ескерткіштеріне жөндеу жұмыстары, абаттандыру, көгалдандыру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүргізілген.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан»