Құс салып, аң аулау көптеген халықтарда бар өнер. Еліміз де мұндай сауық құрудан кенде емес. Соның дәлелі өткен сенбіде Щучье-Бурабай курортты аймағының Текекөл деп аталатын көлінің жағасында өткен «Қансонар-2017» халықаралық турнирі. Аталған шара ел Тәуелсіздігі күніне және аты аңызға айналған осы өңірдің тумасы бүркітші Мәсіп Батырханұлын еске алуға арналды.
Құс салып, аң аулауға қызығушылық танытқандар Астана және Көкшетау қалаларынан арнайы автобустармен Текекөл жағасына жеткізілген соң, салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Оған көппен бірге Моңғолияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Лувсан Баттулга, Венгрияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісінің орынбасары Шандо Дороги, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мүсірәлімова және де Ұлттық спорт түрлері бойынша республикалық ассоциациясының өкілдері қатысты. Сондай-ақ айтулы халықаралық туринирге Қазақстанның әр өңірінің, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия және Венгрияның 50-ге тарта құсбегілері келіпті.
Реті келгенде бүркітші Мәсіп Батырханұлы туралы бірер сөз айта кеткен орынды шығар. Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында барлығы да қан майданға жөнелтіліп, халық аш-жалаңаш күй кешкені мәлім. Міне, осындай қиыншылық заманда айтулы бүркітші Зеренді ауданында құс пен аң аулап, балалар мен қарияларға таратып берген көрінеді. Өзі де біраз жасқа келгеніне қарамастан, аңшылықпен айналыса жүріп аң терісін Ресейге жөнелтіп, одан түскен қаржыға оқ дәрі сатып алып, майданға жөнелтіп отырған. Сондықтан да бір кездері өздерін аштықтан құтқарған, аты аңызға айналған аңшыға арнап ұрпақтары оның құрметіне жыл сайын осылайша құспен аң аулау сайысын өткізіп келеді.
Үш кезеңнен тұрған турнир барысында бүркітші мен құстың сыртқы келбеті, олардың көкте еркін қалықтауы және аң аулауы бойынша бағаланды. Құсбегілердің құстарды баптауы мен олардың көкте еркін құйғытуы, аң мен құсқа құйыла келіп бас салуы есте қаларлықтай әсер еткені көрініп тұрды. Табиғат аясында ғана болатын мұндай әсерлі көрініс көрермендердің көкейінде ұзақ сақталары сөзсіз. Осы тұрғыдан келгенде ұйымдастырушылар көрермендерге үлкен мереке сыйлады деп түйіндеуге болады. Оның үстіне аталған шараны барынша тартымды ету мақсатында Ақмола облысының әкімдігі «Қансонар-2017» халықаралық турнирі жеңімпазына жеңіл автокөлік тікті. Бұдан басқа, Ұлттық спорт түрлері бойынша республикалық қауымдастық тарапынан 2 миллион теңге сыйақы тағайындалғандығын айта кету керек. Тартысты өткен турнир барысында Ақмола облысы, Еңбекшілдер ауданының өкілі Қанат Шүленбаев жеңімпаз деп танылып, бас жүлде автокөлікке ие болды. Бұл орайда қатысушылар да, көрермендер де «Қансонар» турнирінің елімізде ғана емес, сонымен қатар шетелдерде де жалғасын табатынына сенім білдірді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы