• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
11 Қараша, 2011

Отандық өз вагонымыз бар

283 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді. «Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады. Төменде Солтүстік Қазақстан облысындағы «ЗИКСТО» зауытынан материалдар беріліп отыр.

ОТАНДЫҚ ӨЗ ВАГОНЫМЫЗ БАР

Қазақстан халқы биыл Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын кеңінен атап өтуде. Осы датаға орай Президентіміз Н.Назарбаев мерейтойымыздың басты ұранын белгілеп берді. Ол «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» деп аталып, жер-жерлерде кең ауқымды шаралар жүргізілді. Ел шежіресіндегі айтулы белеске «ЗИКСТО» АҚ-тың жұмысшы-қызметкерлері де толымды табыс­тар­мен келіп отыр. Кәсіпорын экономикасының одан әрі жаңғыртылуы, инвестициялық жобалардың қаржыландырылуы зор қарқынмен жүргізіліп, отан­дық өнімдермен ішкі сұранысты қамтамасыз етуге баса назар аударылды. Экспортқа бағдар­ланған өндірістерді дамыту бағытында нақты бәсекеге қабілетті өнімдер мен тауарлар шығару тәжірибесі қалыптасты. Қазір сөздің емес, істің уақыты. Жеделдетілген экономикалық жаңартуларға сүйенбейінше үдемелі инновациялық-индустрияландыру бағдарламасын сәт­ті жалғастыру мүмкін еместігіне Мемлекет бас­шысы биылғы Жолдауында көзімізді тағы ай­қын жет­кізді. Тың міндеттер, биік межелер ауыр өнер­кәсіп саласын ұлғайтуға қозғау салды. Ұжым­да 1500-ге жуық адам еңбек етеді. Кәсіпорынның тарихы өткен ғасырдан бастау алады. Оның іргетасы Мәскеу қаласында қаланған. 1941 жылы ел басына ауыр күн туған кезеңде одақтық зор маңызы бар зауыт тоғыз жолдың торабында орналасқан Петропавл қаласына көшірілген. Кеңес Одағы ыдырап, егемендік алғанға дейін Куйбышев атындағы машина жасау зауыты қорғаныс-өнер­кәсіптік кешеннің жетекші кәсіп­орындарының бірінен саналған. Өтпелі кезең зауыттың өндірісін қайта жаң­ғыр­тудың, материалдық-техникалық базасын жақ­сартудың алғышарттарын қалыптастырып, тәжірибе-сынақтардың сәтті қорытындысы іспеттес болды. Барлық үлгідегі жүк вагондарын жөндеу түрлері игеріліп болғаннан кейін осы заманғы құрал-жабдықтар қойылған темір жол доңғалақтары жұбын жөндеу цехы іске қосылды. Ал, 2007 жыл өз жаңалықтарын ала келді. Зауыттың толыққанды вагон құрылысы өндірісін нақты жолға қою жөніндегі қарымды қадамдары осы кезеңнен басталады. 2008 жылдың 16 желтоқсаны – Тәуелсіздік мерекесі күні ТМД және Балтық елдерінің темір жол көлігі кеңесінің вагон шаруашылығы мамандары­ның комиссиясы зауытқа жартылай вагондар шы­ғаруға рұқсат беру туралы шешім қабылдады. Осы күнді қазақстандық вагон жасаудың бастауы десек, әбден жарасады. Сөйтіп, екі жыл бойы ин­дус­триялық-инновациялық даму бағдарламасы аясын­да жұмыс істеп, индустрияландыру картасы бо­йынша екі жоба үлгілері әзірленді. Оның бірі ас­тық тасуға лайықталған жабық вагон-хоппер болса, екіншісі контейнер тасығыш арнайы платформа еді. Вагон­ның бұл түрлері ТМД және Балтық елдері темір жол әкімшілігінің ақпараттық есептеу орталы­ғы­ның тізіміне енгізілді. Ірі контейнерлер тасымал­дай­тын 13-9852 үлгідегі вагон-плат­форманың және астық тасуға арналған 19-9871 жабық вагон-хоппердің техникалық құжатта­ма­лары түзілді. Бұл жұмыстарға мемлекет тарапы­нан айрықша қолдау көрсетіліп, арнайы бағдар­ламалар шеңберінде ат­қарылды. Ауқымды жоба­ларды жүзеге асыру тасы­мал жұмыстарын контейнерлендіруге барынша ық­пал етіп, Прези­денттің индустриялық-иннова­ция­лық даму сая­саты­мен үндестік тапты. Алдағы міндеттер тіпті ауқымды. Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеуге көшіп, озық технологияларды кеңінен пайдаланады. Былтыр 4,5 миллиард теңгенің өнімдері шығарылса, биыл тапсырыстар қоржыны 8 миллиард теңгені құрап отыр. Экспортқа бағдарланған жаңа рынокқа ұмтылысымыз да жеміссіз емес. Бүгінде инновациялық өндірістің көш басынан көрініп келе жатқан кәсіпорын жүк вагондарының контейнерлер, астық, цемент таситын 4 түрін әзірлеп, Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында 1000-шы вагонды құрастыруды межелеп отыр. _______________________ Дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Өмір ЕСҚАЛИ.