• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
15 Желтоқсан, 2017

Елдіктің киесі

420 рет
көрсетілді

«Қазақ елі үшін ең басты құндылық не?» десе, мың-миллиондаған отандастарымыз: «Ол біздің алтыннан да ардақты, күмістен де салмақты Тәуелсіздігіміз!», деп жауап қатары шүбәсіз.

Ойлап қарасаңыз, шынында да, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған аңсарлы азаттыққа жет­кізген, үнемі шөміштен қаққан қыс­пақтан құтқарған, бір елі ауызға екі елі қақпақ қойған сенімсіздіктің темір құр­сауын бұзған, еңсені басқан рухани езгі­ні тойтарған, сөйтіп еркін тыныс ал­дыр­ған Тәуелсіздіктен қымбат не бар? 

Иә, тәу етеріміз де, әспеттеп ән етеріміз де, дүйім дүниеге мақтанышпен мерейлене танытып нар етеріміз Тәуелсіздік. Мәре-сәре болар мерекеміз де, ырыс-құтымыз бен молшылық-берекеміз де осы өлгенде көрген, өшкенді жандырған Тәуелсіздігімізге байланысты. 

Азаттығымыздың аңсарлы болға­ны, тәуелсіздік деген тәтті сөз екені терең тебіреніспен, толайым толға­ныспен әу бастан-ақ айтылып келеді. Абыздарымыз алғадай сыр толғады, ақындарымыз алдаспан жыр арнады. «Тәу» сөзімен түбірлес те туыстас Тәуелсіздік көптің көкейінде періш­тедей пәк, тұма бұлақтай таза. Алатаудай асқақ, Қаратаудай қатпар­лы ұғым. Халқымыздың нешеме ондаған ғасырлар бойы қордаланған қазыналы қасиеті мен бір Тәңірдің шапағаты арқылы дарыған киесі Тәуелсіздігіміздің күмбір көкірегінде тоғысты. Төрт мың жылдық тарихы бар деп тұспалданып жүрген елдігіміз бен ерлігіміздің, өрлігіміз бен бірлігіміздің ең өрелі көрінісі осынау айналайын Тәуелсіздігіміз болғандығына мың мәрте шүкірана айтайықшы, ағайын. 

Ендеше, Тәуелсіздік – елдің абыройы, ұлттық намысы. Осындай қым­баттан да қымбатымызға, қасиет-киемізге, ұлттық ар-ожданның нышанына иненің жасуындай, әйтпесе қылаудай кіршік түсіруге болмайтындығы әмбеге аян аксиомалық ақиқат. Бұл Тәуел­сіздік, әсіресе, мемлекет құраушы ұлт – қазақтың Ары мен Намысы. Ал ар мен намыс мәселесіне келгенде азамат ердің қылы да қисаймауы керектігі және белгілі. Тәуелсіздік бізге көп нәр­­се берді. Өлгенді тірілтті. Өшкенді жан­­­дырды. Алмақтың да салмағы бар. Су­дың да сұрауы бар. Демек, тәуелсіз­дік­­тің де Қазақстан деп аталатын елдің аза­­мат­тарына қояр өз талаптары же­тер­лік. Жай талаптар емес, зор талап­тар. Сонымен бірге қарапайым талаптар.

Ол талаптар әуелі адал жүріп, ақ тұр, ақиқатты сөйле дейді. Аспа, тас­па, мақтанға бой алдырма, даңқой-дара­қылыққа салынба, құлқынның құлы болма дейді. Елге, ұлтқа қалтқысыз, алғаусыз қызмет қылуға шақырады. Жақсы өнегеден көбірек үйренуге, жаман әдеттерден арылып жиренуге үндейді. Тәуелсіздіктің өзі киелі болғандықтан оған арамдық, залалдық, ұрлық-қарлық, өтірік пен өсек мүлдем жат. Тәуелсіз елдің, яғни Қазақстанның тұғыры, шығар тауы биік боларға керек. Ол үшін, ең қажеттісі Абай хакім айтпақшы, талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым, ыждағат, ынсап пен жігер, Ыбырай ұстаз айтпақшы, өнер мен білім, оқу мен тоқу болмағы ләзім. Міне, осылардан келіп, Елбасымыз жалықпай айтып жүрген, алмағайып әлемдегі отқа салса жанбас, суға салса батпас, қандай жағдайда да қын түбінде жатпас қайраулы қылыштай бәсекеге қабілеттілік қасиеті дариды. Көшбасындағылармен терезең сонда теңеседі. Азаттығымыздың аңсарлы талаптарының бірі һәм бірегейі де осы. 

Бұл замандағы прагматизм жалқау­лықты жақтырмайды, еріншек, бекер мал шашпақтың да ауылы алыс күре­сінде қалған. Сол жаман дағдылардан әлі күнге арыла алмай жатқан да, өкі­ніш­ке қарай, біз сияқтымыз. Сонымен бір­ге тілімізге, дінімізге, ежелден бері елі­міз­дің алтын арқаулы тіні болып келе жат­қан ділімізге деген самарқаулық та әлем­дік аламан бәйгеде атымызды оздыр­­масы, егемен мемлекетіміз дітте­ген отыз­д­ыққа кіргізбесі анық. Иә, дәс­­түрі­міздің озығын алып, тозығын тас­тап, заманға сай жаңғыруымыз керек. Іш­т­ен де, сырттан да түлеуді алға озған уа­қыт талап етуде.

Тәуелсіздігіміздің шарты осы. Олай болмаған күнде бар еңбек, бар құлшыныс заяға кетпек. Аң­сап көрген азаттығымыздың игілігін көре алмаймыз, жемісін тере алмаймыз. Қыс­­қасы, Тәуелсіздік тағдыры, әлемге әй­­гілі ерен ел болмағымыздың тізгіні де, шыл­­быры да, құлпының ашар кілті де өз қолымызда.

Иә, Тәуелсіздіктің қасиет-киесімен ойнауға болмайды. Олай етсең омақа­сып омыртқаңды сындырасың. Тәуелсіздік киесі атқаннан сақтасын дейік. Алаш арыстары аманаттаған асыл мұратқа адамдықтан жазбайық. Тәуелсіздік талаптарының үдесі осындай. Соған сай болайық, сол үдеден шығу жолында талан-талпынысымызды, қажыр-қайратымызды аянып қалмайық, ағайын. Азат ел азаматтарының әрқашан еңсесі биік, жүрегі таза, рухы қазақтың әні мен күйіндей асқақ болсын деп тілейміз. Баршамызды пәк періште Тәуелсіздік киесі қолдасын! 

Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»