Көпшілігіміз тәуелсіздік бізге Кеңес Одағы ыдыраған соң, оңайлықпен келе салды деп қателесеміз. Оған дейінгі экономикалық, моральдық күйзелістер, елдің көкейкесті тілегі біртіндеп осы күнге жетеледі. Ал Қазақстанның тәуелсіздікке қолы жетті дегенде анау-мынауға мойымас талай ел зиялыларының көзіне жас алып, қуанышын жасыра алмай жылағанын көрдік.
Осылайша 150 жылдық тәуелділіктен кейін қайтадан Тәуелсіздігімізге қол жеткіздік.
Еліміз егемендіктің бедерінде де барлық қиыншылықтар мен қыспақтардан өтті. Әлемдік қоғамдастық санасатын күнге жетті. Іргемізді бекітіп, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолында ірі-ірі ауқымды шараларға ұйытқы болдық. Жаһандық бітімгершілік істерге бастамашы болдық. Шындап келгенде тәуелсіздіктің бізге өте қымбатқа түскенін жастарға айта беруіміз керек. Құнын түсіндіре берген жөн. Азаттықтан артық байлық, одан асқан құндылық жоқ. Ата-бабалардан аманатқа қалған арманға біз осы ғасырда қолымыз жетті.
Халқымыздың келешегі мұнан да кемел болуы үшін ұл-қыздарымызды елжандылыққа баулу, елшіл етіп өсіру парызымыз. Қазақ халқы түркі халықтарының негізін құрайтын жүректі, дастарқаны кең, ниеті таза ұлт екенін ұғынып өскен ұрпағымыз бүкіл мақсатымызды алға апарады. Ғасырларға жалғайды. Бұл үшін білім мен ілім, заманына теңескен ақыл-ой иелері керек.
Еліміздің егемендігі мәңгілік, жастары елшіл, зиялыларымыз өршіл болсын!
Мұрат ЖҰРЫНОВ, Ұлттық Ғылым академиясының президенті, академик